Тағзым

Жақсының сөнбес жарығы…

Ұстаз

Адам ғұмырының әйтеуір бір нүктеде тұйықталатынын кейде ұмытып кетіп жатамыз. Бұл — қалай дегенде де өмірдің заңы. Дегенмен қимас жаныңның өз ортасынан мәңгілікке кетуі жүрекке жабырқау, жаныңа өкініш әкеледі.

Ұстаздық ұлағатымен көпке қадірлі болған, білімі мен білігі, тәлімі мен тағылымы талай шәкірттің санасына сәуле түсіріп, келешекке бағдар берген Гүлмира Таласбаеваның өткен жылы, елу атты елеулі белеске көтерілер тұста өмірден өтуі оны жақсы білетін замандастарының қимастығын тудырды.

Байғанин ауданындағы №3 Қарауылкелді орта мектебінің директоры болған Гүлмира Сержанқызы ұлт руханиятын, халқымыздың салт-дәстүрін алдыңғы орынға қоятын өнегесі мол отбасында 1973 жылы дүниеге келген еді.

Ол Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы орта мектепте білім алды. Сынып жетекшісі Амангүл Өмірзақованың өнегесімен ілгеріге ұмтылған шәкірт қатарының алды болып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады.

Талапты жас мектеп бітірген соң Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетіне оқуға түседі.

«Студенттік өмірде адамдармен тіл табысу тұрғысынан жақсы тәжірибе жинақтадым. Сол кезден ойға түйгенім — егер сен өз бетіңмен талпынсаң ғана табысқа жететіндігің. Мен Мұхтар Арындай ғұлама ғалым, білікті ректордан тәлім алғаныма әлі күнге дейін ризамын», — деп жазыпты күнделік дәптерінде ол.

Қолына дипломын алғаннан кейін ұстаздық еңбек жолын Көкбұлақ орта мектебінде тәрбиеші болып бастап, кейіннен шәкірттерге қазақ тілінен дәріс береді. Одан кейін аудандық Ұландар үйіне әдіскерлік қызметке келеді. 1995 жылдан Қарауылкелді орта мектебінде еңбек етеді.

2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай өткізілген республикалық конкурстың жеңімпазы атанды. Сонымен бірге ЮНЕСКО аумағындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, жүлдегер атанады. Ол қоғамдық жұмыстардан тыс қалмайтын. Сондай ұмтылыс нәтижесінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Байғанин аудандық ұйымына да жемісті жетекшілік етті.

Гүлмира Сержанқызы жетекшілік еткен №3 Қарауылкелді орта мектебі аудандағы таңдаулы білім ордаларының біріне айналды. «Жылдың үздік директоры» атағына ие болуы оның еңбегінің лайықты бағалануы еді.

Әкесінің мамандығы — қаржыгер, өз кәсібінің білгірі атанған жан, ал анасы — бастауыш сынып мұғалімі.

Өмірден өткен жақсы адамдар туралы оның көзін көрген замандастарының естеліктері ғана олардың «ғұмырын ұзартады». Таяуда Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген «Қалдырған ізің мәңгілік» деп аталатын жинақ осы мақсатты көздейді. Онда аяулы перзент, білікті ұстаз, қимас бауыр туралы естеліктер айтылады.

Әке мен ана сағынышы «Жарқ еткен жарық жұлдызым» деп аталыпты.

«Кішкентай кезінен білімге құштар еді, түрлі үйірмелерге қатысып, домбырамен өлең айтып отыратын. Бастауыш сыныпта Бәтима Мұңайтпасова апайынан білім алып, өте жақсы оқыды. Өзінен кейінгі бауырларын үнемі қамқорлыққа алып, жақсы істерді үйренуді үнемі айтып отыратын», — деп тебіреніпті Сержан әке мен Тұрсынбике ана.

Ұстаз еңбегі — жауапкершілігі мол жұмыс. Аудандық білім бөлімінің басшысы болған Аққожа Қожағали өз естелігінде оның жан-жақтылығына назар аударады.

«Гүлмира сауаттылығымен, іскерлігімен ауданның қоғамдық жұмыстарына белсенді араласып, әр шараның бел ортасында жүрді.

Інім Мұрат Мақсатұлымен көңілдері жарасып, отбасын құрды, маған келін болды. Көрген жерде — көшеде, жұмыс кабинетінде иіліп, сәлемін салушы еді…» деп ізеттілігі мен инабаттылығын көпке үлі етеді.

Ақын қыз Гүлімай Әбішқызы аяулы Гүлмира досы туралы:

Нарғыз! Нарғыз! Нарғызым!

Жаннан ерек, жалғызым!

Жүрегіме қадаған,

Жалауым ең ал қызыл…

 

…Оған жәннат, өзіне —

Ұзақ ғұмыр сұрайды.

…Досы өлгендер өлмейді,

Өмір бойы жылайды…— деп суымас сағынышын сездіреді.

…Иә, жақсының жарығы өшпейді. Оны сөндірмейтін — соңына қалған ізгілікті істері, ұлағаты мол тағылым-тәлімі.

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button