Тарих

Тау – тұлғамен жүздесу

Бірегей

Күнделікті күйбеңнен қол босаған сәтте жеке мұрағатымыздағы қағаз-құжаттарға, фотосуреттерге көз салатынымыз бар. Кейінде қалған жылдар ойыңа оралады, көңіліңді қозғайды. Мына фотосурет сыртына «1993 жылдың 16 ақпаны» деп жазылыпты. Онда  елміздің тұңғыш ғарышкер-ұшқышы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров бейнесі сақталыпты.

Еліміз тарихында өзіндік орны бар тұлғамен кездесу сәті қалай болып еді?

1993 жылғы 7 наурызда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне халық депутатын сайлау белгіленді. Бұл мәртебелі орынға кандидаттыққа Ақтөбе облысындағы №44 Комсомол сайлау округінен екі адам ұсынылды. Бірі — белгілі саясаткер Жасарал Қуанышәлі, екіншісі — Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Тоқтар Әубәкіров.

Кеңес империясы күйреп, құрамындағы одақтас республикалар өз алдына дербес отау құрған шақ. Жан-жақпен экономикалық байланыстардың ыдырауы салдарынан тұрғылықты халық санасында екі ұшты ойлар орныққаны, қайсыбірінің ел тәуелсіздігіне күмәнмен қарағаны жасырын емес. Дүкен сөрелері жұтап, күнделікті тұтынатын тауарлар тапшылығы айқын сезілді. Оның үстіне ақпанның үскірік аязы мен қарлы бораны алқымнан алып, жұртты әбігерге салғаны бар. Демократияның желеуімен әртүрлі ағыстар мен топтар белсенділік танытып, жағдайды ушықтыра түсті.

Осындай аласапыран шақта аталған сайлау округі құрамындағы Комсомол, Қарабұтақ және Ырғыз аудандарының әкімшілігінен, іс басындағы азаматтардан қатаң жауапкершілік сұралуы заңды. Депутаттыққа кандидаттар арасында тепе-теңдікті сақтап, күнілгері жасалған жоспарға сәйкес сайлаушылармен кездесуін қолданыстағы заңдылықтар шеңберінде өткізу қажет болды. Олардың өмірбаяны туралы нақты деректер ұсынылды. Тоқтар Оңғарбайұлы қарапайым ұстаның отбасында туған, жеті айлығында әкеден айырылған, анасы да өмірден ерте кетіп, апасы Бикен мен жездесі Нағметтің тәрбиесінде болған. Әскери білім алғаннан кейін ғұмырының біраз жылдарын Ресей авиациясында қызмет етуге арнады. Жасаралдың әкесі Мінәжадин Құрмашов — Ұлы Отан соғысы жылдарында француз қарсыласу қозғалысында шайқасқан ақтөбелік он төрт адамның бірі, анасы Феруза Сражатдинова — білікті ұстаз, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі.

16 ақпанда түстен кейін депутаттыққа кандидат Тоқтар Әубәкіров тікұшақпен Қарабұтақ ауылына келіп қонды. Қасында сенім білдірген өкілі, белгілі өнер қайраткері Талғат Теменов пен адьюданты бар. Мәртебелі меймандарды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, облыс әкімінің орынбасары Ізбасқан Аймағамбетов, аудан әкімі Сұлтан Құрманалин, халық депутаттары аудандық кеңесі төрағасының орынбасары Абай Бекниязов күтіп алды. Бұл топтың құрамында  облыстық және аудандық газеттер редакциялары атынан Сексенбай Күлімбетов пен осы жолдардың авторы болғанбыз.

Тұңғыш ғарышкер-ұшқыш бастаған топ сол күні Аралтоғай ауылында, келесі күні Бөгетсай, Қарабұтақ ауылдарында сайлаушылармен кездесіп, мағыналы, ашық әңгімелер жүргізді.

Сымбатты тұлғасына әскери киімі жарасып тұрған генерал-майордың мәдениетті қимыл-қозғалысы, кішіпейілділігі жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Төралқа үстелінен төмен түсіп, алдыңғы қатарда отырған ардагерлерге қол қусырып сәлем беруі ел ықыласын тудырғаны рас.

Тоқтар Оңғарбайұлы өзінің сөзінде елімізден тысқары аймақта өзге ұлттар өкілдерімен бірге тұрып оқығандықтан, қызмет атқарғандықтан қазақ тілін жетік меңгеруге мүмкіндік аз болғандығын айтып, кешірім сұрады.  Қыстың аязды күнінде Қарабұтақ қазақ орта мектебінің ауласында мектептік киім үлгісімен желең тұрған оқушыларға таяу келді де: «Сіздер — біздің келешегімізсіздер, өздеріңе үміт артамыз. Жылы киініп жүріңіздер, денсаулықты сақтаңыздар» деді. Әрине, мұндай қамқор пейіл үлкен жүректен шығады ғой.

Депутаттыққа кандидат пен оның сенім білдірген өкілі Талғат Теменовке залдан сұрақ қойған адамдар олардың нақты жауап бергені үшін ризашылықпен қол соғып жатты.

Келесі күні қонақтар көрші аудан орталығы — Комсомол ауылына бет алды.

7 наурызда №44 Комсомол сайлау округі бойынша учаскелік сайлау комиссиясы жұмысты толық қорытындылап, нәтижесін хабарлады: 19880 адам, яғни барлық сайлаушының 60,9 пайызы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің кандидатурасын жақтап, дауыс берген.

Жағымды жаңалық жарияланған соң кідіртпей сол кездегі бас қала — Алматыдағы пәтеріне телефонмен қоңырау шалғанмын. Тоқтар Әубәкіровтің айтқаны:

— Әлгіде ғана Сіздің алдыңызда Комсомол ауданынан Есімхан Есенбаев хабарласып еді. Міне, екінші боп сіз құттықтадыңыз. Рақмет! Жолыңыз түсіп, келе қалсаңыз, міндетті түрде үйімізге қоңырау соғыңыз. Мүмкіндігін келтіріп, екеуара әңгімелесейік.

Арада  екі айдай уақыт өтті. Қарабұтақ ауданында  республикалық деңгейде Әйтеке Байбекұлының құрметіне өткізілетін шараға бір топ мәртебелі мейманды шақыру тапсырмасымен Алматыға бет алдым. Сыйлы адамдардың құрамында өзіміз сайлаған депутатымыз Тоқтар Әубәкіров те бар еді. Үкімет үйіндегі қызметтік кабинетіне кіргенімде ағамыз орнында болмай шықты. АҚШ-та университеттердің бірінде  лекция оқуға шақыру алып, сол жаққа іссапармен кетіпті.

Осылайша Орта Азия мемлекеттерінен шыққан тұңғыш ғарышкер-ұшқышпен — өзіміз сайлаған депутатпен келесі бетпе-бет жүздесудің орайы келмеді. Өкінішті. Арада отыз жылдан астам уақыт өткенде осы жазба қағазға түсті.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.  

Суретті түсірген А.РЫСМАҒАНБЕТОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button