Мереке

Отбасы тірегі

Әкелер күні

Қалалық Мәдениет үйінде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшылығы және облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Әке — отбасының тірегі» атты салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараныңмақсаты — әкелер институтын нығайту, олардың отбасындағы  рөлін арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов:

— «Әкенің қас-қабағы — баланың бас сабағы» дейміз. «Жақсы әке — балаға қырық жыл азық» деген сөз әкенің бала өміріндегі орны бөлек екендігінің дәлелі. Бала бойындағы ермінезді, отансүйгіштікті әке қалыптастырады. Отбасының тірегі де, жүрегі де — ер адам. Бала тәрбиесінде өз жауапкершілігін сезінген әкелер қауымын ортақ мүдде жолында белсенді болуға шақырамын. Ортақ ісіміз  сәтті болсын! — деп қоғамдық істерге белсене араласып, көпке үлгі боларлық жұмыстарды ұйымдастыра отырып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі 19 әкені облыс әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хатымен марапаттады. Солардың бірі — Ырғыз ауданының тұрғыныАмантай Нұрбаев.

— 8 бала өсірдім. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміз мақсат-мұратына жетсін. Жер иесі, ел иесі — қазақ халқының ұрпақтары бейбіт заманда ғұмыр кешсін. Әрқашан күніміз шуақты, еліміз қуатты болсын! — дейді сегіз баласын жалғыз жетілдірген ол.

Былтырғы «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпазы, батагөй ата, отанасы Марияшпен 58 жыл тату-тәтті өмір сүріп, 6 бала, 16 немере, 8 шөбере тәрбиелеп отырған Марат Қабижанов жастарға ұлағатты сөзін айтып, батасын берді.

Одан соң облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Қайсар Құлымов «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі», «Қазақстанның әкелері» республикалық әкелер қоғамдастығының өкілі, №41 мектеп-гимназияның әкелер кеңесінің төрағасы Жасұлан Қазгелдіұлы «Отбасымен кітап оқу, талдау мәдениетін қалыптастыру», Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бригадирі, балқытушы Айдарбек Мақатов «Отбасындағы тәртіп және еңбектің пайдасы», облыс бойынша үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Арман Елдесов «Қайырымдылық — әрбір азаматтың міндеті» туралы баяндамаларын оқыды. Бірден көп баланы бауырына басып, бүгінде 28 баланың әкесі атанып отырған Өмірхан Жетесов бала тәрбиесіндегі тәжірибесімен бөлісе отырып, ұсыныстарын ортаға салды.

Қоғам үшін пайдалы істердің ұйытқысы болып, уақытпен санаспай, көктемгі су тасқыны кезінде мұқтаж жандарға қол ұшын созып, белсенділік танытқан 19 волонтер облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің Алғыс хаттарына ие болды. Салтанатты жиын әкелердің құрметіне арналған ән-жырға жалғасты.

Іс-шара барысында көрме де ұйымдастырылды. Көрмеге өнерлі әкелердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары қойылды. Қатысушылардың дені — қала мектептеріндегі көркем еңбек пәнінің мұғалімдері. Мәселен, Нұрпейіс Итолыұлы 21 жылдан бері Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияда еңбек етіп жүр. Көрмеге өзі жасаған қолөнер бұйымдарын әкелген ол ағаштан түйін түюді  сүйікті ісі санайды. Облыстық, республикалық көрме-жәрмеңкелерге қатысып жүрген Нұрпейіс Итолыұлы соңғы уақытта соғымнан қалған сүйектерден жасалған ұлттық бояуы бар кәдесыйларға сұраныс артқанын айтады.

Ал Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясының мұғалімі Ардақ Күмісқалиев «Алтын тұмар» атты жинақтың бірінші шығарылымына облыс бойынша қолының ісмерлігі бар 261 мұғалім туралы дерек енгізілгенін, көп ұзамай 200-ге жуық мұғалімнің еңбектері екінші кітапқа  жинақталып, жарыққа шыққанын айтты. «Демеушілер болса, үшінші кітапты шығарғымыз келіп отыр», — дейді ол.

№16 орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Хабиболла Дүйсеналин әріптестерінің әңгімесін жалғап, көркем еңбек пәнінің маңыздылығына тоқталды. Ол қазіргі уақытта мектеп бағдарламасында сызу, графика сабақтары жоқтығын айта келіп, оқушыны еңбекке баулып, қолөнерге қызығушылығын арттырып, шығармашылығын шыңдайтын көркем еңбек пәнінің сағатын көбейту қажеттігін жеткізді. Себебі, оның айтуынша, қоғам игілігіне қызмет ететін еңбекқор, ізденімпаз, тәрбиелі ұрпақ өсірудің төте жолы — осы.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button