Тарих

Алашқа аты мәлім Алмат сардар

Мәдени мұра

ХАЛҚЫНЫҢ ПЕЙІЛІ МЕН НИЕТІНЕ ЖАРАЛҒАН, ӨЗІ ӨМІР СҮРГЕН ҚОҒАМНЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ МЕН АУЫРТПАЛЫҒЫН КӘТЕПТІ ҚАРА НАРДАЙ КӨТЕРГЕН, ЕЛІНІҢ ЫСТЫҒЫНА КҮЙІП, СУЫҒЫНА ТОҢА БІЛГЕН ДАРА ТҰЛҒАЛАР ҚАЙ ЗАМАНДА ДА БОЛҒАН, БОЛА ДА БЕРМЕК. ОНДАЙ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ДАҢҚЫ УАҚЫТ ОЗҒАН САЙЫН АСҚАҚТАП, ЕСІМДЕРІ ЖАРҚЫРАЙ ТҮСЕТІНІ БАР. ӨЙТКЕНІ ОЛАРДЫҢ АРТЫНА ҚАЛДЫРҒАН ІЗІ КӨРНЕКІ ДЕ АЙҚЫН, МҰРАСЫ ҚҰНАРЛЫ ДА МАҢЫЗДЫ, ЕҢБЕГІ ҚҰНДЫ ДА САЛМАҚТЫ. ХІХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛІП, СОЛ ҒАСЫРДЫҢ СОҢҒЫ ОН ЖЫЛДЫҒЫНДА ӨМІРДЕН ӨТКЕН АЛМАТ ТОБАБЕРГЕНҰЛЫ БАСЫНДАҒЫ БИЛІГІ МЕН БЕДЕЛІН ЕЛІНІҢ ИГІЛІГІНЕ, ЖҰРТЫНЫҢ ТҰРМЫС-ТІРШІЛІГІНЕ АРНАҒАН ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ АЙТУЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫНЫҢ БІРІ ЕДІ.

«Аржағы да атақты ер…»

Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды қатты қалжыратып жіберсе, жоңғарлармен қайта-қайта тұтанған қанқасап шайқастар қазақтың жаужүрек ерлерін тарих төріне шығарды.

Сондай батырлардың бірі — Киікбай Әлібекұлы болыпты. Ғалым ұсынған деректерге жүгінейік: қазақ халқының бес ғасырлық тарихын жазған ғалым-зерттеуші Ә.Хасенов сол кезеңнің аға батырлары ретінде адай Назар, Шотан, Есенқұл, Сабытай, тілеу Орыс, шөмекей Киікбай, сыбан Жанай, балталы Оразымбет, бағаналы Баянбай, табын Бөкенбай, сіргелі Елшібек, ақкете Алтайларды атаған («Үш ғасыр иінінде», «Қазақ әдебиеті» газеті, 07.02.1992 ж.).

Әбілқайыр хан тұсында өмір сүрген Киікбай батыр 1717-1718 жылдары туып, 1795-1796 жылдар шамасында дүние салған. Қазақ жеріне, әсіресе Кіші жүз аймағына қалмақтармен қатар, Хиуа, Қоқан хандықтары көз сүзіп, елді әлсін-әлсін дүрбелеңге түсірген шақта қол бастап, жаудың бетін қайтарған батыр, сол ұрыстарда бірнеше рет ауыр жараланған.

Әйгілі балқы Базар жырау немересі Алматқа:

Жылқысы аулыңыздың ала-құла,

Өсірдің балаларыңды етіп бұла,

Атаңыз Киікбайға оқ тигенде,

Өзі аттан түсіріп ед анаң Қына,— десе, қаратамыр Тұрымбет Салқынбайұлы жырау Киікбайдың шөберелері Самұрат пен Төремұраттың үйіндегі той үстінде:

Қазақтың ханы жиып көп халықты,

Ар көріп «Алаш» ұран аттаныпты.

Қалмақтың қамалына тиеміз деп,

Жиылып талапкерлер топталыпты.

Абырой Алла беріп Киікбайға,

Дұшпаннан сол сапарда бақты алыпты, — деп мақтан етеді.

Ұлағаты мол жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында Киікбай Әбілқайыр ханның сенімді батырларының бірі, оған қолдау көрсеткен ықпалды тұлға ретінде суреттеледі. Киікбайдың ұлы Тобаберген де (1766-1840 жж.) өз аймағының беделді, ел сөзін ұстаған азаматтарының бірі болған дейді шежіре тарих. Ол Ресейдің «Гүберлі» деген жерінде (қазіргі Орск қаласының маңы) жаугершілік шайқаста 76 жасында қаза тапқан, сүйегін бір жыл аманатқа қойып, келесі жылы Ырғыздан 25 шақырым жердегі Майтөбеге әкеліп жерлейді. Сыр сүлейі Тұрмағанбет Ізтілеуовтің:

Ауазасы Алматтың,

Жайылған жұртқа теп-тегіс,

Күркіреген күндей ед,

Дер дейсің оны кім кеміс?

Аржағы да атақты ер,

Алашқа болып астана

Жегізген жұртқа май, жеміс, — деген жыр жолдары сол замандағы осы әулеттің абырой-беделінің биік болғандығын көрсетеді. Алмат сардар Тобаберген арыстың ұлы, Киікбай батырдың немересі, яғни «аржағы да атақты» болған әулеттің перзенті еді.

Аудармашы. Жолбасшы. Дипломат

Алмат Тобабергенұлы 1804 жылы қазіргі Ырғыз ауданы аумағында дүниеге келген. Елі — Кіші жүздегі Шөмекейдің Бозғылы. Жас кезінен Ресей мен Орта Азия қалалары арасында кіреші болып, сауда ісімен айналысады. 1830 жылы Тобаберген ауылында Кіші жүздің орта бөлігінің аға сұлтаны Жүсіп Нұралыұлы бірнеше күн болғанда Алматтың іскерлігін, алғырлығын байқап, Орынбор шекара комиссиясына оны дипломатиялық қызметке пайдалануға болатыны туралы кепілдік берген. Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Ф.Г.Генс мұны құптап, Алматты Орынборға арнайы шақырып, сондағы казак әскери құрамының Бас штабында төрт ай тәжірибеден өткізген. Орысша тіл үйреніп, саяси іске машықтанған Алматқа патша үкіметі тарапынан жауапты тапсырмалар жүктеле бастайды.

Сөйтіп, тілмаш, жолбасшы, дипломат ретінде 1830 жылдың өзінде орыс өкілдігінің құрамында Хиуа хандығына, 1833 жылы Демезон экспедициясында бас жетекші болып белгіленіп, Орск қаласынан Бұхара хандығына сапарлайды. Бұл турасында экспедиция жетекшісі П.И.Демезон «Керуен басшысы бұхаралық Нияз Мұхамед, жол бастаушы ұлты қазақ Алмат болды» деп жазған. Сол сапарларында орыс елшілігінің атынан келіссөздер жүргізген. Бұл экспедицияның патша үкіметі үшін мәні зор болған, сол сапардағы жолбасшылық және елшілік қызметі үшін Алмат І Николай патшаның жарлығымен Анна лентасына бекітілген күміс медальмен және қылышпен марапатталса, 1846 жылы екінші рет Станислав лентасының алтын медалімен және алтын қапты қылышпен құрметтеледі. Оған патша үкіметінің «Құрметті азамат» атағы беріледі.

Жалпы, 1834-1846 жылдар аралығында Алмат Тобабергенұлы дипломатиялық миссиямен Қоқан, Хиуа, Бұхара хандықтарына бірнеше рет барады, бұл сапарлар екі-үш айлық, кейде жарты жылға созылған екен. Оның осы кезеңдердегі қызметі туралы тарихшы-профессор Зәкіраддин Байдосов «…оның басты мақсаты сауда емес, дипломатиялық-барлаушылық жұмыстарын жүргізу арқылы Орта Азия хандықтарының ішкі сырын білу еді. Оны жалпы жұрт, тіпті тума-туыстары да, ол кездерде де білмеген, қазір де білмейді. Бұл орыс Сыртқы Істер Министрлігі, Орынбор генерал-губернаторының құпиясы болатын. Осы 12 жыл Алмат өмірінің ең шұрайлы белесі болды. Ол көпті көрді, көп естіп, көп түйіндеді. Ең бастысы Алмат дипломатиялық саяси іске машықтанды. Оның ірілігінің шыңдала жетілуі осы кезең еді» деп бастысы оның патша үкіметінің саясатын жүргізгендігінде емес, тұлға ретінде қалыптасуында екенін көрсетеді.

1845 жылдың 10 қарашасында Алмат Тобабергенұлы патша үкіметінің тапсырмасымен кезекті сапарға шыққан. Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде сақталған құжатта: «Секретным приказанием Председателя Оренбургской Пограничной Комиссии от 10 ноября 1945 года за №784 поручено отправлении с киргизом  Алматом Тобабергеновым в Бухару, группу. Собрать с самих верных источников сведения о положении 60 человек русских пленников в Бухаре и ряд других сведении. По инструкцию о политических делах, касающихся Русского правительства» деп міндеттелуі бұл сапардың аса күрделі де қауіпті болғандығын аңғартады. Еларалық саяси қарым-қатынастан біраз тәжірибесі бар Алмат қасына ерген қазақ, татар, башқұрт серіктерінің бірін бақсы, бірін қайыршы етіп, өзі басына сәлде орап, қолына Құран ұстап молда рөліне кіріп, базарда бірнеше күн әңгіме-хабар тыңдап, мәлімет жинайды. Сол мәліметтер нәтижесінде елдер арасында түсіністік ахуал орнап, 60 тұтқын бұғаудан босатылады.

Алмат өмірден өткеннен кейін арада көп жыл өткенде — 1905 жылы баласы Самұрат Орынбордағы Құрылтайға  қатысқан, сонда оған В.Бочарев деген орыс амандасып, әкесін құлдықтан құтқарған адамның баласы екенін біліп, алғыс айтыпты. Бұл — жақсылық ешқашан ұмытылмайтынының бір мысалы.

Өзінің қабілет-қарымы мен көп жылғы тәжірибесін халқының игілікті тұрмысына жұмсайтын мезгіл туғанын сезінген Алмат 1846 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Обручевтің қабылдауында болып, өзін дипломатиялық міндеттерден босатуын сұрайды. Сөйтіп, сол жылы наурыз айында түтін салығын жинау тобының жетекшісі болып, ал бес жылдан соң Орынбор генерал-губернаторының бұйрығымен Орынбор облысы 54-ші дистанциясының бастығы болып тағайындалған, сонымен бірге зауряд-офицер (қазақтар сардар деп атаған) шені берілген. (Дистанция қазіргі үлкен бір, орташа бір-екі ауданның аумағы).

Он жылдан кейін, 1860-1868 жылдары 31-ші дистанция бастығы болып қызмет атқарып, 1869 жылы қазақ даласына болыстық басқару құрылымы енгізілгенде Ырғыз уезіндегі ең үлкен Қожакөл болыстығының алғашқы басқарушысы болып Алмат Тобабергенұлы сайланады.

Көшпелі тірліктен — отырықшы тұрмысқа

Алматтың дистанция бастығы ретінде қолға алған ең басты да бірінші шаруасы — мал соңында көшіп-қонып жүрген халықты отырықшылыққа бейімдеу болды. Бұндай шешім оған бозбала жігіт шағында Орта Азия елдерімен қоса, Ресейдің Орынбор, Орск, Уфа қалаларында бірнеше рет болып, қала тұрмысының ерекшеліктерін көріп, бойына сіңірген кезде-ақ келген болу керек. Өйткені, елінің үлкен-кішілеріне «Орыс халқының үйлерінің сәні мен салтанатын көргенде өз аулымның іргесінен жел үріп, төбесінен тамшы ағатын үйлерін есіме алып, көңілім орта түседі» дейді екен. Жаңа лауазым сол орта көңілінің орнын толтыруға мүмкіндік берді. Сөйтіп, Ырғыздың қалың қопалы, мол сулы жерлерінен Төремұрат деген баласына 12 бөлмелі, Әбдіразақ деген немересіне 6 бөлмелі төбесі қаңылтырмен шатырланған қалалық үлгідегі үйлер салдырған.

Қазіргі Әйтеке би ауданының Аққұм деген жерінен баласы Самұратқа арнап, қабырғалары қарағайдан қиыстырылған 12 бөлмелі зәулім үй тұрғызады. Бұл үй туралы Сейілхан Оразымбетов ағамыз былай деп жазған еді: «…Аққұмның сұлу табиғатына Самұрат үйінің (басқа да қосалқы құрылыстарымен) архитектурасы үйлестіріліп салынғанға ұқсайды. Қабырғасы еңселі, төбесі қаңылтырланған, суағары өрнектеліп өрілген жылан ауыз түтікшелі, терезелері ашпалы, көк шыныдан тұтқасы бар емен есікті бұл үйдің сыртын төңіректің көктемгі реңіне түстес жасыл көк бояумен қанықтыра боятса керек. Әсіресе жаздың сағымды күндерінде қозыкөш жерден ашық теңіздегі кемедей мұнарлана қалқып көрінетін, бұлтты  түндерде биік қабақтың суға түскен көлеңкесіндей көзге ілігетін осы бір көрінісі бөлек көк үй жайлы көзі көргендер елжірей айтып, көрмегендері сол айтқанды елти тыңдайды. Сонан болар, асылды жасықтан айыра білген ел аузының әңгімелері небір көркем де сұлу құрылыстарды күні бүгінге дейін Самұраттың осы көк үйіне теңеп айтуды үрдіс еткен».

Орыс қалаларының үйлерімен бәсекелес бола алатын көрікті де еңселі үйлер төрт түлік мал өрген сайын далаға енген жақсы жаңалық қана емес, соны салдырған Алмат сынды тұлғаның озық тұрмысты ойлаған көрегендігі десек жарасар.

Торғай облыстық басқарманың егіс салатын жер жөніндегі хатына суармасыз егін шықпайтынын, ал өзен-көлдерге су түспей қалған жылдары бүкіл еңбек зая кететінін, демек, бұл тиімсіз екенін көрсетіп жауап беруі бар тіршілігі төрт малға байланысты елінің қамын ойлаудан туған ұстаным деуге болады.

Ұлттық салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа негіздеп, елдің, ауылдың ішкі тұрмысы мен тәртібіне енгізген жүйелі өзгерістері де өзге өңірлерге өнегелі жаңалық болып тараған. Жаз жайлау, күз күздеуге қоныстанғанда киіз үйлер Алмат белгілеген тәртіп бойынша тігілетін болған. Қонақ жайлайтын екі үй мен ас үй ауыл үйлерінен 2-3 шақырым қашықта тігілген, бұл да қонақтарға көрсетілетін құрмет белгісі болса керек. Қонақтардың ат-көлігі байланатын керме де ауылдан алшақ орнатылған. Келген қонақтар алдымен қонақүйге түсіп, ауқаттанып алып, сосын ғана сардарға амандасуға оның 12 қанат ақ үйіне барған. Мал ауыл ішіне кіргізілмей, үйлер арасына жұрт жаяу қатынасқан. Сондай-ақ адамдар арасында бір-бірін құрметтеу, сыйлау мәдениетін орнықтырып, оны бұзғандар жаза тартқан. Сондай жазалардың бірі — ер адам үшін бір жыл бойы сардардың шаңырағына кіріп сәлем беруге, әйелдер үшін бір жыл бойы ойын-тойларға баруға тыйым салынған.

Алмат ауылында бала оқытып, еліне оралған бір мұғалімнен елі: «Алмат ауылының нешетүрлі дақпыртын естиміз, шынында қандай ауыл?» — деп сұрайды ғой. Сонда әлгі мұғалім: «Алмат ауылы да кәдімгі ауыл ғой, бірақ иттеріне дейін ерсі үрмейді», — депті.

Сардар ауылының мәдениеті туралы бүгінге жеткен көп әңгіменің бірі бұл…

«Бекзада болып өсті ұлдары да…»

Алматтан қыздарын айтпағанда, одан Самұрат, Төремұрат, Махан, Қосмұрат, Пірмахан есімді бес ұл туады. Кіші екі ұлы жастай қайтыс болған.

Үлкені Самұрат (1845-1922 жж.) әкенің ел басқару ісін жас кезінен жалғастырған, 1861 жылдан патша үкіметінің қызметінде болып, кейін №54, 31 дистанциялардың бастығы, Ырғыз уезіндегі Қожакөл, Кенжеқара болыстықтарының басқарушысы, Ырғыз уезі бастығының көмекшісі, уезд биі болып қырық жылдан астам қызмет атқарады. Өз қаржысына орысша, мұсылмандық мектептер, мешіт салдырған.

1905 жылы Орынборда өткен қазақ құрылтайына қатысып, сөз сөйлеген. 1913 жылы Петербургтегі Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толу салтанатына Орынбор губерниясы делегациясының құрамында қатысады. Адал қызметі үшін патшадан дворян атағымен, зерленген қалпақ пен алтын медальмен, әр жылдары Станислав, Анна ленталарымен, күміс медальмен, басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталған. Құрманалы ақынның:

Алматтан туған белгілі,

Мынау жүрген Самұрат.

Әлім-Шөмен ішінде,

Бәйгеден келген тарлан ат, — деп жырға қосуы оның өз заманының қайраткер тұлғасы болғанын айғақтаса керек.

Төремұрат (1848-1933 жж.) Қожакөл болысының кандидаты, Ырғыз уезі бастығының кіші көмекшісі, Кенжеқара болысының басқарушысы қызметтерін атқарған. Әкесі сияқты ол да «Құрметті азамат» атағына ие болады. Самұрат та, Төремұрат та Меккеге барып, қажылық парыздарын өтеген. Елі Самұратты «Үлкен қажы», Төремұратты «Кіші қажы» деп атайды екен.

Махан (1865-1933 жж.) да ел билігіне араласқан, Кенжеқара болысының кандидаты, Аманкөл болысының басқарушысы болған. Әйгілі Базар жырау 1892 жылы Алмат қайтыс болғанда қара шаңырақта отырған ұлы Маханға арнайы келіп:

Алтекем емес еді қалыс адам,

Жоқ еді ақ кеуіліне алыс адам.

Бекзада болып өсті ұлдары да,

Қыздары кем болған жоқ ханшадан.

Артпақшы абыройы адамзаттың,

Береке тұқымына дарыса адам.

Ешуақытта етпес ісін ашқарақтың,

Бір тегі уызында жарыса адам… — деп көңілқос айтқан екен.

Бір айта кетерлік жәйт — Алмат ұрпақтары шеттерінен өнерлі һәм қолөнер шебері болған. Немерелері Абыл, Халық, Қанилар домбырашы, қобызшы ретінде танылып, Ырғыз халық театрының іргесін қалаушылар болса, Төремұрат пен Қосмұрат және бірнеше немерелері тігін тігуге, арба, шана, басқа да тұрмысқа қажетті заттар жасайтын ұсталыққа машықтанған.

Абыл Маханов Алматы филармониясы оркестрінің домбырашысы, 1936 жылы Мәскеудегі қазақ өнері мен әдебиетінің алғашқы онкүндігіне қатысқан. 37-нің қанды қасабында халық жауы деген жаламен ұсталып, атылған. Оның інісі Қани да домбырашы, ат әбзелдерін жасайтын шебер, ол да 37-де ұсталып, он жылға сотталған.

Шөбересі Әбсаламов Файзолла қазақтың тұңғыш кинооператорларының бірі болса, оның інісі Ғалымжан Әбсаламов елімізге Әлім Алмат деген есіммен белгілі қазақтың тұңғыш скрипкашысы, Мәскеудегі онкүндікке қатысқан. Соғыстың алғашқы күндерінде немістерге тұтқынға түсіп, кейінгі бүкіл ғұмыры шетте өткен. Париж, Вена консерваторияларын бітіріп, Ыстанбұл симфониялық оркестрінің скрипкашысы болды, 2018 жылы 102 жасында Түркияның Ыстанбұл қаласында дүниеден өтті. Оның бұралаң жолды қиын да қызықты тағдыры, Мұстафа Шоқайдың әйелі Мариямен аналы-балалы қарым-қатынасы туралы жазылған Күлпаш Ілиясованың «Әлім Алмат: өмірі мен өнері» атты кітабы бар.

Немересі Рахи Маханов соғыстан майдан даласына бір аяғын қалдырып, аман оралған соң Ырғыз ауданында жауапты қызметтер атқарды. Тәуелсіздіктің нұрлы сәулесі рухани өмірімізге шуағын төккен 90-жылдары кезінде «патшаға қызмет етіп, шенін тағып, шекпенін киген шынжыр балақ, шұбар төс» деп саясаттың қара таңбасы таңылған, ұрпақтары үреймен күн кешкен атасын жарыққа шығарудың — алматтанудың жолын бастаған осы ағамыз болатын.

Сондай-ақ замана ызғарымен тарыдай шашылып, өзбек елінің Тамды және өзіміздің Алматы, Қостанай, Қызылорда, Жетіқара өңірлерінде тұратын туыстарын іздеп тауып, ағайындық қарым-қатынасты қайта орнықтырды.

Алмат ТОБАБЕРГЕНҰЛЫНЫҢ 220 жылдығына және

Алмат мавзолейінің ашылуына арналған іс-шаралар

БАҒДАРЛАМАСЫ

Өтетін жері: Ырғыз ауданы Ырғыз елді мекені.

Өтетін күндері: 2024 жылғы 15-16 тамыз.

15 тамыз

10.00-12.00 — Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінде болу.

16-00-18.00 және 20.00-22.00 — Ақындар айтысы.

18.00-20.00 — Алыстан келген қонақтарға қонақасы.

16 тамыз

9.30-10.30 — Алмат мавзолейінің салтанатты ашылуы.

11.00-12.30 — Алматы Тобабергенұлының 220 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция.

 

«Өлшеусіз Алла бақ берген…»

 Алмат қазақтың соңғы ханы Кенесарымен дос-жар қатынаста болған деген деректер бар. Орынбор Бас штабының поручигі Герн Кененің орыс тұтқынында болған бәйбішесі Күнімжанды ханға әкеліп тапсырғаннан кейін губернаторға рапортында былай деп жазады: «За день перед обратным отправлением моим в Орскую крепость, Кенесары пожелал видеть находившегося при мне почетного киргизца, караванбашы Алмата: говорил с ним несколько часов и отправил с письмами к Вашему превосходительству и ко мне» деген түсініктемесін «…Сверх того как Алмат один только во всем караванемоем имели свидании с Кенесары, притом с давних пор лично знакомые Султаном и весьма уважают, кажется имела достаточное основание пологать, что пограничному начальству весьма интересно будет видеть этого человека» деп жылы ілтипатпен жалғастырады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы патша үкіметінің қазақ даласына сұғына еніп, ықпалы жүре бастаған кез еді. Алмат орыстың саяси және әскери қызмет адамдарымен, саяхатшыларымен сыйластықта болғандығы, екі халықтың рухани жақындастығына ықпал еткендігі туралы архивтік деректер мол кездеседі. Ол 1867-1970 жылдары Ырғыз өңірінде болып, ел өмірі мен тұрмысын бейнелеген 40-тан астам сурет салған қылқалам шебері В.В.Верещагинмен, шығыстанушы, Қазан университеті жанындағы тарих, этнография және археология қоғамының мүшесі И.В.Аничковпен, тарихшы-зерттеуші Н.В.Ханиковпен таныс болып, жақсы араласқан. Соңғы екеуі Алмат қайтыс болғанда «Поездка на киргизские поминки в 1892 году» атты мақала жазған.

Ресей Әскери министрлігінің генерал-лейтенанты Ф.Бларамберг «Земля киргиз-кайсаков Малой Орды» деген кітабында «Киргиз А.Тобабергенов – необыкновенный человек, обладает превосходной выдержкой и широким умом…» деп көрсетсе, Ырғыз уезінің алғашқы бастығы А.Богак «А.Тобабергенов – истинный патриот киргиз-кайсацкого народа» деп баға береді.

Ақтөбе, Сыр бойы, Ұлытау, Торғай өңірлеріне есімі кең танымал болып, осы аймақтардағы алаш жұртының ардақтысына да, айбаттысына да айналған Алматты және әкесінің ісін де, ізін де жалғаған ұлы Самұратты Балқы Базар, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Тұрымбет Салқынбайұлы, Батақтың Сарысы, Құрманалы, Сәрсенбай, Баспан секілді сол заманның дүлдүл ақын-жыраулары жырға қосты. Балқы Базардың:

Болғанда ағам — Алмат, жеңгем — Күміс,

Кісіде бола бермейд мұндай туыс.

Алекем қырда тұрып айқайласа,

Болады Әлім, Шөмен бір-ақ уыс.

…Не сөз бар қайратыңды халық көрген соң,

Кісіге талай сұраған ат берген соң.

Қазақтың киіз үйлі таласы жоқ,

Өлшеусіз Алла саған бақ берген соң, — деген жыр жолдарында Алматтың айдынды айбаты да, биік беделі де, береке дарыған бақ-дәулеті көрініп тұр.

Жоғарыда айтылғандай, Алматты, оның өмір сүрген ортасын зерттеу тәуелсіздіктен кейін ғана қолға алынды. Зерттеуші-қаламгер Сейілхан Оразымбетов «Алаштың Алматы мен Самұраты», тарихшы, профессор Зәкіраддин Байдосов «Талмай шапқан тарлансың» деген көлемді еңбектерінде, сондай-ақ Қапаз Еламанов, Тынышбек Дайрабаев, Қуаныш Ахметов, Берік Жүсіпов, т.б. тарихшылар, журналистердің мақалаларында өз заманының осынау ірі тұлғасы туралы кең қамтылып жазылып, Алмат өз халқымен қайта қауышты. Сардар туралы сөзді оның өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін түбегейлі зерттеген сол ағалардың пікірлерімен түйіндегеніміз жөн болар.

Сейілхан Оразымбетов «Алмат — ағайын, туыс, ру мүддесінің шеңберінен шығып, ел азаматына айналған, Абай сөзімен айтсақ, «Атаның баласы емес, адамның баласы» дәрежесіне көтерілген алабөтен азамат. Оның терең ақылы, қайырымды қарекеті көпке ортақ болды. Ал абыройы мен айбаты сол тұстағы шет жұрттың алдында «Біз қазақ деген осындай азаматты елміз» деуге жалау болды» деп бағаласа, Зәкіраддин Байдосов «Алмат Тобабергенұлы — сол кездегі қазақ қоғамының зиялысы, парасатты, жаңа өмірдің иісін, дәмін сезе білген өмірлік білімдар тұлғасы, …заманында биікке көтерілген жүйрік, ұзаққа шабар тарлан.

Оны биікке қондырған, біздің пайымдауымызша, үш қайнар көз бар. Бірі — қазақтың өз тұлабойына біткен ойшылдық, әділдіктен аттап өтпес тура биліктен туар кесім шапағаты; екіншісі — Алматтың текті тұлғалығын таныған қалың қауымның оның айналасына ұйыса топтасуы; үшіншісі — Алматтың өз басындағы халық даналығынан сусындаған мол парасаттылық, біліктілік, кеңдік пен ірілік, кісілік пен жомарттық, сайып келгенде туа біткен дарындылық болатын» деп қорытады.

Өздері де зиялылық пен парасаттылықтың, білімділік пен талғамшылдықтың биігіне көтерілген ағаларымыздан асырып не айтуға болады?!

Алмат кесенесі

ХІХ ғасырдың 80-жылдарының аяғында салынған сәулет өнері ескерткіші Ырғыз ауылынан 22 шақырым қашықтықта. О баста бұл жерге жаугершілік уақытта Орск маңында дүние салған Тобабергеннің сүйегі бір жыл аманатқа қойылып, содан кейін әкелініп жерленген. Сол себепті ертеректе Тобаберген тамы аталса керек, бірақ кесене салынғаннан бері бұл жер Алмат тамы делінеді. Кесенені Алматтың көзі тірісінде ұлы Самұрат салдырған. Көлемі — 12,70 м-12,10 м, 7 бөлмелі.

Мамандардың пікірінше, архитектуралық үлгісі мен ішкі безендірілуі жағынан өте сирек кездесетін құрылыс Алматтың отбасылық мемориалы ретінде жобаланған, өзіне және бес ұлына арналған, әсем өрнектеліп салтанат берілген алты бөлмеде сағана бар. Құрылысқа күйдірілген кірпіштің 11 түрі пайдаланылған. Кесенені Жыға атты халық шеберінің басшылығымен Бұхара мен Түркістанның таңдаулы қол шеберлері салыпты.

Кесене салынып біткеннен кейін әкесін апарып көрсетіп Самұрат: «Әке, сағана қалай?» — десе керек. Сонда ризалық көңілмен Алмат: «Сендей ұлды тудырған мен қалай?» — депті…

Кесене мемлекет қорғауына алынған тарихи ескеркіштер тізіміне енгізілген. Бір жарым ғасыр уақыт сынынан өтіп, бүгінге жеткен, сәулет өнерінің тамаша үлгісіне айналған кесене келер күндерде де дарқан даламыздың айбынын арттырып тұра бермекші…

Рахымжан ӨТЕМІС,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button