Тарих

Өнегелі ғұмырдың жалғасы

Өлең мен өмір

Мұқағали Мақатаев — есімі бар қазаққа мәшһүр, халқының сүйіспеншілігіне бөленген ақын. Оның поэзиясы — қазақ әдебиетінің жауһары, таусылмас қазына. Ақтөбе қаласының тұрғыны Владимир Шамырханов — осындай ұлы ақынның үйінде тұрып, отбасымен аралас-құралас болған жан. Оның әкесі Оралбек Шамырханов кезінде Мұқағали Мақатаевпен интернатта бірге оқып, бір үзім нанды бөліп жеген. Біз есімі елге танымал болмаса да, өз заманында Мұқағалимен қатар жүрген кісінің баласымен әңгімелескен едік…

«Мұқағалидың үйінде бір жарым ай тұрдым…»

Кейіпкеріміз Владимир Шамырханов қаланың ескі бөлігінде тұрады. Отбасында зайыбы екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде ата-әже болып отыр. Жуырда жетпіс жасқа толған ол өткен тарихты үнемі немерелеріне айтып отырады. Әсіресе әке-шешесінің өмір жолы мен Мұқағали Мақатаев жайлы айтқан әңгімесі кімді де болса қызықтырары сөзсіз.

Владимир ағаның әкесіОралбек Шамырханов 1933 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданы Сүмбе ауылында туған. Екі жасында әкесінен, 8 жасында шешесінен айырылған.  Ерте жетім қалған соң мектеп-интернатта жатып оқыған. Кейін Алматыға барып, оқуға түсіп, жоғары білім алған.

— Менің әкем интернатта Мұқағалимен бірге оқыған. Мектепті аяқтаған соң интернат бітірген тоғыз бозбала Алматыға жаяу барып, оқуға түсуге құжат тапсырған. Міне, осыдан кейін әкем Мұқағалимен өмірлік дос-жолдас болып кеткен. Алматыда оқуға түскенде, менің әкем Қазақ педагогикалық институтының химия-биология факультетіне, ал Мұқағали Мақатаев әдебиет факультетіне түскен екен. Содан екеуі қатар жүріп білім алған. Кейін екеуі де отбасылы болған. Дегенмен арадағы достық қарым-қатынас үзілмеген. Әлі есімде, біз бала кезімізде Мұқағали үйімізге жиі келетін. Нар тұлғалы, ірі кісі еді. Сырттай қатал көрінгенімен балажан болатын. Мен 1973 жылы мектеп бітірдім. Содан әкем қолыма хат жазып беріп, сол кісінің үйіне баруды тапсырды.Ол кезде біз ауылда тұратын едік.Содан абитуриент болып Алматыға жолға шықтым. Әкем берген мекенжай бойынша Мұқағалидің үйіне бардым. Барсам ақын ағамыз үйінде екен, Лашын жеңгеміз Қарасазға кетіп қалыпты. Үйінде ұлы Жұлдыз мен балдызы бар екен.Содан сол үйде бір жарым ай тұрдым. Жас болған соң ба, ол кезде ақын-жазушыларды көп танимайтын едім. Бірақ сол үйде тұрғанымда Шәмші Қалдаяқовты көрдім. Ол кісі ақынның үйіне жиі келетін. Ақын-жазушылар ол кезде жиі бас қосып, тауға серуендеуге шығатын, көлгебарып шомылатын. Кейде олардың әңгімелерін де құлағымыз шалып қалатын. Дегенмен жас болған соң болар, әңгімелеріне аса мән бермейтін едік. Есімде қалғаны сол, ақынның ұлы Жұлдызбір ай бойы Алматыны аралатты. Екеуміз бірге көлге барып шомылдық, зоопаркке бардық. Алайда бір ай бойы Алматыны шарлағаныммен, оқуға түсе алмай, ақыры ауылға қайтып келдім. Содан ауылда дәнекерлеушінің, жүргізушінің оқуын оқыдым. Көп ұзамай әскерге кеттім, — дейді кейіпкеріміз.

Владимир Шамырханов әскери борышын өтеп келген соң Қарағанды индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға түскен.Сол жерде зайыбы Гүлбара  Нағашыбайқызымен танысқан. Кейін таныстық достыққа, махаббатқа ұласып, екеуі отбасын құрған. Бір өкініштісі, Владимир ағаның әкесі өмірден ерте өтіп, балалардың қызығын көре алмапты.

— Мен жұмысқа орналасып, отбасылы болған соң Мұқағали ағаны көрмедім. Әкем 55 жасында ерте өмірден өтті. Бірақ бір білетінім, бұл кісілер өлең десе, өзгеріп қоя беретін. Мұқағали да, менің әкем де поэзияны ерекше сүйді. Дегенмен әкем Мұқағали сияқты танымал ақын болмады. Оған басты себеп — ол мектепте педагог болды. Оқуын аяқтаған соң әкем Алматыда қалмай, Сүмбеге қайтып келді. Ауылдағы мектепте директор болып қызмет етті. Кейін компартия Нарынқол ауданының бірнеше мектебін басқаруға жіберді.

Көзі тірісінде әкемнің өлеңдері республикалық газеттерге шыққан. Мысалы, «Ақ қоян» аталатын өлеңдер жинағы сол кездегі танымал «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Кейін әкем тағы бір кітабын шығарғысы келген, алайда бір танымал жазушы ағамыз жинаған өлеңдерін бастырып беремін деп алып кетіп, кейін өз атынан кітап етіп шығарған. Ол кісі әкеме бір жылдан кейін 100 рубль қаламақы жіберген екен. Осылайша біздің әкеміз халыққа ақын ретінде танылмады. Қазір әкемнің сүйегі туған жері Сүмбеде жатыр. Сүмбе мен Қарасаздың арасы — 20 шақырым. Ал Қарасазда Мұқағали жерленген. Міне, біздің ел сүйген ұлы ақынмен жақындығымыз, әкемнің достығы осындай болған, — деп түйіндеді әңгімесін Владимир аға.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Тарих беттерінде Оралбек Шамырханов туралы мәліметтер аз екен. Алайда оның Мұқағали ақынмен достастығы жайлы жазылған мына бір үзіндіні көзіміз шалды. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреатыМінуар Әкімханов өзінің «Мұқағали биігі» атты мақаласында Оралбек Шамырханов жайлы былай деп жазыпты:«Ақиық ақын Мұқағалимен үзеңгілес, сырлас, сыйлас болғандары да бар. Солардың бірі – өмірден ерте кеткен Оралбек Шамырханов дейтін азамат еді. Есімі аталған ағамыз жайдары мінезді, ақын жанды, ақжарқын кісі еді. Жазған өлеңдері көзінің тірісінде аудандық, облыстық газеттерде жарық көріп жүрді. Қазіргі Райымбек ауданының Сүмбе, Нарынқол, Текес, Сарыжаз ауылдарындағы орта мектептерінде ұстаздық қызмет атқарды. Жасы Мұқағали ақынмен қарайлас болатын. Жастық шақтары бірге өткендіктен бе, екеуі кездесе қалса қалжыңдасып, әзіл әңгіме айтып, көңілді отыратын…».

Тілмаш Екатерина

 Владимир Шамырханов — отбасында 8 баланың үлкені. Әкесі өмірден ерте өтсе де, анасы 90 жасқа жеткен. Жұмыс барысымен Ақтөбеге қоныс аударған кейіпкеріміз

15 жылдай уақыт анасын қолына алып бағыпты.

Анам 90 жасында дүние салды. Өмірден өткеніне биыл екі жылдан асты. Анамның жылдық асын Нарынқолда бердік. Ол жақта ағайын-туыстарымыз тұрады. Ал бауырларымның бәрі менен кейін осында көшіп келді. Қазір 8 баладан бесеуміз қалдық. Үшеуі өмірден өтті. Менің бұл өңірге келуімнің басты себебі жұмыс болды. Бір жағынан, зайыбым да осы Ақтөбенің қызы. Туған жері — Мұғалжар ауданы Жұрын ауылы. Екеуміз қатар оқып жүріп үйлендік, балалы болдық. Содан 1983 жылы Қандыағаш қаласына көшіп келіп, сол кездегі «Ақтөбе Нефть» мекемесіне жұмысқа орналастым. Сол мекемеде 2017 жылға дейін еңбек еттім. Қазір зейнеткермін, — дейді Владимир аға.

Кейіпкеріміз әңгіме арасында зайыбы Гүлбара апаны арнайы Ақтөбеге келіп, ұшақпен Қарағандыға алып қашып кеткенін айтты. Себебі сол кездегі жас қызға ауылындағы басқа жігіт құда түсіпті. Алайда бір-бірін жақсы көрген екі жас өзара келісіп, қашуға бел буған. Содан Владимир аға оқып жүрген жерінен Ақтөбеге келіп, Гүлбара апаны ауылынан алып қашқан көрінеді. Кейін ата-аналарының рұқсатымен отбасын құрған. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, солардан 7 немере сүйіп отыр. Бүгінде ұлы да, қызы да Астана қаласында тұрады. Ұлы Руслан ішкі істер саласында 25 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықса, қызы — тұрмыста. Журналистика мамандығын бітірген.

— Қазір бір қуанатыным, әкем көрмеген қызықты анам көрді. Біздің балаларымызды бағып өсірді, оларға өнеге-өсиетін айтып кетті. Жалпы, менің шешем — орыс ұлтының өкілі. Шын есімі — Екатерина (Степанова) Шамырханова. Ұлты орыс болса да, мектепті қазақ тілінде бітірген. Қазіргі Алматы облысының Ұзынағаш ауданында туған. Ол кезде бұл аудан Жамбыл ауданы болатын. Осы ауданға қарасты Жамбыл музейі елді мекенінде тұрған. Шешем қазақшаға судай болатын, бауырлары да мақалдап сөйлейтін. Бірде анамның ауылына Мәскеуден Жамбыл Жабаевтың суретін салуға суретшілер келген. Олар қазақша білмейді, ал ауылдың адамдары орыс тілінде еркін сөйлей алмайды. Осылайша шешемді тілмаш, аудармашы етіпті. Бұл шамамен 1945 жылдар болса екен. Ол кезде Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өренім» атты өлеңімен көпке танылған еді. Өкінішке қарай, сол кездегі мұрағаттар мен деректер бүгінге дейін сақталмаған. Дегенмен анам өз естеліктерін үнемі бізге айтып отыратын, — дейді Владимир Шамырханов.

Кейіпкеріміз бала кезінде нағашыларының қолында тәрбиеленген. Есімін нағашы атасы қойған. Кейін мектеп жасына жеткенде ата-анасына қайтып келіпті.

Айта кету керек, Владимир ағаның ата-анасы Алматыда танысқан. Ол кезде әкесі Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып жүрсе, анасы Екатерина Алматы педагогикалық техникумында білім алған.

Владимир аға сөз арасында анасының Нарынқол ауданында халық емшісі болғанын жеткізді. Кейін Ақтөбеге көшіп келген соң да емшілік қасиетін тастамаған. Көмек сұрап келген азаматтарға қол ұшын беріп, ем жасаған. Тіпті біраз адамды дертінен айықтырып, аяғынан тұрғызған көрінеді.

…Бізге бар әңгімесін айтып, ағынан жарылған кейіпкеріміз ата-анасының жүрген жолы өзіне өмірлік азық, өнеге-үлгі екенін жеткізді. Міне, өнегелі ғұмырдың жалғасы деген осы болар!

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button