Су тасқыны

Қоныстой жалғаса береді

Апат айтып келмейді демекші, биылғы су тасқынының екпіні қатты болды. Темір өңірі осы тосын жағдаймен облыста алғаш болып бетпе-бет келді.
Темір ауданы орталығы Шұбарқұдық, Алтықарасу округіндегі Еңбекші, Кеңесту округіндегі Шитүбек, Сарыкөл округіндегі Құмсайдағы кейбір үйлерге су кіріп, саманнан салынған үйлердің қабырғалары құлады. Тасқын судың салдарынан баспанасыз қалған 98 тұрғыннан өтініш түскен болатын. Тексеруші компаниялардың сараптамалық қорытындысы мен арнайы комиссияның шешіміне сәйкес 57 үй «апатты, тұруға жарамсыз» деп танылған. Жөндеуді қажет ететін қалған 41 үйдің 30-ы тұрғындардың жеке меншігі болса, 11 үй — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қарасты коммуналдық жалдамалы баспана.
Сонымен қатар Темір ауданы бойынша 62 отбасына материалдық көмек ретінде 25 миллион теңгеден астам өтемақы, ал тұрғын үйлерін қалпына келтіру үшін 30 отбасына 148 миллион теңгеден астам өтемақы төленді.
Аудан орталығы Шұбарқұдықта ауыл тұрғындары бір апта бұрын жаңа үйіне қоныстанған Қазима Қабылова былай дейді:
— 28 наурызда үйім топан су астында қалды. Екі қызым бар. Бір қызым— тұрмыста, ал екінші қызым қолымда. Зейнеркермін. Бұрын Гагарин көшесі 25 үйде 1998 жылдан бері тұратынмын. Үйім саманнан салынған. Су кіргенде қабырғалары шытынап қалды. Әкімдік өкілдері мен арнайы комиссия мүшелері маған үйімнің апатты жағдайда тұрғанын, ол жерде тұруға болмайтынын айтты. Әуелі «енді қайда барамын, қайда тұрамын?» деп қатты уайымдадым. Әкімдіктегілер жаңа үй салуды немесе дайын үй сатып алуды ұсынды. Мен дайын үйді тандадым. Жаңа үйім кең әрі жап-жарық.Облыс әкімдігіне, аудан әкімдігі мен жергілікті әкімдікке алғысымды білдіремін. Ендігі жерде мына алапат су тасқыны енді болмасын деймін. Еліміз аман болсын, — дейді Қазима Қабылова.
Алтықарасу ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылының тұрғыны Бибі Төлениязованың да үйі суға кеткен:
— Мен Еңбекші елді мекенінің жергілікті тұрғынымын. Осы жерде өсіп-өндім. Жолдасым қайтыс болған, екі ұлым бар. Екеуі де студент. Осы ауылда мейірбике болып жұмыс істеймін. Қолымда әкем бар. Осы уақытқа дейін мұндай көлемдегі суды көрмеппін. Биылғы көктем есімде ерекше қалатын болды. Біздің ауылымызға су 24 наурыз күні кешкісін кірді. Кешкі сағат 9-ға таман үйімізді толық су басып болды. Құжаттарымызды алып, үлгеріп шықтық үйден. Ертесіне судың беті қайтты. Үйімізді қарауға келген әкімдік өкілдері мен арнайы комиссия мүшелері үйімді қалпына келтіру бойынша шешім шығарып берді. Жөндеу жұмыстарына өтемақы төленді. Бірақ өзіміз ақылдаса келе үйді бұзып, қайта салуды жөн көрдік. Себебі саман үй болғасын, бәрібір де жарамсыз болады. Қазіргі таңда үйіміздің іргетасын құйып қойдық, — дейді Бибі Төлениязова.
Халқымызда әр істің қайыры бар деген жақсы сөз бар. Қиындықтың артынан жеңілдік қатар келетіні тағы бар. Бұл оқиға елді ауызбіршілікке, сабырлылыққа, шүкіршілікке шақырғандай болды. Бірінен соң бірі қоныс той тойланып, елдің көңілі бірленді. Өткен істен сабақ алып, жаңа жобалар жасақталып жатыр.
Темір ауданында су тасқынының салдарын жою бойынша ауқымды жұмыстар әлі де жалғаса бермек.

А.Мәлікқызы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button