«Ақтөбе» — 100!

«Облыстық газет беттерінен көп зерттеуші іздегенін таба алады»

Биыл облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің жарыққа шыға бастағанына 100 жыл толып отыр. Туған өлкенің 100 жылдық шежіресі хатталған газеттің көне тігінділері облыстық мемлекеттік архив қорында сақтаулы тұр.

Жуырда облыстық мемлекеттік архивте газеттің ғасырлық мерейтойына орай «Кедейден» «Ақтөбеге» дейін» атты танымдық іс-шара өтті. Бұл жиынға екі ұжым қызметкерлері, сондай-ақ архивте зерттеу ісімен айналысып жүрген өлкетанушылар, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарих факультетінің студенттері қатысты.

Облыстық мемлекеттік архив қызметкерлері осы іс-шараға орай «Ақтөбе» газетінің өткен тарихынан құжаттық көрме әзірлепті. Жиналғандар алдымен осы көрмені және жақын жылдары күрделі жөндеуден өткен архив ғимаратын аралап көріп, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысты.

Биыл облыстық газеттің жарыққа шыға бастағанына 100 жыл толды. Газеттің осы уақыт ішіндегі көне тігінділерімен қатар, оның жұмысының қалай жолға қойылғаны, алғашқы редакторлары, жалпы, осы ғасыр ішіндегі тарихына қатысты құнды құжаттар да біздің архивте сақталып тұр. «Архив — 2025» бағдарламасы аясында көрші Ресей елінің архивінде болғанымызда, осы басылымда басшылық қызметте болып, газеттің іргетасын қалаушылардың бірі, жазушы, ұлт қайраткері Жиенғали Тілепбергеновке қатысты құжаттар тауып әкелдік. Екі ұжым арасындағы байланысты нығайта түсу үшін біз газеттің мерейтойына өз үлесімізді қосуды көздедік, — деді облыстық мемлекеттік архивтің директоры Марат Төлебай.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин өз сөзінде газет мерейтойына орай ізгі ниеттерін жеткізіп, арнайы іс-шара ұйымдастырып отырған архив ұжымына, оның басшыларына ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ газеттің өткені мен бүгіні, мұнда еңбек еткен белгілі тұлғалар туралы баяндады.

— Ал архив — киелі шаңырақ.Біздің ұжым ғана емес, бүкіл өңірдің соңғы 100 жылдағы тарихына, соның ішінде қарапайым адамдардың да атқарған қызметіне, өмір жолына қатысты құжаттар осында сақталып, оның игілігін барша халық көріп отыр, — деп атап өтті ол.

Бұдан соң облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай сөз сөйлеп, екі ұжым қызметінің ұқсастығына тоқталды, архив қызметкерлерін газетке автор ретінде атсалысып тұруға шақырды. Газетіміздің тілшісі, ардагер журналист Нұрмұхамбет Дияров екі ұжым қызметкерлерінің әрдайым бірлесе жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

Тарих магистрі, өткен ғасырдың 20-50 жылдары арасындағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне орай зерттеулер жүргізген Дәурен Сайынов:

Біз тарихты хандардың, батырлардың, белгілі тұлғалардың тағдыры арқылы зерттеп, сол арқылы танып келдік. Енді соңғы кезде «Қарапайым адамдардың өмірі қалай болды екен?» деген сауалға бет бұрдық. Осы тұрғыдан алғанда, қарапайым жандардың 100 жыл бұрынғы өмірін зерттеп-білемін деген адам үшін  «Кедей» газетінің көне тігінділері — құнды деректерге тұнып тұрған бір әлем. Мұнда жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған жандар туралы деректер де көп. Облыстық газет беттерінен көп зерттеуші іздегенін таба алады, — деді.

Бұдан соң Раукен Отыншин облыстық архив ұжымына Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстады, өз кезегінде Марат Төлебай да редакция ұжымына сый-сияпат көрсетті.Соңынан екі ұжым қызметкерлері естелік суретке түсті.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button