Жаңалықтар

Жаңа тариф саясаты қандай өзгерістер әкелмек?

Брифинг

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керектігі атап өтілген еді.

Мұның мақсаты — 2029 жылға қарай желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін 15 пайызға дейін азайту.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында осы мәселеге орай брифинг ұйымдастырылып, оған Табиғи монополияларды реттеу комитетінің біздің облыс бойынша департаментінің басшысы Ерлан Дүйсен қатысты.

Оның хабарлауынша, электр қуатын, жылу өндіретін және суық, ыстық сумен қамтитын «Энергосистема» ЖШС, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ, «Aqtobe su-energy group» АҚ кәсіпорындарынан инвестициялық бағдарламаға байланысты 5 тапсырыс түскен.

«Энергосистема» ЖШС-ның2021-2025 арасындағы мерзімге инвестициялық бағдарлама бойынша қаражаты 12,4 миллиард теңгеге өсіп, 17 миллиард теңгеге жетіп отыр. Ал жоспарланған жұмыстарға келсек, 2023-2025 жылдар аралығында желі бойында жалпы ұзындығы 995,09 шақырым болатын жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.

Бүгінгі күні облыс бойынша бұл кәсіпорынға тиесілі желілердің 75,5 пайызы тозған. Бұл қауіптің жоғары, яғни қызыл деңгейі саналады. 2025 жылдың соңына қарай аталған көрсеткішті 69,3 пайызға дейін түсіру көзделген.

Ақтөбе жылу-электр орталығының биылғы инвестициялық бағдарламасы 2,30 миллиард теңгені құрайды. Бұл кәсіпорынға қарасты желілердің тозу көрсеткіші — 41,5 пайыз (жасыл деңгей).

«Aqtobe su-energy group» АҚ-ныңинвестициалық бағдарламасы өткен жылы 855,7 миллион теңгеге көбейтілген. Оның 808,6 миллион теңгесі — бюджеттен, тағы 47,1 миллион теңгесі тарифтен түсетін табыс есебінен бөлінген. «Aqtobe su-energy group» АҚ-ға қарасты желілердің тозу көрсеткіші былтыр 53,95 пайыз (жасыл деңгей) болған.

Сондай-ақ өткен жылы бұл кәсіпорындар еңбеккерлерінің жалақысы да көтерілген.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button