Тарих

Қиыр шығысқа барып қайтқан…

Менің атам Сары Нұралыұлы Тұрдалин Қобда ауданының Жангелді, Қаратал дейтін жерлерінде 1899 жылы дүниеге келген, 1973 жылы өмірден озды. Негізінде, мен оның інісі Төлегеннің баласы екенмін. Алты айлығымда атам асырап алып, содан бауырында өскенмін.

Өз өмір жолыма қысқаша тоқтала кететін болсам, Темірдің ауылшаруашылық техникумын, Саратовтың ауылшаруашылық институтын бітіріп, Қобда ауданының бірсыпыра шаруашылықтарында бас маман, партия комитетінің хатшысы, ұжымшар басшысы, ауылдық округтің әкімі қызметтерін атқардым. Балаларым өскесін Ақтөбе қаласына қоныс аударып, төтенше жағдайлар департаментінің судан құтқару қызметінде жауапты жұмыстарда болып, зейнеткерлікке шықтым. Алдымда Бостыбай деген ағам болған, осыдан бірер жыл бұрын өмірден өтіп кетті.

Сол ағамыз әкеміздің саяси қуғын-сүргінге ұшырағаны туралы еміс-еміс, қысқа ғана әңгімелейтін. Ол кезде мұндай әңгімелерді ашып айтуға болмайтыны белгілі. Берегіректе ағама: «Әкеміздің тарихын білмедің бе, ұрпақтары білу керек қой» деп талай айттым. Бірақ ол кісі: «Заман солай болды, әңгіме қозғаудың жөні жоқ болатын», — деп, сөзді әрі қарай созбайтын.

Қанша дегенмен кішкентайымнан құшағында өскенім бар, кезінде сараңдау айтса да құлағымда қалған әңгімелері сарыны сақталған, солардың әсерімен біраз іздендім. Облыстық мұрағаттан, прокуратурадан, ұлттық қауіпсіздік комитетінен сұрата жүріп, бірсыпыра құндыдеректерді қолға түсірдім.

Әкеміз кеңес өкіметі орнағанға дейін екі кластық арабша білімі болған, кейін төрт кластық қазақ мектебін және Семей қаласынан партия курсын бітірген. Сол заманға сай білімі мен талабы бар ол ат жалын тартып мінгеннен қоғамдық өмірге белсене араласады. Алғашқы құрылған комсомол ұясының хатшысы болып еңбек жолын бастайды. Сол тұстағы қоғамның талабы бойынша құрылған «Кедей» одағының Қобда ауданындағы бөлімшесінің құрамына қабылданып, нұсқаушылық қызмет атқарады. Солай жұмыс істей жүріп, партия қатарына өтеді.

1932 жылы Ойыл ауданының Алтықарасу ауылына қызмет бабымен ауысып, ауылдық кеңестің төрағалығына сайланады. Араға көп уақыт салмай, Ойыл аудандық партия комитетіне шақырылып, парткабинет меңгерушілігіне тағайындалады. Одан ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне жоғарылайды.

Осылай бұдан әрі де қызмет бабында өсуіне кең жол ашылғандай болады. Алматы қаласына жоғары партия мектебіне оқуға жолдама беріледі. Кейбіреулер осы оқуды бітіріп келгесін аудандық партия комитетінің хатшылығына сайланады деп болжамдар да айта бастайды. Бірақ олай болмай, тағдыры күтпеген басқа бағытқа аунап түседі. Бұл кезеңде аумалы-төкпелі заман сан-саққа құбылып, тапқа бөлінген адамдар бір-бірінің жағасына жармасып тұрған-ды. Партия мектебіндегі оқуына кірісе бергенінде соңынан арыз-шағым келіп, бірден қамауға алынады. Одан 1938 жылы Ақтөбе түрмесіне жеткізіліп, 15 жылға сотталып, Қиыр Шығысқа жазасын өтеуге айдалады.

Сібірдің сүйекке жететін суығында көп қиындықтарды бастан кешеді. Бірақ сонда да мойымай, жігерін жаныған ол сол замандағы сауатты адамның бірі болғанының арқасында түрмеден  тура Сталиннің өзіне бірнеше мәрте хат жазады. Ол хаттарында бұрынғы жас коммунист, білікті маман болған өзінің жазықсыз жапа шегіп отырғанын дәлелдеп бағады. Ең жоғарғы басшының өзіне бұл зарлы үні жетті ме, жетпеді ме, беймәлім, әйтеуір, осы қадамынан себеп болып, болмаса бірҚұдайдың қарасқаны ма, 1940 жылы түрмеден босап шығады.

Осы жылдың 14 мамырында Ақтөбе облыстық бюросы ісін қарап, қаулы қабылдайды. Онда 1938 жылдың 26 желтоқсанында халық жауы ретінде НКВД органы тұтқындағаннан кейін Ойыл аудандық партия комитетінің бюросы партия қатарынан шығарғаны айтылған. Осы бюроға әкемнің өзі де қатысып отырған. Мұнымен бірге қаулыда контрреволюциялық ұлтшылдық бағыттағы ұйымдардың  қызметіне қатысты деп айыпталған және тұтқындалған Сары Тұрдалиннің қосымша тергеу кезінде тағылған айыптардың анықталмағаны, құрамында қылмыстық белгі болмағандықтан істің тоқтатылғаны, 1940 жылдың 29 қаңтарында Ойыл аудандық партия комитетінің бюросы Тұрдалиннің апелляциясын қарап, партиялығын қалпына келтіруді облыстық партия комитетінен сұрағаны көрсетілген.

Қорытындысында облыстық партия комитеті Ойыл аудандық партия комитетінің Тұрдалиннің партия мүшелігін қалпына келтірген шешімін бекітіп, Қобда аудандық партия комитетіне партиялық құжаттарын беруді тапсырады.

Өзінің туған жері Қобда ауданына келіп, құжаттарын қайтарып алған әкеміз қызмет бабында қайта өрлеп, бірден Жангелді ауылына басқарма төрағасы қызметіне жіберіледі. Дегенмен әр нәрсеге секеммен қарайтын заманда жағдай алған бетте-ақ түзеліп кете қоймайды. Алдында істі болғанын бетіне басып, кейбіреулер басқарма төрағасы қызметіне келуіне қарсылық көрсетіп бағады. Сол бақталастық, көреалмаушылық арада үш жыл өтсе де, қыр соңынан қалмайды. Бір күні арнайы қастық па, болмаса кездейсоқтық па, ұжымшардың астық алқабы өртенеді. Осы  оқиғаны ілік қылып басқармалықтан босатады.

Бұл соғыс жүріп жатқан ауыр кез еді, ер-азаматтар майданда болатын. Жасы қырықты орталаған Сарыны тікелей майданға алмай, Башқұртстандағы 4-батыс атты әскер полкіне жібереді. Мұндағы қызметі атты кавалерия әскерін даярлаумен байланысты болған сияқты.

Содан өзінің туған өңірі Қобдаға соғыс өрті басылғасын ғана оралып, «Жангелді» ұжымшарында, «Қобда» кеңшарында ондаған жыл ферма меңгерушісі, ферма басқарушысы бола жүріп, елуінші жылдардың орта тұсынан сауда саласына —тұтынушылар одағына қызметке ауысады. Астрахан селолық тұтынушылар кооперациясы басшысының орынбасары, дайындау конторының қызметкері жұмыстарын атқарып, 1960 жылы зейнеткерлікке шығады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де үйде қарап отырмай, 1973 жылы өмірден өткенге дейін ауылдағы жеңіл-желпі жұмыстардан қол үзген жоқ. Анамыз Рабиға екеуі бір-бірін түсінісіп, қолдап, ғибратты ғұмыр кешті. Отбасында 2 ұл, 2 қыз өсіп-жетілдік.

Бостыбай ағамыз көп жыл ауыл шаруашылығы маманы болды, Калиновка, Успен ауылдарында партия, кеңес қызметтерін абыроймен атқарды. Мардан, Мәрен және Нұрлан есімді балалары ел азаматтары атанды.

Әкем жасы ұлғайып, құрметті еңбек демалысына шыққанда колхоздың егін күзетшісі болып жүріп анда-санда орыстарға мен кавалериспін дейтін. Соның сырын кейін құжаттарымен танысқанда түсіндім.

Әкеміздің басынан кешкен ауыр жайлар бүгін де бізді, балаларын, ойландырып, мазасыздандырады. «Неге сондай жағдай орын алды екен?» деген сансыз сауалдар санамызды мазалайды. Егер дер кезінде ақталмағанда тағдыры қалай болар еді?

Біздің ендігі тілегіміз — ол күндердің беті аулақ болсын. Бейбітшілік пен бірлік, ауызбіршілік, түсіністік орнасын ортамызда. Сонда ғана жақсы күндеріміз көп болады деген ойдамыз.

Құдайберген ТҰРДАЛИН,

еңбек ардагері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button