Тағзым

Академик Балмұхановтың биіктігі

Медицина ғылымының докторы, профессор Сайым Балмұханов — Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстандағы рентген-радиология және радио биология ғылымдарының негізін салушы, қоғам қайраткері.

Ол Қазақстандағы онкологиялық қызметтің қалыптасып, дамуына үлес қосқан. Оның басшылығымен Қазақстандағы алғашқы онкологиялық ауруларды сәулемен емдейтін клиникалық база ашылды.

Сондай-ақ «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының президиум мүшесі болған ол Семей полигонында ядролық қаруларды сынаудың тұрғындарға тигізген әсерін зерттегені үшін Такаши Нагайи атындағы халықаралық бейбітшілік сыйлығын иеленген.

Қоғам қайраткері, белгілі ғалымның өнегесі кейінгі ұрпаққа тәлім-тағылым үлгісін көрсетіп келеді.

Балалықтан бастау алған…

Ол 1922 жылдың 20 қыркүйегінде Темір ауданының Қалмаққырған ауылында дүниеге келген. Оның Алтыншаш әжесінің бауырында өсуі болашағының қалыптасуына, алдағы өмір жолын таңдауына, мақсат-мүддесін айқындауына көп әсерін тигізген секілді. Немересін аялай жүріп, оған мейірім нұрын төккен асыл жанның бойында ерекше қасиеттер болыпты. Ол сынық салып, ауырып-сырқаған адамға ем жасайды екен. Емдік шөптерді де кеңінен пайдаланған. Осының бәрі өсіп келе жатқан балақанына да әсер еткен секілді.

Аяулы әже немересінің бойына ұлттық салт-дәстүрлердің асыл қазыналарын сіңіруді де мақсат тұтқан. Әсіресе қазақтың тарихын, өнер туындыларын өнеге ретінде айтып отырған. Бұл шаңырақта жыраулар мен сөз қадірін білетін небір сұңғылалар жиі болған. Атақты ақын Нұрпейіс Байғанин жақын туыстары саналған, оның шәкірті Мырзалы үйге жиі келіп тұрады екен.

Таңды таңға ұрып жалғасатын жырлар арқылы оның ой-түйсігінде Қыз Жібек пен Төлеген бейнесі жатталып қалыпты, Фирдаусидің «Шахнамасынан» үзінділер, басқа да рухани жауһарлар сол уақыттан оның балаң қиялына жігер бергенге ұқсайды. Солардың әсері болар, бастапқыда ол тарихшы болғысы келеді, кейінірек сүйікті ұстазы биолог мамандығын таңдауға кеңес береді.

Бұл әулетте әуелден-ақ білімге ден қойған. Мәселен, әкесі балаларының интернатта жатып оқуы үшін олардың жағдайын жасау мақсатында жалғыз атын сатқан. Осындай қамқорлық нәтижесінде төрт ұлы мен үш қызы облыста үздік ағарту ошағы болып саналатын Темір қаласындағы қазақ мектебі қабырғасынан түлеп ұшқан. Сол кездегі мектеп ұстаздары Қазан, Саратов, Петербург универсиеттері мен мұғалімдер семинариясының саяси көзқарастары үшін деген желеумен қазақ еліне жер аударылған түлектері екен.

Сайым Балмұхановтың өзі беріректегі естеліктерінің бірінде: «Бізге химия мен биология пәнінен капитан шені бар Дмитрий Яковлевич сабақ берген еді, ол ақ жағалы киім киіп, үнемі сыптай болып жүретін көрікті адам еді. Қазақ тілін де тез меңгеріп алған болатын, мен көптеген химиялық элементтердің қазақша атауларын сол кісіден үйрендім», — деп жазыпты.

Негізінде, Сайымның өз әкесі Қилыбай болған, ал ол ата-әжесінің баласы болып өскендіктен Балуанұлы болып жазылыпты. Сол кездің өмір сүру, тіршілік кешу дағдылары небір бұралаң жолдармен жүргізбеді десеңізші…

Мысалы, сол бір ауыр жылдарда Шұбарқұдық кәсіпшілігінде азық-түлік карточкасы белгіленіп, жұмыс істейтіндерге күніне 800 грамнан, олардың отбасы мүшелеріне 400 грамнан нан берілген. Ал «Ембімұнай» кәсіпшілігінде жұмыс істейтін үлкен ағасы Нұрен әкесі тірі болғандықтан, өзінің бауырларын отбасы мүшелері қатарына жатқыза алмайды екен. Сондықтан тіршілік ету үшін барлық бала өмірден өткен ағасы Балмұханның атына жазылған. Міне, сондай да заман болған…

Майдандағы шынығу

Жасөспірім Сайым орта мектепті бітіргеннен кейін, 1938 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түседі. Сол кездің талабына сай сабақтар тек орыс тілінде жүргізілетін. Соған қарамастан, қазақ мектебінен түлеп ұшқан ол үздік студенттер қатарынан саналды. Алғашқы күндерден қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзінің жанындағы жолдастарын да ілгері жетелей білді.

Ойламаған жерден елімізге ойран сала келген Ұлы Отан соғысы бейбіт күннің шырқын бұзды. Медицина институтының студенттерін енді далалық-әскери жағдайда жұмыс істеуге бейімдеп, хирургиялық бағытта мамандауға әзірлей бастайды. 1943 жылы бұлар білім алып жатқан курс түгелімен өз еріктерімен майданға аттанады. Үздік студент ретінде броньға ие және аспирантураға жолдамасы бар Сайым өз қатарынан қалмайды.

Ол майданда медициналық-санитарлық ротаның командирі, әуелі 4-ші Украина майданының, сосын 3-ші Беларусь майданының атқыштар дивизиясының полкінде медициналық-санитарлық қызметтің бастығы қызметтерін атқарады.

Соғыс өрті қызып тұрған шақта ол барлаушылармен бірге алғы шепке де шығып кетеді, қан майданның ортасында жаралыларға көмек көрсетеді, оларды қауіпсіз жерге алып шығуды ұйымдастырады. 1944 жылдың сәуір айында сондай операциялардың біріне қатысқаны үшін жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталады. Кенигсберг түбіндегі шайқаста да хирург-жауынгер ерекше көзге түсіп, кеудесіне екінші Қызыл Ту орденін тақты.

Дәрігер — қай жерде де дәрігер. Ол сол жылдары Польша жерінде бейбіт тұрғындарға да медициналық қызмет көрсетіп, көпшіліктің алғысын алады. Оқ пен оттың ортасында жүру оңай ма, соғыс кезінде екі рет жараланады. Екеуінде де өзін-өзі емдеп, тез қатарға қосылады.

Оны Қызыл армия қатарынан 1946 жылы ғана босатады. Тәжірибелі дәрігерге Мәскеудегі әскери мекемеде қызмет етуді ұсынады. Бірақ ол туған елге оралуды мақсат тұтады.

Сайым аға бейбіт күнде де жауынгерлік жолдарын ұмытпайды. Ол Жеңіс күнін әрқашан құрметпен қарсы алып, ел қорғаған майдандастарын еске алумен бірге, қаза тапқан қаруластары рухына тағзым етіп отыруды дағдыға айналдырған.

Қазақстан медицинасының бірінші академигі Александр Николаевич Сызганов майдангер-дәрігердің мамандану дәрежесіне мән бере отырып, бәрібір оның хирург болуын қолдай қоймайды. Ол республикада хирургтердің жетіп артылатынын тілге тиек ете отырып, талантты дәрігерді басқа бағытқа жетелейді. Бастапқыда кіші ғылыми қызметкер ретінде жұмысқа қабылдап, клиникалық және эксперименталды хирургия институты директорының орынбасарына бекітіп береді. Арада екі ай өткенде оның келісімін де сұрамастан Мәскеу рентгенология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Самуил Аронович Рейнбергтің қарамағына жібереді.

Бұл кезеңде Хиросима мен Нагасакидегі атом құрбандары туралы мәліметтер ашық жария бола бастаған, оның зардаптары да зерттеу назарына іліккен тұс еді. Жас аспирант өзінің алдағы еңбек жолы осы арнада өрбитінін сол кезде біле қойды ма екен…

Елге қызмет еткен жылдар

1953 жылы кандидаттық диссертациясын табысты қорғаған Сайым Балмұханов Алматы мемлекеттік медицина институтының рентгенология және радиология кафедрасын басқаруға жіберіледі. Адам өмірінің өзекті мәселелерін қамтитын саланың көпшілікке әлі беймәлім иірімдерін зерттей жүріп, болашақ мамандарға оның тылсым құпияларын үйретеді. 1954 жылы республиканың бас радиологы болып тағайындалады. Бұл құпия деп саналатын Семей ядролық полигоны туралы қандай да бір мәліметтерді қолға алуға мүмкіндік беретін лауазым еді.

Ядролық жарылыс сынақтарының халық денсаулығына келтіретін зиянына көзі жеткеннен ол сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Сибуғатулла Қарынбаевтың алдына мәселе қоя бастайды. Онда облыс тұрғындарының денсаулығына қауіп төніп тұрғаны анық айтылады. Бұған көз жеткізу үшін полигон аумағындағы тұрғындардың денсаулығымен терең танысу ұсынылады.

Жолсапарға шыққан дәрігерлерді Абай ауданында әскерилер тоқтатады. Бұларға көмекке академик Андрей Сахаров келеді. Бұл олардың күтпеген алғашқы кездесуі еді.

— Қазақ халқының басына ауыр сынақ төніп тұр. Оны жеңу оңайға түспейді. Бұл мәселемен мен де шұғылданғанмын, халықтың күйзелісін жеңілдетуге өз үлесімді қосамын. Сіздерге табыс тілеймін, — деп ол сонда елге жанашырлық білдірген екен.

Күзге қарай Семей облыстық партия комитетінде 1953 жылдың 12 тамызында жүргізілген ядролық сынақтардың нәтижесі талқыланады. Академик Андрей Сахаровтың ұсынысымен және нұсқауымен полигон тарихында тұңғыш рет жарылыстан зардап шеккен аумақтан тұрғындарды көшіру ісі қолға алынады.

1957 жылдан бастап Сайым Балмұханов полигон аймағына бірнеше дәрігермен бірге бірнеше рет экспедицияға шығып, жарылыстар салдарын зерттей бастайды. Сол уақытта тұрғындардың бойынан радиациялық сырқаттар белгісін байқайды. Бұл өте қорқынышты жайт еді.

Облыстық ауруханада оған Қайнар ауылынан емделуге келген он бес-он алты жастағы жасөспірімдерді көрсетеді. Олардың бірі талмаға ұшыраған, екіншісінің шашы түскен, басқа да сырқат түрлері бой көрсетеді. Зерттеп қараса, олар ядролық жарылыстар болған полигон шекарасында қой баққан екен. Олар сынақтан кейін күннің ерекше сәулеленіп тұрғанын талай рет көзбен көріпті. Бұл белгілер Мәскеуде оқып жүргенде лекцияларда тыңдаған Нагасакидегі ядролық жарылыстарды зерттеу нәтижелерімен сәйкес келетін еді.

Сайым Балмұханов өлкелік патология институтының директоры, профессор Бахия Атшабаровпен бірге үш жыл бойы Қайнар ауылы мен оған іргелес елді мекендердің маңына зерттеулер жүргізіп, радиация дәрежесін анықтаумен болады. Жинақталған мәліметтерді Мәскеуге жіберіп отырады. Ондағылар бастапқыда бұл зерттеулерге сенімсіздік білдіріп, қайта-қайта тексереді. Ақырында радиация мөлшері қалыпты жағдайдан төрт-алты есе асып кеткенін мойындайды.

Алайда бұл қорытынды Сайым Балмұхановтың тағдырына өте қымбатқа түседі. Оның соңына қауіпсіздік комитеті қызметкерлері шырақ алып түсіп, қызметінен босатуға жеткізеді, партия билетінен айырылады. Білікті маманды шетелдік әріптестерінің бағалап, қызметке шақыруы ғана қуғындауға тосқауыл болады.

1959 жылы Сайым Балмұханов Мәскеудегі КСРО Медицина ғылымдары академиясының Биофизика институтында докторлық диссертациясын қорғайды.

Нақ осы тұста оны тағдыр академик Қаныш Сәтбаевпен жақындастыра түседі. Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы көрнекті ғалым Сайым Балмұхановқа үлкен сенім білдіріп, өзі сырқатқа ұшыраған сәтте оған ғана үміт артады.

1962 жылы профессор Сайым Балмұханов Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Бұл мекеме 1960 жылдың 5 шілдесінде құрылған еді. Осы кезеңде республикада онкологиялық сырқаттарды сәулемен емдеу үшін алғашқы клиникалық база құрылған болатын.

Одан кейін ол осы институтта директор, лаборатория меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1996 жылдан осы институттың құрметті директоры атанады. Балмұхановтың негізгі ғылыми еңбектері онкология және радиология, сәулемен емдеу мәселелеріне арналған. Ол қатерлі ісікті анықтау, одан сақтану әдістерін жетілдіру, уытты ісіктерді хирургиялық жолмен және жаңадан шыққан радиомодификаторларды пайдаланып, сәулемен емдеу әдістерін тапты. Осының нәтижесінде әйелдер кеудесіндегі қатерлі ісік ауруынан айығып кету көрсеткіші, басқа органдарға түскен қатерлі ісіктің айығып кету көрсеткішіне қарағанда 1,5 есе жоғары болады. Ол республикада клиникалық онкология және радиологияның жаңа бағыттарын қалыптастырып, оларды одан әрі дамытты.

Сайым Балмұханов — дүниежүзі дәрігерлерінің «Ядролық соғысты болдырмау» халықаралық қозғалысының қазақстандық ассоциациясының төрағасы болады. Халықаралық Бейбітшілік сыйлығының лауреаты атанып (Жапония, 1997), екі мәрте Ленин орденімен марапатталады.

…Адам денсаулығын қорғау жолында аянбай қызмет еткен ғалымның ғибраты мол еңбек жолдары ешқашан ұмытылмайды.

Жанат СИСЕКЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button