Жаңалықтар

Жастар үшін жаңа мүмкіндіктер

Мемлекеттік қызмет

1 шілдеден бастап Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа тәсілі енгізіледі. Енді мемлекеттік қызметші болғысы келетін азаматтар әлемнің кез келген нүктесінен және қалаған уақытында eqyzmet.gov.kz сілтемесі арқылы сыртқы-интернет порталға тіркеліп, конкурсқа онлайн форматта қатыса алады.

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов айтты.

Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында департамент басшысымен сұхбаттасқан едік, жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесі әңгімеміздің өзегіне айналды.

Былтыр агенттік мемлекеттік қызметке онлайн режимде іріктеуді пилоттық сынақтан өткізуді бастады. «Е-қызмет» жүйесі арқылы 6 мемлекеттік органда — Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Көлік министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Сауда жəне интеграция министрлігі, Ақмола облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері жаңа пилоттық жобаны сәтті жүзеге асырды. Бұл жүйеге Ақтөбе облысы 1 шілдеде қосылады. Жаңа форматтың артықшылықтары көп. Біріншіден, мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинаудан босатады. Өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы немесе өзге бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеру, біліктілік талаптарына сай келуін қарау барлығы автоматты түрде жасалады. Екіншіден, мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды. Бұл мақсатта үміткерге ID-нөмір беріледі. Конкурсқа қатысушылар мен мемлекеттік орган оның аты-жөнін көре алмайды, — деді мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа тәсілі туралы кеңінен айтқан Айбек Шілманов.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда мемлекеттік қызметке жастарды тарту мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстанда тиімді мемлекеттік аппарат құруға, кадр саясаты мәселесіне баса көңіл бөлініп келе жатыр. Қажетті институттар мен уәкілетті органдар құрылып, заңдар мен сол заңдарға сәйкес іске асырылатын нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Агенттікке берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес жаңа тәсілдер әзірленіп, бүгінде мемлекеттік қызмет туралы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы енгізілген өзгерістердің басым бөлігі  жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктер екендігін атап кеткен жөн. Себебі жастар қашанда белсенді буын өкілдері екендігін ұмытпауымыз керек, — деді департамент басшысы.

Жоғарғы оқу орнын бітірген түлектерді мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тағайындау да жыл жаңалықтарының бірі. Бүгінгі таңда облыс бойынша 13 жас мемлекеттік қызметші жұмысқа конкурстық іріктеусіз тағайындалған.

Бұл өзгеріс білімді, білікті, өз ісіне адал жас мамандарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, аудандық әсіресе ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығын азайтуға үлкен септігін тигізеді. Мұнда үміткерге қойылатын басты талап дипломындағы GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен болмауы керек. Осылайша уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдар бір жыл ішінде конкурсқа қатыспай-ақ «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындала алады. Тағайындаулар уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу арқылы жүзеге асырылады, — деді департамент басшысы.

Елімізде қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды анықтау және мемлекеттік қызметке тартуды мақсат еткен жобалардың бірі — Президенттің бастамасымен 2019 жылы іске қосылған «Президенттің жастар кадр резерві». Жоба басталғалы 13 ақтөбелік Президенттік жастар кадр резервіне іріктеліп, оның 12-сі түрлі лауазымдарға орналасты.

Ал биыл 1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірінде,республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында өңірлік кадрлық резервтерге өтініш қабылдау басталды. Департамент басшысы қазіргі таңда өңірлік резервке қатысты түзетулерді заңға енгізу мәселесі пысықталып жатқанын айтты.

Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурсқа қатыспай-ақ орналаса алады, — деген Айбек Шілманов іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алатынын айтты.

Сонымен қатар ауыл жастарын қолдау мақсатында 2020 жылдың қазан айынан бастап ауылдық округ әкімі аппараттарының мемлекеттік қызметшілері үшін әлеуметтiк қолдау шараларын ұсынуға бағытталған «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы енгізілді.

Аталған бағдарлама арқылы ауылдық жерге жұмыс жасауға барған мемлекеттік қызметші 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндебіржолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік қолдауға ие болады.

Облыс бойынша мұндай қолдауға 52 мемлекеттік қызметші ие болып, аудандарда жемісті еңбек етіп жүр.

Айта кетейік, бүгінде облыста 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Оның ішінде жастардың үлесі — 30 пайызға жуық.

Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы — 39,3 жас. Орташа мемлекеттік қызмет өтілі — 11,3 жыл. Атқаратын лауазымдағы орташа еңбек өтілі — 4,5 жыл.

Облыстағы мемлекеттік органдарда Мемлекеттік басқару академиясының 27  түлегі және «Болашақ» бағдарламасының 5 түлегі қызмет атқарады.

— Мемлекеттік қызмет — жауапкершілігі мол міндет.Мемлекеттік қызметте жүрген әрбір адамның басты ұстанымы қарапайымдылық, әділдік пен адалдық болуға тиіс.Кәсібилік пен әдептілік оның тұтас имиджін көрсетеді.

Пандемия кезінде де, күні кеше болған көктемгі су тасқыны кезінде де біздің мемлекеттік қызметшілеріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қиналғандарға қол ұшын беріп, өздерінің үлкен жүрек иелері екенін көрсетті. Әріптестерімді кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларына амандық, халыққа қызмет ету бағытындағы адал еңбектеріне сәттілік тілеймін!

Отанымыз — Қазақстан Республикасының дамуы жолындағы қызметтеріңіз абыройлы болсын!— деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button