Тарих

Еліне еңбек еткен жан еді…

Қырық сегіз жасында жазықсыз қуғын-сүргін салдарынан өмірден өткен атамның өмірбаянына қарағанда ол өзі өмір сүрген қоғамға қалтқысыз қызмет еткендігі байқалады.

Атам Қонар Дәулетов 1895 жылы Шалқар ауданының Жылтыр ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан елдің сөзін сөйлеп, ілгеріге ұмтылып, көпшілік мүддесіне қызмет етеді.

Елімізге жаңа қоғам орнап, кеңестік дәуір келгенде де білім-білігімен алдыңғы қатардан көрінеді. Соның нәтижесінде 1924-1925 жылдары өзі туып-өскен №1 ауылдық кеңесте хатшы болып қызмет етеді. Содан кейінгі екі жыл қатарынан ауылдық кеңес төрағалығы қызметі тізгінін ұстайды.

1926-1928 жылдары Шалқар аудандық-болыстық атқару комитетінде іс жүргізушісі болып еңбек етуі оның сол уақыттағы сауаттылық дәрежесін байқатса керек.

Сол тұстарда, яғни отызыншы жылдардың басында елімізде сауатсыздықты жою, халық арасында мәдени-ағарту жұмыстарын жан-жақты жүргізу алғашқы орынға шығарылады. Сондықтан да ол осы кезеңде №7 және №10 ауылдарда Қызыл отауда еңбек етіп, ауыл тұрғындары арасында үгіт насихатжұмыстарының жаршысы болады.

Өзінің ұйымдастыру қабілетімен көрінген оны көп ұзамай аудандық тұтынушылар одағының төрағасы қызметіне жібереді. Бұл қызметін жетілдіре отырып, жоғары басшылықтың тапсырмасына орай Шалқар, көршілес Мұғалжар өңірінде тұтынушылар ұйымын құрып, сауда орындарының көптеп ашылуына, сөйтіп, халыққа қызмет аясының кеңеюіне ықпал етеді.

Отызыншы жылдардың басындағы елде қолдан жасалған ашаршылық көптеген отбасылардың ойрандалуына әсерін тигізді. Сол кезеңде қаншама баланың ата-анасыз қалғанын бүгінде есептеп шығару да қиын болар. Сондықтан жер-жерде балалар үйі ашылды.

Қонар Дәулетовті енді Шалқар қаласында ашылған осындай жетім балалар үйін басқаруға жібереді.

Ал 1936-1937 жылдары атам Шалқар аудандық жоспарлау бөлімінің төрағасы және еңбекшілер депутаттары атқару комитеті төрағасы қызметтерін атқарады.

1937 жылдың 5 тамызында Шалқар аудандық халық сотының төрағасы болып сайланады. Осы қызметте жүргенде елде жаппай орын алған қуғын-сүргін құрсауына ілінеді.

Енді тағы ресми құжаттарға жүгінетін болсақ, мынадай деректер алдымыздан шығады:

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары М.Жақыпбековтің қолы қойылған 2022 жылғы 31 қазандағы қатынаста Қонар Дәулетовтің 1937 жылғы 29 желтоқсанда үштіктің үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны және оның 1943 жылы қайтыс болғаны жазылады.

1958 жылы бұл іс бойынша ешқандай дәлел табылмағандықтан, оның ақталғандығы айтылады.

1961 жылы Қазақ КСР Жоғарғы сотынан оның ақталғаны туралы ресми қатынас келеді.

Сол жылы жазылған тағы бір анықтамада Қонар Дәулетовтің отбасында әйелі Жамал мен баласы Зияш болғаны туралы айтылады.

Міне, қуғын-сүргінге ұшыраған, заманының теперішін көрген мыңдаған адамның бірі менің атам Қонар Дәулетовтің тағдыры осындай.

Жыл сайын күнтізбедігі мамырдың соңғы парағындағы еске алу күнінде атамыздың біз фотосуреттен көрген жарқын бейнесін жадымызда берік ұстап, аруағына дұғамызды бағыштаймыз.

Менің әкем Мұхит Дәулетов атамызды көке деп кеткен екен. Ол атамыздың атын ақтау үшін тиісті орындарға барып, аянбай ізденген. Соның нәтижесінде ақиқатқа қол жеткізді деуге болады.

Еліне елеулі еңбек еткен, жазықсыз құрбан болған атамызды мәңгі еске сақтау үшін өзі туып-өскен Шалқар ауданында жергілікті билік тарапынан белгілі бір іс-шаралар жүзеге асса деген ойымыз бар.

Марат ДӘУЛЕТОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button