Жаңалықтар

Ақтөбеде Польшаның құрметті консулдығы ашылды

Ынтымақтастық

Кеше Ақтөбе қаласында Польшаның Қазақстанның батыс аймағындағы алғашқы Құрметті консулдығыныңсалтанатты ашылуы өтті. Аталған кеңсе Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарына жұмыс істейтін болады.

Салтанатты шараға қатысқан Польша Республикасының Алматыдағы Бас консулы Юзеф Тымановски  құттықтау сөз сөйлеп, облыста жаңадан ашылып жатқан консулдық екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыруға, жаңа серіктестер іздеуге, бірлескен бизнес-жобалар мен инновациялық шешімдерді құруға және гуманитарлық байланыстарды дамытуға септігін тигізетінін жеткізді.

Польша Республикасының Ақтөбедегі құрметті консулы Әділ Асановтың айтуынша, бұл — жалпы еліміздегі Польшаның алғашқы құрметті консулдығы. Мұнда екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған іс-шаралар, келіссөздер, басқа да кездесулер өткізілмек.

— Біздің облысымызда осындай құрметті консулдықтың ашылуы — үлкен мәртебе. Осы құрметті миссияға көрсетілген жоғары сенімі үшін Польша Үкіметіне алғысымды білдіргім келеді. Өз тарапынан құрметті консулдық екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға бар күш-жігерін салатын болады.  Осыған байланысты біз қазақстандық кәсіпкерлерді, инвесторларды, сарапшыларды құрметті консулдықтың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамыз. Біз поляк әріптестермен іскерлік байланыс орнатуда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, — дейді Әділ Асанов.

Жеке кәсіпкер бұған дейін төрт рет Польша Республикасында болып, бизнес-форумға қатысқанын, Ақтөбеге ол жақтан алма бағының көшеттерін әкелгісі келгенін айтады. Алайда жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде көшеттер біздің өңірдің суығына төзбейтінін түсінген. Осылайша ол ерекше жобадан бас тартқан. Қазір ол қала аумағында

саңырауқұлақ өсіретін жылыжай ашқысы келеді. Алайда оған көп қаржы керек. Ал польшалықтар инвестор болуға қарсы емес.

Айта кету керек, Әділ Асанов Ақтөбе қаласындағы алькоголді және алькоголсіз сусындар шығаратын «ДАНК BEER» ЖШС-ын басқарады. Бұл салада жүргеніне 15 жылдан асқан.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button