Тағзым

Ғалымға ескерткіш белгі қойылды

Сенбі күні Ақтөбе қаласында белгілі ғалым, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, еліміздегі рентген-радиология және радиобиология ғылымдарының негізін салушы, қоғам қайраткері Сайым Балмұхановқа ескерткіш-белгі ашылды. Белгі ғалымның атындағы көшеге қойылды.

Салтанатты іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, облыстағы медицина саласының ардагерлері, ғалымның ұрпақтары мен қала тұрғындары қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Ахат МырзалинСайым Балмұханов Темір ауданының перзенті екенін, саналы ғұмырында еліміздегі онкология және радиобиология ғылымын дамытуға сүбелі үлес қосқанын, ғалымның есімі қазақстандықтардың есінде мәңгі сақталатынын жеткізді.

— Жалпы, Темір ауданынан 17 академик шыққан. Себебі бұл ауданға Ресейден жер аударылған ғалымдар келіп, балаларды интернатта оқытып, содан бұл өлкеден көп білімді азаматтар шыққан. Соның бірі — радиациядан болатын қатерлі ісіктің емін тапқан Сайым Балмұханов ағамыз.

Жапония елі осы кісінің еңбегін бағалап, халықаралық Бейбітшілік сыйлығын берді. Қазір көптеген елде осы кісінің ойлап тапқан әдісімен науқастарды емдейді.

Сайым ағамыз Алматыда, Мәскеуде, тіпті АҚШ елдерінде тұрған,шетелде абыройлы еңбек еткен. Ол — елімізге ғана емес, бүкіл дүниежүзіне танымал болған тұлға. Ғалым әрі саясаткер өзінің бар ғұмырын ғылымға арнады. Елімізде екі рет «Ленин» орденімен марапатталған жалғыз ғалым, — деді А.Мырзалин.

Бұдан кейін іс-шарадамедицина саласының ардагері, профессор, «Шапағат» ауруханасының бас дәрігері Аманжол Адаев сөз сөйлеп, ғалымның медицина саласына қосқан үлесін, елімізде қатерлі ісікпен ауыратын адамдарды сәулемен емдеуге арналған алғашқы клиника құрғанын атап өтті.

Салтанатты іс-шара соңында жиналғандар ғалымның ескерткіш белгісін ашып, оған гүл шоқтарын қойды.

Аталған жиынға қатысқан ғалымның ұрпақтарының бірі Мая Балмұханов балаларымен Алматыдан арнайы келіпті. 30 жылдан астам уақыт медицина саласында еңбек етіп келе жатқан ол ата жолын жалғастырғанын айтады.

— Мен он жылдан астам уақыт онкология саласында еңбек еттім. Қазір жалпы медицина саласында қызмет етемін. Бүгінгі іс-шараға балаларымды арнайы алып келдім. Олар аталарының қандай тұлға болғанын көруі керек. Сайым атаның екі ұлы болған. Оның бірі — менің әкем Борис, екіншісі — Тимур. Олар ерте өмірден өтті. Мен Бористан қалған жалғыз ұрпағымын. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысым шексіз. Ақтөбеліктердің атамызға осындай сый-құрмет көрсетіп жатқанына ризамыз, — дейді Мая Балмұханова.

Айта кету керек, Қазақстандағы рентген-радиология және радиобиология ғылымдарының негізін салушы, қоғам қайраткері Сайым Балмұханов 92 жасында көз жұмған. Ол елімізде онкологиялық қызметтің қалыптасып, дамуына үлес қосып, алғашқы онкологиялық ауруларды сәулемен емдейтін клиникалық база ашқан. Сондай-ақ «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының президиум мүшесі болған.

                                                                                            Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button