Тағзым

Елеулі есімге — ел құрметі

Құрмет

Сматолла Беркімбаев Байғанин ауданының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан, осы өңірге он сегіз жылға жуық басшылық жасап, оның экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне жағдай жасаған көрнекті тұлға.

Жақында аудан орталығында оның құрметіне мемориалды тақта орнатылып, өнегелі ғұмыр иесінің өркенді істерін жас ұрпаққа үлгі еткен тағылымды шара өтті.

Аудан әкімі Айбек Көпенов ерен еңбегі үшін Ленин, Октябрь революциясы,  Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен марапатталған, Хромтау, Темір және Байғанин аудандарының құрметті азаматы атанған, соңына ізгілікті із қалдырған Сматолла Беркімбаевтың өмір жолына тоқталды.

— 1965 жылы ауданды қайта құру кезінде осында басшылыққа келген Сматолла Молдашұлының ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеті көптеген игілікті істердің жүзеге асуына, іскер кадрлардың қалыптасуына жол ашты. Ол ел тізгінін ұстаған ұзақ уақыт ішінде ауданды жаңа деңгейге көтерді.

Ескерткіш тақтаның Сматолла ағамыз өзі қызмет еткен аудан әкімдігінің байырғы ғимараты алдына орнатылуының да өзіндік мәні бар. Аудан дамуына игі істер еткен көптеген оңды шешімдер нақ осы жерде қабылданды, ол аудан басшысы ретінде осында алыстан келген көптеген қадірлі қонақтарды — мемлекеттік қайраткерлерді, көрнекті ақын-жазушыларды, өнер адамдарын қабылдады, басқа да көптеген жылы жүзді жүздесулер болды.

Бұл ғимарат орналасқан көше— қазіргі уақытта белгілі қоғам қайраткері, елімізді басқарған Дінмұхамед Қонаев атында. Алдағы уақытта осы қадірлі тұлғаның ескерткіші орнатылмақшы. Осы шаралардың бәрі ұлылықты ұлағаттау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатын көздейді, —деді ол.

Жиында сөз алған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабанов қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүріміз сол күйінде сақталған өңірде еңбек етіп, өзінің іскерлігі мен еңбекқорлығын, азаматтығы мен биіктігін көрсеткен басшының есімін құрметтеудің тәрбиелік мәні зор екендігіне тоқталды. «Кезінде мал шаруашылығын дамытуда алдыңғы орыннан көрінген Байғанин ауданының атағы одақтық деңгейде мәлім болды. Көптеген еңбек адамдарының мәртебесі көтеріліп, жеткен жетістіктері жоғары бағаланды. Сматолла Молдашұлы шалғай ауылдардың, шағын елдімекендердің әлеуметтік мәселелерін түбегейлі шешуге көңіл бөлгенін, осы бағытта біраз істер тындырғанын білеміз», —  деді ол.

Байғанин ауданының құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Түрікпенбай Айжарықов, еңбек ардагерлері Қанатбай Елеусізұлы, Ибраһим Ермекбаев, тағы басқалары өз сөздерінде Сматолла Беркімбаевтың ел аузында сақталған тағылымды сөздері мен атқарған істерін тілге тиек етті. Ол бірінші басшы болып қызмет атқарған тұста аудан үш ретреспубликалық, төрт реет Бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы атанып, Ауыспалы қызыл туларға ие болғаны, тоғызыншы бесжылдықтың қорытындысымен Байғанин ауданы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет тақтасына жазылғаны айтылды.

— Осыдан алпыс жылдай бұрын Смекеңнің қызмет бабымен Байғанин ауданына келдік. Он сегіз жылдай өміріміз осы өңірде өтті. Өз ауылымыздай болып кетті. Қарауылкелдіге төрт баламен келіп едік, осы жерде тағы да екі перзентіміз дүние есігін ашты. Балаларымыз осында мектеп бітірді. Сондықтан да біз үшін бұл— ыстық мекен. Қаншама жақсы адамдармен араластық, солардың барлығы да бізге жақын болып саналады,— деп тебірене сөйледі Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі, «Күміс алқа» белгісінің иегері Күміс Ыбырайқызы.

Қоғамдық тәртіпті сақтау саласының ардагері, полиция полковнигі Жұбандық Сматоллаұлы әкесінің аяулы есімін ардақтап жатқан ел азаматтарына алғысын білдірді.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатынан кейін оның алдына құрмет ретінде гүл шоқтары қойылды. Одан кейін алыс-жақыннан жиналған қонақтар қайраткер отырған кабинете болып, осында жасақталған көрмені тамашалады. Содан кейін аудандық музейге барып, арнайы дайындалған бұрышпен танысты. Онда Сматолла Беркімбаевтың ел басқарған жылдарында жазылған «Жарыс тиімділігі—халық игілігі» атты кітабы туралы айтылды. 1979 жылы Алматыдағы «Қайнар» баспасынан шыққан бұл еңбекте еңбек адамдарын ынталандыру, олардың қол жеткен жетістіктері туралы баяндалған. Ал құрметті еңбек демалысына шыққан соң жазылған «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» атты кітабы аудан тарихын, ел адамдарын, олардың ерен еңбектерін қамтиды.

Есімін ел сыйлаған қадірлі аға буын өкіліне құрмет көпшіліктің тарапынан қолдау тапты, жұртшылық бұл шараға ризашылығын білдіріп жатты.

 Нұрболат ДӘНЕКЕРОВ,

Байғанин ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button