Тарих

Саяси қуғын-сүргін: зерттеу мен зерделеу

XX ғасырдың 20-30 жылдары еліміздің тарихындағы қайғы-қасіретке толы кезең болып есептеледі. Ол еліміздегі ашаршылық, ұлт зиялыларының жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырауы еді. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» №456 Жарлығының маңызы өте зор. Жарлық XX ғасырдың 50-жылдарына дейінгі уақытты қамтыды. Мемлекеттік комиссияның басты міндеті — жазықсыз жапа шеккен тұлғаларды толық ақтап, жаппай атылған тұлғалардың жерленген орындарын анықтау.Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз зәбір көрген Алаш арыстарының бірі — Тел Жаманмұрынов.

Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің 13-ші қорында сақталған «Алашорда партиясы мүшелерінің тізімі» деген істе 136 адам туралы дерек бар.Олардың арасында ырғыздықтар да кездеседі. Осы ырғыздықтардың басым көпшілігі 1937-1938 жылдары жалған айыппен қуғындалып, ату жазасына кесілді. Солардың ішінде АлашОрда партиясының мүшесі, Алаш қайраткері Тел Жаманмұрынов та (Джаманмурунов) бар.

Тел Бұқпанұлы Жаманмұрынов 1888 жылы Торғай облысы Ырғыз уезінде (Ақтөбе облысы) малшы отбасында дүниеге келген.Ол — көрнекті Алаш қайраткері, ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосқан тұлғалардың бірі. 1907-1912 жылдары Орынбордағы реалдық училищеде оқыған. 1913-1917 жылдары Петровско-Разумовский атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясында оқып жүріп ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысқан, I дүниежүзілік соғысқа алынған қазақ сарбаздарына көмек көрсетуші арнайы топқа кірген.

Тел Бұқпанұлы 1917 жылы қазақ съездерін өткізуге қатысты. Ақпан төңкерісінен кейін 1917 жылдың 2-8 сәуір аралығында Орынбор қаласында Торғай облыстық қырғыз (қазақ) съезі өтті. Осы съезде азаматтық комитеттер, әскери-өнеркәсіптік комитеттер құру, Уақытша үкіметті қолдау және соғысты жеңіс соңына дейін жүргізу туралы шешімдер қабылданады.

1917 жылдың маусым-шілде айларында Ырғыз Земство басқармасы құрылады. 1918 жылдың ақпан-наурыз айларында Ырғызға Мұхамедияр Тұнғаншин (қоғам қайраткері, Қазақ АКСР-ін құрушылардың бірі) келіп, Депутаттар кеңесін (Совдеп) құрады. Оған Алаш партиясының мүшесі Тел Жаманмұрынов төрағалық етеді. Депутаттар кеңесі Земство басқармасымен қатар жұмыс жасады.

1918 жылдың сәуір-мамыр айларында Торғай қаласында генерал Дутовтың ақ гвардиялық отряды орналасқаны белгілі болды. Депутаттар кеңесі бұл бағытта күн сайын полицейлерді барлауға жіберіп отырған. Бірде барлаудан келген полиция қызметкері бәрі тыныш екенін хабарлап, бірақ сол күні Дутов Ырғызды ұрыссыз басып алып, депутаттар кеңесінің мүшелерін тұтқындады.Сол кезде төраға Жаманмұрынов қамауға алынып, кейін босатылған. Жыл соңына қарай Ырғыз депутаттар кеңесінің бұрынғы төрағасы Тел Жаманмұрынов алашордалықтарға қосылады.

1919 жылдың қаңтар айында Ырғызды қоршағаналашордалықтар артқа шегінуге мәжбүр болды. Олармен бірге Депутаттар кеңесінің кейбір жұмысшылары да шегінді. Осы кезде Жаманмұрынов денсаулығына байланысты ауылда қалып, тұтқындалып, кейін бір-екі айдан соң босатылады.

1919 жылдың маусым-шілде айларында Ырғыз отрядында ыдыраушылық болып, қазақ зиялы қауымының бір бөлігі Ырғызға оралып, алашордалықтарға қосылады. Осы тұста Тел Жаманмұрынов Ырғызда Земство басқармасының мүшесі болып қызмет атқарады.

1920 жылы қазақ зиялы қауымының рақымшылық пен жұмылдыруға ұшырауына байланысты АлашОрда үкіметіне қызмет еткен қалған зиялы қауым  өкілдері техникалық жұмыстарды атқару үшін Ырғызға келеді. Осы кезде зиялы қауым өкілдерінің ішінен Сейдалы Оразалин (Земство басқармасының бұрынғы төрағасы), Жален Жумаратов (АлашОрданың Уездік полициясының басшысы), Тел Жаманмұрынов (Земство басқармасының мүшесі) қызмет еткен. Қазақ зиялы қауымының осы бөлігі өзінің алғашқы қадамдарынан бастап партия қызметкерлерінің сеніміне кіріп, одан кейін ВКП(б)-ға кіруді ойлайды. 1920  жылдың маусым айында қазақ зиялы қауымы, барлық алаштықтар және алашордалықтар партия мүшелері атанды. Қайта партия мүшесі атанған       Ұзақбай Құлымбетов, Тел Жаманмұрынов, Әбіш Тайбазаров басқарудың басқа қолда екенін көріп, Ырғыз уезіндегі басқарушылық рөлді өз қолдарына алу үшін партияның кейбір өкілдерін, жауапты жұмысшыларын өздерінің ықпалына алғысы келді. 1921 жылы Тел Жаманмұрынов Орынбор қаласына жіберіледі.

Ол 1921 жылдың шілде-тамыз аралығында Қазақ автономиялық республикасы Егін шаруашылығы халық комиссарының орынбасары, 1929 жылға дейін Егін шаруашылығы халық комиссариаты жабдықтау, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы басқармаларының басшысы, 1929-1930 жылдары Қазақ автономиялық республикасы Статистикалық басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 1930 жылы Алашқа қатысы болғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.1932-1933 жылдары Шымкенттегі Түйе шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, мал шаруашылығы секторының басшысы, 1934 жылы Атөбе облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы, 1935 жылы Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы мал өсіру секторының меңгерушісі болып қызмет етеді.

Тел Бұқпанұлы НКВД шешімімен 1937 жылдың мамыр айында тұтқындалып, 1938 жылдың ақпан айында ату жазасына кесіледі. Алаш ардақтысы 1958 жылы ғана ақталды.

Тәуелсіздік — еліміздің баға жетпес байлығы. Осы тәуелсіздік жолында қаншама қан мен тер төгіліп, еліміз қаншама қиындықты бастан кешірді. Ел тәуелсіздігі жолында жандарын құрбан еткен талай қазақ азаматының ерлігі мәңгілік ел есінде қалары анық.

Пайдаланылған дереккөздер тізімі:

Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві (бұдан әрі АОМА), 13-қор, 5-тіз., 362-іс, 1-5пп;

АОМА, 516-қор, 1-тіз., 1247-іс, 26-33пп;

АОМА, 516-қор, 1-тіз., 1489-іс, 78-84пп.

Бүкілодақтық большевиктердің коммунистік партиясының есепке алу карточкалары.

Гүлбақыт ИСМАГУЛОВА

облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button