Күдікті қамауға алынды
Қылмыстық оқиға 13 қаңтарда кешкілік Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі жеке үйлердің бірінде болды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіповтің мәлімдеуінше, 13 қаңтарда сағат 20:00 шамасында Жедел басқару орталығына Ақтөбе қаласындағы жеке тұрғын үйден кепілге алу туралы хабарлама түскен.
— Жедел-тергеу тобы мен арнайы бөлімшелер оқиға орнына дереу жетті. Жедел қызметтер келген бойда, күдіктімен бұрын таныс болған бір әйелдің кепілге алынғаны белгілі болды. Бұл ретте күдікті қандай да бір талаптар қойған жоқ. Үш сағаттық келіссөздерден кейін және күдікті кепілге алынған адамды босату туралы талаптарды орындаудан бас тартқаннан соң, шабуыл жасау туралы шешім қабылданды. Арнайы операция кезінде күдікті ұсталып, кепілге алынған әйел босатылды. Оқиға болған жерді зерделеу барысында жертөледе пышақ жарақаттарымен егде жастағы ата-анасы табылды. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің бірі тасымалдау кезінде, ал екіншісі ауруханада көз жұмды. Үшінші жәбірленушіге дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмек көрсетуде, — деді департамент бастығы.
Полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі таңда бұл жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. «Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кінәлі адам заңның барлық қатаңдығымен жазаланатын болады», — деді Абай Жүсіпов.
Арайлым НҰРБАЕВА.