Басты жаңалықтарСу тасқыны

11 ақтөбелік мемлекеттік награда алды

Біз біргеміз!

Облыста көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарға қолғабыс білдіріп, көмек көрсеткен азаматтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік наградаларға ие болды. Олардың алтауы Ақордада өткен салтанатты іс-шараға қатысып, марапаттарын Президенттің қолынан алса, қалғанына облыс әкімі Асхат Шахаров табыстады.

Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Асхат Шахаров төтенше жағдай кезінде азаматтық белсенділік танытқан азаматтарға алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

— Өңірімізде болған су тасқыны кезінде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, әскерилер, полицейлер, дәрігерлер, коммуналдық мекемелердің өкілдері өз қызметтерін адал атқарды. Сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты қолдау білдіріп, қол ұшын созған жандардың қатарында кәсіпкерлер мен еріктілер бар. Біз бұл азаматтардың бәрін де нағыз патриот деп атауымызға болады. Ал бейбіт күннің батыры атану — кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Ел басына күн туып, төтенше жағдай кезінде шұғыл шешім қабылдап, ержүректік танытқан барлық жерлестерге шын жүректен алғыс айтамын, — деген облыс әкімі Ырғыз ауданы Нұра ауылдық клубының күзетшісі Саламат Қоқымбайға ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін, Шалқар ауданының жеке кәсіпкері Бегімбет Рахыманов пен Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округінің өрт сөндіру бекетінің басшысы Ерлан Шойыновқа «Ерен еңбегі үшін» медалін, ерікті Асылан Сатанғалиевке «Шапағат» медалін табыстады.

Сондай-ақ басқосуда облыс әкімі табиғи апат кезінде халыққа қол ұшын созып, оларды қауіпсіз жерге көшіруде жедел әрекет еткен 14 адамға арнайы Алғыс хат табыс етті. Олардың қатарында «ArtLab» ЖК басшысы Марина Деркач, «ArtLab» ЖК белсендісі Айсәуле Айпеисова, жеке кәсіпкер Нұрболат Әбілов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті ғылым және инновация департаментінің бөлім басшысының міндетін атқарушы Нұрайым Пірзадаева, «Жасмин» волонтерлік ұйымының жетекшісі Гүлназ Бұламбаева, «Арай» оқу орталығының басшысы Арай Бауыржанқызы, қоғам белсенділері — Жомарт Қартбаев,Алексей Кравцов, Назарбек Нұрмағамбетов, Ақтөбе қаласының білім бөлімі жалпы орта және мектепке дейінгі білім беру секторының бас маманы Гүлнұр Зарлықова, «Садовое» тұрғын алабының белсендісі Сағат Оразов, ерікті Азамат Сисенов, сондай-ақ «Оptima_club_aqtobe» жүргізушілер клубы мен «Ақтөбе балықшылары» құтқару тобының мүшелері бар.

Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатталғандардың бірі — Шалқар ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Бегімбет Рахыманов. Ол көктемгі су тасқыны кезінде өз техникаларымен суды бөгеуге атсалысқан.

— Қуаныштысы, биыл біздің ауданымызда су тасқыны болған жоқ. Аудан аумағындағы дамбыда су деңгейі көтерілгенде, белсенді азаматтар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жедел әрекет етіп, техникамен құм тасып, суды бөгеуге атсалыстық. Сол кездегі жұмыстарға мен төрт арнайы техникамды жұмылдырдым. Нәтижесінде ауданымыз судан аман қалды. Міне, сол кездегі жұмыстарға қосқан үлесімізді елеп, бүгін Мемлекет басшысының марапатын алып отырмыз. Өте қуаныштымын. Енді мұндай табиғи апат болмасын! — дейді жеке кәсіпкер.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button