Тарих

Рухы күшті адам

Қуғын-сүргін

Кеңес билігі құрылған тұста жүргізілген солақай саясат ұлтты талай талант иелерінен, ел ішінде небір әулие, батыр атанған тұлғалардан айырды.

Большевиктердің әділетсіз ұстаным жүргізіп, халықты аштыққа ұшыратуы, әртүрлі жолдармен, айла-амалдармен елде бұрыннан келе жатқан рухани тәжірибені жалғастыратын зерделі адамдарды жойып отыруықасақана жасалған.

Ел тарихындағы әулие, батыр атанған тұлғалардың дәстүрін қарайтын болсақ,арғы жағында қазақ қоғамының өзіндік ерекшелігінің де жатқанын көруге болады. Сондай ерекшеліктің бірі — сөз өнері. Кез келген адам, соның ішінде ұрпақты елдікке, кісілікке тәрбиелеген рухани дәстүр иелері ілгеріден қалған өсиеттегі тарихи санадан бастау алып отырған. Аталы сөз өз шындығы, өз ұстанымы бар адамдарды тәрбиелеген. Соның нәтижесінде уақыттың қиындығына қарамастан, ұлт интеллектуалдарының дәстүрінің үзілмегендігін көруге болады. Сол кездегі медреседен білім алған бала дін ілімін үйренумен қатар, өзінің тарихын, әдебиетін, тарихындағы ойшыл адамдардың тағылымын меңгеріп шығатын болған.

Біздің ойымызша, кез келген ел, ұлт, халық болсын, өз тарихындағы рухани тұлғалары арқылы діннен де қажетті білімін алып отырады. Егер бұлай болмаса ұлтқа қарсы қасақана жүргізілетін саясат дінді әлсіретуден, оның ел мәдениетіндегі тұғаларының дәстүрін жойып, санадан өшіруден басталмас еді. Ал осындай терең білім алуда дін мен ұлттың арасындағы байланыстың үлкен бір құбылысқа ие көрінісі әулиелік қасиетке ие діни адамдар болып табылады. Бұған мысал ретінде ел тарихындағы әулие, батыр атанған кез келген тұлғаны келтіре аламыз. Олардың діни білімі қашанда терең болған. Рухани тұлғалардың дәстүрі хандық билік күштеп жойылған уақыттан кейін де өмір сүрген. Кешегі 1930 жылдардағы кеңес билігіне қарсы орын алған көтерілістерде осындай кісілердің де болғандығын көріп отырмыз. Қазақ хандарының тұсындағы батырлардың, әулиелердің ісін жалғастырған адамдар кеңес билігі тұсында да болған. Бұлардың көбі1930 жылғы көтерілісте қаза тапты, тірі қалғаны қуғындауға ұшырап, сыртқа кеткен. Ел ішінде жүргендерін кеңес үкіметі түрлі жала жауып басқа елге жер аударды, бұдан елге оралғаны 1937 жылы сталиндік саясаттың құрбанына айналған. Бұлардың барлығының да үлкен талант иелері, тұлғалық қасиетке адамдар болғанын ескеру керек, қолымызға түсіп отырған деректерден бұл көрініп тұр.

Сондай ерекше туған адамдардың бірі Оспан Дәрменұлы 1864 жылдары Ырғыз өңірінде дүниеге келген, 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске, 1930 жылы кеңес үкіметінің саясатына қарсы орын алған Ырғыз, Қарақұм көтерілістеріне қатысқан, осы көтеріліс кезіндегі «қызыл қырғынның» біріндежараланып, қайтыс болған.

Батыр, әулие, діни сауаты терең адам болған дейді бұл кісі туралы білетін адамдар. 1925 жылдары кеңес билігі бұл кісініде сайлау құқынан айырып, мал-мүлкін тәркілеген. Оспан Дәрменұлы туып-өскен жерЫрғыз ауданына қарасты Ақсақал тәуіп деп аталады. Бұлжер қашаннан қазақ даласындағы киелі жерлердің бірі саналған. Осы жерде небір әулие адамдар халыққа білім берген көрінеді. Кенесарының осы жерге келіп жасағын, қазақ ауылдарын барынша қайта күшейткісі келгені белгілі. Соның да әсері болар,осы өңірде де патшаның саясатына, одан кейінгі уақытта кеңес үкіметіне қарсылық тоқтамаған. Осы Тәуіпке жақын жерде көктемде Кенесарының жайлауы отырған дейді ауылдағы үлкен кісілер. Ауылда ханның арнайы мал төлдететін жерін әлі күнге дейін білетін адамдар көп. Осы жерде ханның ауылдары келіп, әскер саны көбейе бастағандықтан рухани ортаның ықпалын тежеп, Кенесарының өзін кетіру үшін патша билігі 1845 жылы Жармола деген жерденЫрғыз бекінісін салған.

Ақсақал тәуіпте, ертеден келе жатқан рухани ортаның ықпалынан да болар,Оспан әулиеден бөлек батыр, әулие атанған басқа да адамдардың есімімен байланысты аталатын жерлер көп. Бұдан әулие кісілердің рухани дәстүрі мен батырлардыңосы аймақтарда да қатар жүргенін түсінуге болады. Ал Оспан сияқты әулие атанған кісілердің ел қорғаудағы қызметі 1930 жылдары оларды кеңес билігі күштеп жойғанға дейін жалғасып отырған. Бұлар көбіне патшаның бекіністерінің маңындағы ауылдарды қорғап отырған көрінеді. Оспан Дәрменұлының өзіАлаш зиялыларын қолдап,барынша елді қорғауға қызмет еткенсол кездегі ауқатты кісінің бірі болған.

1930 жылы көтерілістерге қатысқан, қаза тапқан кісілерде бесатар мылтық, винтовка болғанын деректерден де көріп отырмыз.

…1925 жылдары Торғай, Ырғыз өңіріндегі мешіттер жабылып, адамдар қудалауға түскен уақыттасол жерлерде отырған ауылдарға, байлардың қожалықтарына сырттай зерттеу жүргізіле бастаған. Алынған есепте рудың атауы, шаруашылығы, жайлау мен қыстауда отыратын жерлері, жайлауға көшетін уақыты, қыстауға келетін уақыты, сауда жасайтын жерлері, адам саны мұқият түрде сырттай есепке алынған.

Оспанның қыстауы ауылдан бөлек болған. Қыстауы Құяңшағыл деген жерде құмның етек жағында орналасқан. Оспан әулие осы жерде басқа адамдармен бірге мешітте ұстаған, қасында Ермағанбет, Сапар деген діни сауаты бар, ұста кісілер болған. Бұл кісілер өмір бойы Оспанның қасында жүрген көрінеді. Ал Оспан салдырған мешітті 1925 жылдарыкеңес билігі тартып алған. 1960 жылдары түсірілген Ресейдің әскери картасында Оспанның қыстауы мен бейіті көрсетілген. Қыстау бейіттен қашық емес.

Оспан әулиенің өзі Сыр өңіріндегі, Өзбекстан жеріндегі әулие кісілер ұстаған медреселердің бірінен білім алғанға ұқсайды.

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбаларында ХІХ ғасырдың аяғында қазақтың діни адамдары, солардың қатарында Ақтөбе өңірінен шыққан Досжан, Нұрпейіс ишандар, Абайдың әкесі Құнанбай бастаған ауқатты кісілердің 120 адам болып қажылыққа барғандығы жазылады. Бұны айтып отырған себебіміз, осы қажылыққа барған кісілердің ішінде Ырғыз, Шалқар, Торғай өңірінен де белгілі адамдардың болғандығы анық. Ұрпақтарының айтуы бойынша, Оспанның қасында өмір бойы бірге жүрген Ермағанбеттің әкесі Темірбай да өз қаражатымен қажылыққа барған. Темірбай қажының да бейіті Ақсақал тәуіп маңындадейді ұрпақтары. Осы жерде 1930-1937 жылдары кеңес билігі тарапынан үлкен қуғындауға ұшырап, сталиндік репрессия құрбаны болған кісілердің ішінде әулие, батыр адамдар көп болса, оларды шығарған ірі тұлғалардың да әлі күнге дейін зерттелмей жатқанын айтқымыз келеді.

Оспан әулиенің әкесі Дәрменнің де өз заманында ауқатты, діни сауаты мол, көзқарақты адам болғанын ескеру керек. Себебі тарихи өмірдің қиындығына қарамастан,ұлтқа аянбай қызмет еткен Оспан сияқты тұлғаның жанұядан тәрбиеленіп шығуы, елдің арқа сүйейтін үлкен адамына айналуы кездейсоқтық емес.Бұған ата-анасының да ықпалы мол, үлесі зор.Оспан әулиенің қыстауы мен бейітіне жақын Жайсаңбай ауылының маңында Дәрмен деп аталатын жер бар дейді ауыл адамдары. Бұл да кезінде елге қызмет еткен осындай кісілердің құрметіне орай аталып кетсе керек.

1927-1928 жылдары бірнеше ауыл біріктіріліп, Жаркөл ауыл советі құрылған. Осы ауылсоветке қарасты қазақ ауылдарына кеңес билігінің саясатына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға сырттан арнайы адамдар бекітіліп, талдау жасалған. Бұнда ауылдарың саны, соның ішінде ауыл тұрғындарының саны, мешіттердің саны, кеңес билігіне қарасты ұйымдарға кіріп жатқан «шаруа», «қара шаруа» атанған адамдардың саны, сонымен қатар идеологиялық шаралар жөнінде жазылған. 1927 жылға дейін бұл жерде қанша ру, қанша мал, қазақ ауылдарының шаруашылығы, жайылым жерлері, жазғы уақытта жайылым жерлерінің қанша қашықтыққа дейін созылатыны көрсетілген. Осы Тәуіп маңында отырған қазақ руларының Қостанайға дейін, Қызылорда облысының Жосалы ауданының территориясына дейін барғанын көріп отырмыз. Құжаттағы мәліметтерге сүйенсек, 1925 жылдарға дейін бұл жердегі ауылдар егін еккен, соның ішінде тары көп егілген. Кеңес билігі құрылғаннан кейін біртіндеп тоқтай бастағаны жазылған. Сонымен қатар 1926 жылдардан кейін діни адамдардың, байлардың ықпалының әлсірей бастағаны да жазылған. Соған қарағанда кеңес билігіосы жерлерде бірінші болып байлар мен молдалардың рөлін әлсіретуді қолға алған. Қазақ ауылдарының тұрмысы 1920 жылдарға дейін өте төмен болмаған. Ел ішінде ауқатты адамдар көп болған, халықтың қолында ақша болған, халық бағалы бұйымдармен сауда жасаған.

Әулиеліктің өзі жайдан-жай келмейді,  Жаратушының құдіретімен беріліп отырады. Қазақта «әулие кісі», «аруақты адам» деп жатады. Бұған қарап аруақтылықтың діни таным бойынша да бірнеше мағынасының бар екендігін байқауға болады.

Оспан әулие сияқты рухани тұлғалары болған кезде қазақта қорқыныш, болашаққа алаңдау қазіргідей көп болмаған еді. Халықтың ертеңге деген сенімі күшті болды, дұрыс сенімнің, шынайы болудың арқасында аштықтың кезінде ел халықтың тең жартысынан айырылса да,бұдан аман қалғандарының ауылдарына қайтып келіп, шаңырағының түтінін қайта түтеткенін білеміз.Әулие, батыр, бай атанған кісілер халықтың ішінде, елмен бірге бірдей болған. Соның нәтижесінде көп нәрсенің алдын алғанға ұқсайды.

1916 жылғы Ұлт азаттық көтеріліске Оспан батыр арнайы қол жинап барып қатысқан. Бұдан да басқа Оспан есімді тұлғалар болғандықтан, халық бұл кісіні мұртты Оспан деп атаған. Осы көтеріліс кезінде алда жүрген дейтін аталарынан естіген кісілер.

Оспан Дәрменұлы тамаша қасиеттерге ие адам болған. Ондай тұлғалардың түсінігінде елдің тағдыры, ердің елдігі бәрінен де жоғары болуға тиіс.

Оспан баба қысталаң сәттерде топ алдында қолына айбалта, беліне қылыш байлап шығатын көрінеді. 1916 жылғы көтеріліске де өзінің қасындағы адамдарын бастап осылай шыққан. Ал 1930 жылғы көтерілісте бұл кісінің қолында бесатар мылтық, белінде қылыш болған. Кеңес үкіметінің арнайы Саратов, Орынбор қалаларынан шақыртқан жазалаушы отрядтарымен Тәуіп, Қарақұм маңында болған қанды қырғынның біріндебұл кісі де қатты жараланады. Сол кезде өмір бойы қасында болған кісілердің бірі Ермағанбетке беліндегі қылышы менқолындағы мылтықты«бұған дейін қызмет еткен қару енді саған қызмет етсін» деп аманаттап кетеді. Оспанның алты баласы, яғни Таразы, Биязы, Алтын деген қыздары, Қоңырбай, Мырзабек және Кенжебек деген ұлдары болған.

1930 жылы көтеріліске қатысқан адамдардың барлығының да далада ауылдан бөлек жерде болған.Осы көтерілісшілерді жоюға қатысты Ақтөбеде жабық түрде өткізілген отырыста қазақ көтерілісшілерінің далада лагерь болып тұрып жатқаны, соларға мықтап соққы беру жөнінде арнайы тапсырмалар берілген.

Оспан баба қатысқан көтерілістерді қарапайым шаруалар көтерілісі деп қарауға болмайды. Большевиктердің банда деп отырғаны ел ішінде әулие, батыр, ишан атанған тұлғалар болатын. Кеңес билігі бұны ұрпақтан жасыру, тарихта кішірейтіп қалдыру үшін рудың, ауданның атын бергені көрініп тұр. Мәселен бұл көтерілістер көптеген кітаптарда Ырғыз, Торғай, Батпаққара, Қарақұм, Тоқа, Жекей-Назар, Адай және тағы сол сияқты аталады.Шын мәнінде,бұлар ұлттық сипатқа ие көтеріліс болған. Осы ұлт, ел деңгейіндегі күш алып бара жатқан көтерілісті бөлшектеп, басшыларын жойып жіберу үшін жоғарыдан арнайы тапсырмалар берілгенін ескерген жөн.

Оспан бабамыз да мал-мүлкі, өзі салдырған мешітті үкімет тартып алғаннан кейін қасындағы өмір бойы араласқан кісілермен бірге қазақтың сарбаздары жиналған жерде болған. Балалары ауылда қалған. Көтеріліске шыққан кісілер екіге бөлінген. Үлкен кісілер халықпен бірге кеткен. Ал қалғандары жасақтың ішінде болған. Бұған қарап көтеріліске шыққан кісілердің алдын ала көпнәрсені күні бұрын болжап, тошылағанын да ескеруіміз керек.

Өкінішке қарай, осы қанды қырғын кезінде қайтыс болған батырларды жеке жерлеп, бастарына белгі қойып,тамын салып кетуге мүмкіндік болмаған. Тек Оспан сияқты санаулы адамдарды «ертең ұмытылыпқалмасын, бабаларының қай жерде екенін ұрпағы біліп жүрсін, ел ұмытпасын» деген мақсатта бөлек жерлеп, басына тамын тұрғызып үлгерген. Ондағы мақсат әулие, батыр болған кісі белгісіз, ұмыт болып қалмасын деген ой болса керек. Қарбалас уақытта қанша қудаланса да,қайтыс болған соң Оспан әулиені өмір бойы сыйласқан, білетін кісілерата-анасыныңқасына жерлеп, тамын салып кетеді. Осы қасындағы кісілердің тұрғызып кеткен тамы 2006 жылдарға дейін құламай тұрған. «Оспан тамы» деп аталып кеткен. Кейінгі жылдары қардың, жаңбырдың суымен тамның қабырғалары шөгіп қалған. Әулиені білетін адамдар өтіп бара жатып көлігін тоқтатып, Құран оқитын көрінеді. Осы Оспанды көрген, осы кісілермен жастау кезінде көтеріліске қатысып аман қалған (он жылдай лагерьде болған)адамдардың ауылдарда 1990 жылдарға дейін болғаны анық.

Деректермен шамалайтын болсақ,Оспан әулие 1930 жылы көктем айында дүниеден өткен. Сол кезде Ырғыз, Торғай жерінде бірнеше үлкен қақтығыс (шайқас) болғанын құжаттардан да көріп отырмыз. Өзінің ауылына жақын жерде болған шайқаста жараланғанға ұқсайды.

Оспан әулие туралы бала кезінде естіген кісілердің айтуы бойынша орта бойлы, қара торы кісі болған. Өзінің отбасында, халық ішінде мінезі сабырлы, жөн білетін адам болған. Елді, ұрпақты қатты қадірлеген, өте балажан адам болған. Қиын кезде халықтың, балаларының тағдырына қатты алаңдап, соларды ойлап, большевиктердің әрекетіне қатты қамығып кеткені көрініп тұр. Жасы алпыстан асқан кісі болғанына қарамастан, көтеріліске қатысуының себебі де осы деп ойлаймыз. Олар көтеріліске «елдің аштықтан өлгенін көргеннен соғысып өлгеніміз артық» деп қатты ашумен шыққан.

Оспан әулие бейбіт өмірде де беліне қылыш, айбалта қыстырып, қолына қамшы жүрген көрінеді. Аңшы, өте мерген кісі болған. Оспан бабаның елге жасаған еңбегін халықтың әлі күнге дейін ұмытпағанын көріп отырмыз. Оспан тамы бүгінде Ырғыз ауданындағы киелі орындардың бірі саналады.

Оспан әулие балаларының да, айналасындағы адамдардың да бір-біріне адал, таза болғанын қалайтын кісі болған, соны талап еткен. Көзі тірісінде елге көп нәрсені үйреткен, өзі көп нәрсені білген. Жалқаулықты, себепсіз көнбістікті, атаққұмарлықты жек көрген. Өзі кеңес үкіметіне ашық түрде қарсы шыққан. Қасындағы адамдардан да қай іске де тұрақты, әділ, шынайы, жанашыр болуды күткен. Өзі қай істі деадал түрде, аяғына дейін жеткізетін кісі болған. Өмірінің соңына дейін батырлығын тоқтатпаған. Қанды қырғын кезінде жазалаушы отрядттармен қақтығысқа барғанын (жасы ұлғайған кісі болса да) көріп отырмыз. Өзі әулие кісі, қанша бай, елге сыйлы болса да, халықты, елдің мүддесін бәрінен де жоғары қойып,оны өмірінің соңына дейінқадірлеген.

Оның ойынша, адамөмірде қай іске де икемді болуы керек. Ал елге, мұқтаж адамдарға, елдің мүддесіне қиянат жасаған кісігееш уақыттакешіріммен қарамаған. Опасыздық жасап, көңілін қалдырған кісіге еш уақытта қайырылмаған. Екіжүзділікті, жағымпаздықты жек көрген, оның қасында тек өзі сияқты сертке адал, елдігі күштіадамдар ғана жүрген, яғни бұл кісімен араласа алған. Елге, ұрпаққа қамқорлығын аямайтын адамгершілігі жоғары, рухы мықты адам болған дейді білетін кісілер.

Тарихшы ғалым Талас Омарбеков 1993 жылы «Ақиқат» журналының №2 санында жазған «Қазақстандағы халық наразылығы қалай жазаланды..» атты мақаласында Оспан Дәрменұлы қатысқан Ырғыздағы көтеріліске қатысты мынадай деректерді келтіреді: «Алғашқы күндері-ақ, іс әрекеттері Ырғыз ауданының шеңберінен шығып кеткен, даладағы билікті өз қолдарына алған көтерілісшілердің қаһарынан қатты қаймыққан Голошекин үкіметі Мәскеуден көмек сұрады. Көтерілісті басу үшін Волга бойы әскери округінен, Саратов қаласынан подполковник Евсеев басқарған 8-ші атты әскер девизиясының бөлімдері әкелінді. Орынбор арқылы теміржолмен келіп жеткен, тачанкамен, пулеметтермен және аэропландармен жабдықталған, қаруланған жазалаушылар панасыз ен далада көтерілісшілерді аңша қуалай атып қанға бөктірді.

Шешуші шайқас 1930жылы 9-шы науырызда Күл қамыс деген жерде болып, онда көтеріліс басшысы хан Қанаев Айжарқын және оның 35 серігі қаза тапты. Күш тең емес ұрыстан жөңкіле қашқан салт атты көтерілісшілерді жазалаушылар пулеметпен қуалай атып, қылышпен кескілеп, жаусатып қырды. Жүздеген көтерілісші құрбан болды. Санмен 131 көтерілісші қолға түсті. Оларды жазалауда ОГПУ-дің үштігі ерекше белсенділік көрсетті. Оның 1930 жылғы 14 шілдедегі шешімімен көтерілістің 12 басшысы ату жазасына кесілді. 13 адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Дәл осындай жаза алған 12 адам 5 жылға, және12 адам 3 жылға сотталды, 5 адам жер аударылды. 64 адам шартты түрде бостандықтарынан айырылды…». Оспан әулие де осы қанды қырғынның кезінде жараланып, қайтыс болған. Бұл кісілердіңқанша қысымға ұшырап, қиналса дабір-бірін тастамағанын көріп отырымыз.

Сырттан арнайы қаруланған әскер келіп бұларды қырып салғаннан кейін кеңес билігі олардың отбасын, балаларын қудалауды тоқтатпаған. Осы көтеріліс кезінде тағы да олардың мүліктеріне тәркілеу жүргізілген. Содан Оспан сияқты тұлғалардың балалары, ауыл-аймақ түгелдей амалсыздан бас сауғалауға мәжбүр болған.

Халықты қасақана бай, кедей деп бөлу саясаты талай адамды тегін жасыруға мәжбүрлегенін көріп отырмыз. Оның үстіне 1930 жылғы көтерілістен кейін қоғамның барлық саласын тазалауға арнайы тапсырмалар берілген. Талай адам қайта қудалауға ілікті. Жасы жетпей тұрса да талай бала 1941 жылы соғысқа жіберілген.

Оспанның балалары әкесі қайтыс болған соң Сыр өңіріне қарай қашады. Үлкен екі қызы Таразы мен Биязының күйеулері ауқатты адамдар болғандықтан, 1930 жылғы көтеріліске қатысқандықтан қуғындауға бірден ілігіп, біреуі Түрікменстанға кеткен. Биязы сол жақта қалған. Оспанның осы жақта қалған ұрпақтарының айтуынша Кенжебек атамыз 1951 жылдан кейін апасын іздеп Түрікменстанға барғанда қудалауға ілігіп,таба алмай елге қайтады. Ал Таразы әжеміз осы аласапыран кезінде екі баласын балалар үйінен іздеп таба алмаған көрінеді. Оспанның екі қызы да осы жердегі алтын, тоқа рулары жігіттеріментұрмыс құрған дейді. Байқауымызша,Таразының күйеуі 1919 жылдары Алашты қолдап ақтармен бірге қызылдармен күрескенге ұқсайды. Бұл кісі басқа ауылда тұрған, күйеуі кеңес билігінің қысымына ерте іліккендіктен әкесімен де көп араласа алмаған сияқты. Өмір бойыОспан әулиенің қасында елге қызмет еткен Темірбай қажының ұлы Ермағанбет Тәуіптен Сыр өңіріне қарай кетіп бара жатып жолда кітаптарды, басқа да заттарын жасырып, көміп кеткен дейді. Сол адамдардың қолындағы қалған азғантай заттарын жазалаушы отряд жолда тартып алған. Сыр өңіріне келгенде де жағдайлары өте қиын болған. Оспанның қызы Алтын әже: «1930 жылы әкеміз қайтыс болғаннан кейін үйде ешқандай мал қалмады. Әкеміздің мал-мүлкін кеңес үкіметі көзі тірісінде өзінен тартып алды. Елді аштық қыса бастады. Қармақшыға келген соң да оңай болған жоқ. Бәрімізді Тәуіпбай асырады. Заман өте қиын болды, әкеден де, шешеден де айырылдық, қолымызда ештеңе болған жоқ. Бізді осы қиындықтан шығарған, бәрімізді аштықтың кезінде аман алып қалған Тәуіпбай. Тәуіпбайдың әкелген нанын бөліп жеп, күнелттік», — деп балаларына айтып отырады екен.

Кеңес билігіне қарсылық танытқан кісілердің айналасындағы адамдарды НКВД сырттай зерттеген болуы керек, 1917 жылы Тәуіптің 7 ауылында тұрған үй иелерінің ішінде Темірбаев Ермағанбеттің фамилиясының тұсында қызыл карандашпен белгіленген. 1917 жылғы жүргізілген бүкілресейлік ауылшаруашылық санағын қарайтын болсақ, Оспанның баласы Оспанов Қоңырбай және Оспанмен бірге жүрген Темірбаев Ермағанбет сол кездегі Торғай облысына қарасты Ырғыз уездінің Тәуіп болысының №7 ауылында тұрған. 1931-33 жылдарда орын алған ашаршылыққа дейін бір ғана Тәуіп болысының №7 ауылында 247 үй болған. Осы тізімдегі үй иелерінің ішінде осы кісілердің де есімдері жазылған. Бұл деректер Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатының 69-шы қорында сақтаулы.

Оспан әулие туралы көп нәрсе айтуға болады. Бұл кісі — кезінде үлкен ерлік көрсетіп қаза тапқан, қай жағынан да елге қызмет еткен, патша заманында әулие, батыр ретінде танылып, патша саясатының ықпалынан өз аймағын барынша қорғаған кісілердің бірі. Осы Оспан сияқты кісілерді зерттеу, мұрағат қорларында жарыққа шықпай жатқан деректерді шығару арқылы көптеген тарихи шындықтың бетін ашуға болады деп есептейміз.

1930 жылғы көтерілісте ел үшін айқасқан Оспан сияқты қазақтың әулие, батыр кісілерінің тарих алдындағы еңбегін көргенде Мағжанның мына бір сөздері еріксіз есімізге оралады:

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,

Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.

Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған

Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас…

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

философия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button