Жастар

Жұмыс және баспана

Ресми деректерге сүйенсек, облыста 267 мыңға жуық жас бар. Бұл — өңір тұрғындарының бестен бір бөлігі. Олардың басты мәселелері — баспаналы болу және жұмыссыздық.

Биылғы І тоқсан бойынша өңірде ресми тіркелген жұмыссыз жастардың саны — 3350. Осы орайда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықтың тұрмысы төмен тобы үшін арнайы әлеуметтік жұмыс орындары ашылды. Жыл басталғалы 10753 жас жұмыспен қамтылды. Соның ішінде бос жұмыс орындарына — 1608, әлеуметтік жұмыс орындарына — 165, жастар практикасына — 152, ал қоғамдық жұмыстарға 714 жас тартылды.

«Жасыл ел» жобасы аясындабиылғы еңбек маусымында 1960 жасты уақытша жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Соның 700-і — кәмелет жасына толмағандар.

«Жастар тәжірибесі» жобасына 2095жігіт пен қыз жіберілгенмен, соның тек 32 пайызы, яғни 690-ы бағдарламаны толық мерзімде аяқтады. Себебі қатысушыларға берілетін 80 мың теңге көлеміндегі еңбекақы жастардың сұранысын қанағаттандырмай отыр, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетов.

Өңірде баспана мәселесі де өзекті. Оның айтуынша, биыл «Ақтөбе жастары» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыру үшін 1 миллиард теңге бөлінген. «Аталған бағдарлама арқылы жыл соңына дейін 70-тен астам жас отбасының үйлі болуына мүмкіндік жасағымыз келіп отыр. Бұл жерде негізгі басымдық ауыл жастарына және баспанасыз жүрген жұмыссыз жастарға беріледі», — деп атап өтті ол.

Ақтөбелік жастардың арасында волонтерлік қызмет жақсы дамыған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазіргі таңда облыс бойынша құрамында 3 мыңнан астам мүшесі бар 164 еріктілер тобының жұмыс істейтіні айтылды. Олардың барлығы QazVolunteer.kz бірыңғай платформасының тіркеуінде тұр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button