Тарих

Тағаевтың тағдыры

Отызыншы жылдардың ойранында Ырғыз өңірінің көптеген азаматтары жазықсыз жазалау науқанының қармағына іліккені тарих беттерінен белгілі.  «Халық жауларының ұясы»деп айдар тағылған бұл аймақтан сол қилы кезеңде бетке ұстар азаматтардың талайы жапа шекті. Олардың арасында қарапайым шаруа адамынан бастап елге тұтқа болған қайраткерлерге дейін бар еді. 

Сондай азаматтардың қатарында Ырғыздағы мектепте мұғалім, директор  қызметін атқарған Көшек Тағаевтың тағдырына тоқталғымыз келеді. Артында іздеушісі болмаса кім-кімнің де есімі ұмытыла бастары хақ. Зұлмат жылдарда жазықсыз ату жазасына кесілген Көшек Тағаевтың Ақтөбе қаласында тұратын туысы Нұрғазы Елентаев атасы туралы ресми орындарға хат жазып, сұрау салуының нәтижесінде бірқатар дерек жинастырыпты.

Нұрғазы Маханұлына Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінен келген жауап хатпен бірге архивте сақталған Тағаев туралы құнды құжаттар көшірмелері қоса жолданған екен. Аталған департаменттің ақпараттық-аналитикалық орталығынан берілген «Мұрағаттық анықтамада» Көшек Тағаевты айыптау бойынша қылмыстық істің арнайы мемлекеттік мұрағатта сақталғандығы көрсетілген.

Ұрпақ тәрбиелеумен айналысқан, қызметін елдегі ағартушылық қызметке арнаған жанның қырық жастың қырқасынан асқанда ату жазасына кесілетіндей қандай қылмысы болғандығы айыптау қағазында ашып айтылмаған. 1895 жылы Ырғыз ауданының №4 ауылында туып-өскен Көшек Тағаевтың қағаздағы әлеуметтік жағдайының тұсына мұғалім, молда болғандығы жазылыпты. Отбасында әйелі  Салы, қыздары бес жасар Башарген, екі жастағыТұрар болғандығы көрсетілген. Айыптау кезінде мүліктерін тәркілегенде  «байдың тұқымы» дерліктей алып бара жатқан  малы  да  болмаған. Тінту хаттамасына сәйкес К.Тағаевтың паспорты тәркіленген.

К.Тағаев 1937 жылдың 31 тамызында қамауға алынады. Айыптауда кеңес үкіметіне қарсы бағытталған үгіт-насихат жүргізгені үшін жауапқа тартылғанына сілтеме берілген. Ақтөбе облысы ішкі істер халық комиссариаты  басқармасы Үштігінің 1937 жылғы19 қазандағы қаулысымен ату жазасына кесілген Көшек Тағаевтың жазасы небәрі он күннен кейін орындалады.

Көкейде «соншалықты не жазығы бар екен?» деген ой туындайды.  Сол шақта көзі ашық, көкірегі ояу жанның ауыр жазаға тартылатындай қандай әрекет жасағаны беймәлім күйде қалған. Дегенмен анықтамада көрсетілгендей, молда болғандығы да сол кезеңдегі қаралау науқанының басты нысанының бірі ретінде себепке алынуы бек мүмкін. Өйткені отызыншы жылдарда Ырғыз ауданынан он екі дін өкілінің жазалауға ұшырағаны туралы деректер бізге мәлім. Мұнан бұрын аудандық «Ырғыз» газетінің  2018 жылғы 10 шілдедегі санында журналист Шара  Елеусіздің «Тани маТағаевты ырғыздықтар?» деген тақырыптағы мақаласын оқығанбыз. Содан бері де бұл жарияланымға үн қосқан ешкімді байқамадық.

Көшек Тағаев туралы әңгіме шерткен Нұрғазы Елентаевтың атасының өмір жолы жайындағы деректерді жинастыруға ізденіспен ден қойып келе жатқаны байқалады. Тағайдан Әкеш, Елентай, Көшек сынды ағайындылар тарайды.  Бүгінде Көшектен қалған екі қыз да өмірде жоқ. Қилы кезеңде Көшектің қыздары Башерген мен Тұрар ұзақ жылдар бойы туысқандарынан қол үзіп қалған. Арада отыз жыл уақыт өткенде Махан Елентаев бауыры Көшектің қызыТұрарды Қызылорда облысынан іздеп тапқан. Орынында бар оңалар демекші, Тұрардан туған жиендер нағашы аталарын ұмытпай, туған жеріне арнайы келіп, еске алып ас берген.

Қуғын-сүргін жылдарының бір әулетке салған лаңы осындай болды. КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Президиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы  «30-40 жылдары және 50 жылдардың басындағы кезеңде орын алған қуғын-сүргіннің құрбандарына қатысты әділдік орнату бойынша қосымша шаралар туралы» Жарлығының 1-бабына сәйкес Ақтөбе облысы прокуратурасының 1989 жылғы 28 маусымдағы қорытындысын басшылыққа ала отырып, Ақтөбе облысы Ішкі істер халық комиссариаты басқармасы Үштігінің 1937 жылғы 19 қазандағы қаулысының күші жойылып, қылмыстық іс тоқтатылып, К.Тағаев ақталған.

Нәубет құрбаны Тағаев Көшектің Ырғыз орта мектебінің директоры  болғандығы жөніндегі деректер Беркін Құрманбековтің «Ырғыздың қилы тарихы» (2010 ж.), Рахымжан Өтемістің «Аймақтағы алғашқы мектеп» (2019 ж.) тағы да басқа кітаптарында аталады. Алайда К.Тағаевтың өз ортасы, атқарған қызмет жолдары туралы мәліметтер жоқтың қасы.

Отызыншы жылдардағы репрессияның құрбаны болған Көшек Тағаевтың есімін кейінгі ұрпақ ұмытпаса дейміз…

 

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғызауданы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button