Қандыағашта индустриялды парк құрылады
Кәсіпкерлік
Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында шағын индустриялды парк құрылады. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов пен Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Әкімжан Есенаманов, сондай-ақ аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері мен бірқатар бизнес өкілдері қатысқан кездесуде айтылды.
Дидар Боранқұлов палатаның аудандық филиалының директоры қызметіне тағайындалған Көмекбай Бектұрғановқа өңірдің бизнес-ортасын зерделеуді, қызметтің қандай да бір түрлеріне мониторинг жүргізуді, ауданның кәсіпкерлік қоғамдастығын шоғырландыру жөніндегі жұмысты күшейтуді, кәсіпкерлерді бастамалар мен ұсыныстар әзірлеуге белсенді тартуды, аудандық кеңестің рөлін күшейтуді, сондай-ақ «Атамекенде» бекітілген аудан прокуратурасымен ведомствоаралық топ қызметінің тәжірибесін жалғастыруды тапсырды.
Кездесу барысында кәсіпкерлер сауалдар қойып, ойларымен де бөлісті. Жеке кәсіпкер Нұрбақыт Құлжұмыров жас кәсіпкерлерді қолдау шараларын жетілдіруді, сондай-ақ Қандыағаш қаласында жастарға арналған демалыс орындарын ұйымдастыруға көмек көрсету мәселесін алға тартса, бизнесте жүрген Қанат Айбосынов жаңадан ашылатын кәсіпкерлік нысандарына электр тоғын қосуда мәселе туындайтынын айтты. Электр желілерін қосу үшін рұқсат құжаттарын алу кезінде бюрократиялық кедергілерді палата заңгерлері зерттеп, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысына шығаруы мүмкін екендігі атап өтілді.
Өз кезегінде Әкімжан Есенаманов ауданда кәсіпкерлікті қолдау бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды.
— Кәсіпкерлерді қолдауда келер жылдан бастап аудан бойынша жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр. Енді қаржыны бюджетке салып, берілу тетіктерін нақтылау қажет. Жоспардағы тағы бір үлкен іс-шара — бұл Қандыағаш қаласында бұрыннан бос тұрған кеңсе ғимараты бар өндірістік базаны коммуналдық меншікке алып, кәсіпкерлерді қолдау есебінде шағын индустриялды парк пен сауда-өндірістік алаң ретінде беру мәселесі қарастырылып жатыр. Яғни ауданның кәсіпкерлері бір жерге шоғырланып, өз жұмыстарын жасамақ. Бұл ғимараттар кәсіпкерлерге жеңілдетілген түрде берілмек, — деді Әкімжан Есенаманов.
Кездесуде Дидар Боранқұлов Мұғалжар ауданының кәсіпкерлік саласын дамытуға әлеуеті мол екендігін айтып:
— Айтылған екі жоба іске асса, онда бұл республика бойынша кәсіпкерлікті қолдауға тың бастама болатындығы сөзсіз. Сондықтан бұл бағытта тиісті органдармен бірлесіп тыңғылықты жұмыс жасалу керек. Сондай-ақ келер жылдан бастап жергілікті кәсіпкерлік саласын қолдауға қаржыны «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының микроқаржы ұйымы арқылы беруді ұсынамыз, — деп, ол палатаның жобаларды сүйемелдеу, бизнес-жоспарлар әзірлеу сияқты басқа да жұмыстар жүргізуде ықпалы зор екенін атап өтті.
Арайлым НҰРБАЕВА.