Жаңалықтар

Биыл студенттердің шәкіртақысы өседі

Брифинг

Биыл қыркүйек айынан бастап жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алатын студенттердің шәкіртақысы көтеріледі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетов айтып берді.
Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі 4 жоғары оқу орнында 24 370 студент білім алып жатыр.
Оның ішінде мемлекеттік грантпен оқуға түскендердің саны — 7757.
— Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап студенттердің шәкіртақысы өсетінін айтты. Осылайша биыл студенттердің стипендиясы 5,2 мың теңгеге артады. Ал педагогика мен медицина бойынша оқитын жастар шәкіртақыны 8,4 мың теңгеге артық алады. Магистранттардың шәкіртақысы 18,7 мың теңгеге көбейсе, докторанттардың стипендиясына 22,5 мың теңге қосылады, — деді басқарма басшысы.
Мирхан Ермағанбетов облыстағы студенттерді жатақханамен қамту жұмыстарына да тоқталып өтті.
Оның айтуынша, Ақтөбе қаласындағы 4 жоғары оқу орнында жалпы саны 4869 орындық 11 жатақхана бар. Онда орналасқан студенттердің саны — 3394. Қазіргі таңда жоғары оқу орындары жатақханаларында 1475 орын бос тұр. Демек, облыста студенттерге арналған орын саны жеткілікті.
— Жыл сайын өңірімізде студенттік жатақханалардың тұрмыстық жағдайын бақылауда ұстау үшін мониторингтік жұмыс тобы құрылып, тексеріс жүргізеді. Былтыр аталған жұмыс тобы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің жатақханаларында болды. Нәтижесінде жатақханалардағы кемшіліктер жойылып, ғимараттар қажетті материалдық-техникалық базамен қамтылды. Бүгінде облысымызда студенттік омбудсмен жұмыс жасап жатыр. Егер жатақханаларға қатысты мәселелер туындаған жағдайда студенттік омбудсменге хабарласып, ұсыныс-тілектеріңізді айтуға болады, — деді М.Ермағанбетов.
Айта кету керек, Ақтөбе облысы бойынша студенттік омбудсмен Темірлан Алдажаровқа мына телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады: 8 705 378 90 32.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button