Мереке

Мемлекеттік қызметшілер марапатталды

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Ақтөбе қаласы әкімдігінде салтанатты іс-шара өтті. Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп жүрген бір топ азаматты құттықтады. Жиынға мемлекеттік қызметтегі жастардың ата-аналары да құрметті қонақ ретінде шақырылды.

Мемлекеттік қызмет — мәртебелі міндет. Бұл терең білімді, біліктілікті, үлкен жауапкершілікті, төзімді  қажет етеді. Жас буынға, әріптестеріме ең бастысы, сабырлылық, төзімділік және осы жауапкершілігі мол жұмысты атқару үшін зор денсаулық тілеймін! Бүгінгі іс-шараға аға буын өкілдері де келіп отыр. Сіздер қызметтегі жастарға бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестеріңізді айтып отырасыздар. Сіздерге алғысымыз шексіз, — деген қала әкімі Азамат Бекет жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Мемлекеттік қызметтегі көп жылғы абыройлы, адал еңбегі үшін «Ақтөбе қаласының  дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Гүлнар Борамбаева, Бақұзақ Дарин және Валентина Мамбетова марапатталды. Сондай-ақ бірқатар қызметкер міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің  және Ақтөбе қаласы әкімінің Алғыс хатына ие болды. Қала әкімі елдің даму жолында қызмет етіп жүрген жастарды тәрбиелеп өсірген ата-аналарға ерекше алғыс айтты.

Ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте істеген Ермекбай Оспанғалиев қызы Мөлдірдің осы салада еңбек ететінін мақтанышпен айтып, жастарға ризашылығын білдірді.

—Мереке қарсаңында марапаттау рәсіміне қатысып жатырмыз. Мемлекеттік қызмет оңай жұмыс емес. Өзім де осы салада ұзақ жыл тер төктім. Он балам бар. Соның төртеуі жеке кәсіппен айналысса, үшеуі мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп жүр. Қызым Мөлдір қазір қалалық  кәсіпкерлік бөлімінде бас маман болып жұмыс істейді, 11  жылдық еңбек өтілі бар. Өз ісіне тиянақтылығы бізді қуантады, — деді ақсақал.

Жиын соңында үлкендер жастарға батасын берді. Жастар ата-аналарымен бірге суретке түсті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button