Білім

Өркениетті даму жолындағы іргелі білім ордасы

Еліміздің ағарту саласына өзінің қомақты үлесін қосып келе жатқан оқу орындарының бірі  — Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжі.  Өндірісті Ақтөбе өңіріндегі кәсіптік білім берудің күретамырына айналған, айтулы белестерді бағындырған, кәсіби орта буын мамандарын даярлайтын оқу ордасының бүгінгі жай-күйі туралы әңгімелеуді жөн көрдік…

Кеше және бүгін

Білім ордасының ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауда өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Білікті де білімді мамандарды даярлап келе жатқан алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Аудандардағы шаруа қожалықтарына малшы, механизатор, мал дәрігері, зоотехник мамандары жетіспейді. Бүгінде облыстағы 9 колледжде ауыл шаруашылығы мамандары даярланып жатыр.

Оқу орнының шежірелі тарихына шолу жасасақ, білім ордасының іргетасы 1977 жылы қаланған. Сол жылдары Ақтөбе ауылшаруашылық техникумның құру туралы қаулы шығып, алғашқы түлектер оқуға қабылданды. 1996 жылы колледж атауы Ақтөбе ауыл шаруашылық колледжі болып өзгертілді. 2018 жылдан бері оқу орны Жоғары колледж статусына ие болды. Биыл колледж атауы Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық техникалық колледжі болып өзгертілді.

Бүгінгі таңда колледжде 821 студент күндізгі бөлімде, 200-ге  жуық студент сырттай оқу бөлімде оқиды.

Колледж тарихының қай кезеңін алсақ та оның дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосып, оқу орнына сара жол, дәстүр, жаңа үрдістер қалыптастырған басшылар, ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлері, тәрбиешілер баршылық. Әр жылдарда бұл оқу орнын білікті мамандар, кәсіптік білім беру ісінің үздіктері басқарды. Іргелі оқу ордасын  Владимир Гавриш, Алексей Войлик, Владимир Власов, Владимир Друзьяк, Амангелді Құдайбергенов, Амангелді Есіркепов сынды басшылар басқарып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, ұлттық кадрларды даярлауға өзінің қомақты үлесін қосқан. Оқу орнында 90-ға жуық педагог, оның ішінде 19 магистрант, үш аспирант және екі  Phd докторы жұмыс жасайды. Биыл колледжді 153 түлек аяқтап, олардың 70 пайызға жуығы жұмысқа орналастырылды. Кадр даярлау 15 мамандық бойынша жүргізіледі. Атап айтсақ, «Ветеринария», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Ландшафтық дизайн», «Агрономия» және  тағы да басқа мамандықтар оқытылады. Сондай-ақ 2021-2025 оқу жылдарына арналған ұлттық жоба аясында мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын қысқа мерзімді курстар және ақылы курстар да өткізіледі, — дейді колледж директоры Қасымбек Алдияров.

Оның айтуынша, колледж оқушылары 320 орындық жатақханамен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар колледжде 50 орындық асхана, 230 орындық мәжіліс залы, 50 орындық оқу залы және кітапхана жұмыс жасайды. Білім алушылардың  спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына  толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ колледждің спортзалы да күрделі жөндеуден өткізіліп, жасанды көгал төселген.

Колледждің қазіргі заман талабына сай материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Оқу орнында 40-тан астам оқу кабинеті, арнаулы пәндер бойынша  жиырмаға жуық тәжірибелік алаңдар мен зертханалар жұмыс жасап тұр. Мұнда оқушылардың тәжірибелік алаңдарда жұмыс жасауына жағдай қарастырылған. Болашақ агрономдар жерді пайдаланылуды, егін егу, көкөніс пен жеміс-жидектерді өсіру технологиясын колледж жылыжайында, қысқы бақта, ашық жердегі эксперименттік алаңдарда, егістік және көкөніс алқабында, таңқурай бағында үйренеді. Орманшылардың тәжірибелік және зертханалық сабақтары дендробақта және тәлімбақта ұйымдастырылады. Сонымен қатар колледжде ветеринария және зоотехния мамандықтары үшін мал өсіру және баптау алаңы — виварий, ветеринарлық клиника, құстар мен жануарлар зертханасы арнайы жабдықтармен жабдықталған. Бұл зертханаларда ірі қара, қой, үй қояндары, құстар да баршылық, — дейді колледж директоры.

Оның айтуынша, колледждің 30-дан астам әлеуметтік серіктесі бар. «Степное» ЖШС, «Зәру» ШҚ, «Пригородное» ЖШС, «Болат ЛТД» ЖШС, «Энергожүйе» ЖШС, «Izet Green House» ЖШС, «Рокос Ко» ЖШС және тағы басқа шаруа қожалықтары білім ордасының әлеуметтік серіктестері.

Колледжіміздің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жаңартылып келеді. Білім ордасында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Колледж аймақты абаттандыру бойынша үздік білім беру ұйымы атанды. Мәселен, екі жыл қатарынан «Гүлдер әлемі» фестиваль-байқауында І орынды иеленді. Бізде агроном, ветеринар, зоотехник маманын даярлауға 3 жыл керек. Басқа шетел мемлекеттерімен салыстырғанда елімізде ауыл шаруашылығы саласында оқитын студенттердің шәкіртақысы әлдеқайда төмен. Мәселен, Австрияда ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға ерекше мән беріледі. Олардың шәкіртақысы басқа салада оқитын студенттерге қарағанда жоғары. Біздің елімізде де осы тәжірибе қолға алынса, жастар ауыл шаруашылығы мамандығын таңдаудан қашпас еді, — дейді ол.

Тәлімгерлер жетістігі

Колледжде бау-бақша баптап, теориялық ілімін тәжірибесімен ұштастыратын педагогтер баршылық. Солардың бірі — 40 жылдан бері колледжде қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз Әсия Мырзабекова. Ол дендрабақ, тәлімбақ, интенсивті бақ  сынды тәжірибелік алаңдарының негізін қалады.

Колледж дендробағында  50-ден  астам декоративті , қылқанды, жапырақты ағаштар мен бұталар өсіріледі. Көктемде қаламыздағы оқу орындарына ағаш көшеттерін тегін таратамыз. Биыл интенсивті бақта жүзім және алма ағаштарын егіп бастадық. Жүзімнің суыққа төзімді ерекше сортын Орынбордан сатып алдық. Екі-үш жылдықта интенсивті бағымызда ергежейлі алма ағашының жемістерін алуды жоспарлап отырмыз. Тәжірибелік алаңдарда білгенімді студентеріме үйретемін. Сондай-ақ дәнді дақылдардан бөлек,   колледждің егістік алқабында  тарының «Яркое-6» сортын тамшылатып суару әдісімен егіп, тәжірибе жасадық.

Биылдан бастап мал көңіне калифорниялық қызыл құрт жіберіп, өңдеп, биогумус өндіріп отырмыз. Бір қорапта мың құрт болады екен, соны сатып алғанбыз. Қазір ол бірнеше есе өсті, солардың арқасында қазір қара топырақ сатып алмайтын болдық. Жылыжайға да, бау-бақшаға да қызыл құрт өндірген биогумусты төгіп, биыл мол өнім алдық, — дейді оқытушы.

Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінде мал азығын әзірлеудің ерекше тәсілін ойлап тапқан зоотехник жұмыс жасайды. Ол облыста алғаш рет гидропоникалық әдіс арқылы мал азығын әзірлеу технологиясын тәжірибеден өткізіп, студенттеріне үйретіп жүр.

Мен алғаш рет гидропоникалық әдіспен мал азығын үй жағдайында жасап көрдім. Нәтижесінде бір келі дәнді дақылдан 5-6 күн ішінде 8 келіден астам мал азығы өсіп шықты. Гидропоника — өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада — қоректік заттардың судағы ертіндісіне өсіру әдісі. Онда өсімдік тамыры арнайы дайындалған субстратта (топырақ орнына қолданылатын заттар) орналасады.Табиғи ортада өскен дақылға қарағанда бұндай әдіспен өсірілген дақылдың мал шаруашылығына тигізер пайдасы мол. Мейлінше қысқа мерзімде құнарлы әрі мол өнім береді. Арпа тұқымынан жеті күнде көк шөп шығады. Он күнде оның асты жабысып, тамырланып, өскін қалыңдайды. Дайын өнімді турап, малға береміз. Шөппен араластырып та беруге болады. Болашақта автоматты түрде суару әдісін қолдана отырып, мал азығы өнімдерінің сапасын жақсарту жоспарымызда бар, — дейді арнайы пән оқытушысы Ақжол Есіркепов.

Колледж базасында биохимиялық, микробиологиялық зертханалар жұмыс жасайды. Арнайы пән оқытушысы Дәурен Қуановтың айтуынша, зертханаларда жан-жануарлардан, құстардан, ірі қарадан сынама алынады. Алдағы уақытта колледждің ветеринариялық клиникасында жан-жануарларға көмек көрсететін кабинет ашу жоспарлануда.

Студенттер не дейді?

Білім ордасына барғанымызда қояннан қан алып жатқан болашақ ветеринар мамандар мен бау-бақша өнімдерін арамшөптерден тазартып жатқан болашақ агрономдарды көрдік. Солардың бірі — 4-курс студенті Әмір Жайлан.

Мен Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінде «Агрономия» мамандығы бойынша тәлім алып жатырмын. Бізге екінші курстан бастап, бау-бақша өнімдерін күтіп баптау, дәнді дақылдарды өсіру әдістері үйретілді. Бұл мамандық ерекше төзімділікті қажет етеді. Биыл іс-тәжірибе барысында раушан гүлін өсірдік. Раушан гүлдердің жапырағын аптасына бір рет күн батқан кезде жуып не сүртіп тұрған дұрыс екен. Мұнан өзге ұстазым Гүлнар Ещанова қарбыз өсірудің ерекше технологиясын үйретеді. Оның оқушылары түрлі сайыстардан жүлдегер атанып жүр. Оқуымды аяқтаған соң «Ауыл аманаты» секілді бағдарламаларға қатысып, жылыжай ашқым келеді, — дейді ол.

Аталған оқу орны облыстың ең ірі шаруа қожалықтарында жас мамандарын тәжірибеден өткізіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасап отыр. Колледждің 2015 жылғы түлегі Темирлан Баймурзин оқуын аяқтай сала жұмысқа орналасқан. Еңбек жолын омарташылықтан бастаған ол қазір кәсібінен береке тауып отырған жас кәсіпкер.

Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің мамандарына айтар алғысым шексіз. Ұстаздарымнан алған білімімнің арқасында жеке кәсіпкер атандым. Оқуды бітіре сала ара шаруашылығы кәсібінің қыр-сырын омарташы Александр Сонецкийден үйрендім. Одан соң «Бастау-Бизнесу» жобасы арқылы несие алып, 11 ұя омарта сатып алдым. Бұған қоса мал шаруашылығымен де айналысамын. Омарташылық кәсібімнің арқасында ауыл тұрғындарын бал өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмын.

Ара секілді балдың да бірнеше түрі бар және олардың әрқайсысының өзіндік емдік қасиеттері болады. Көктем-жаз айларында гүлдер мен дала шөптерінен алған өсімдік шырынын аралар өз ұясына жеткенше өңдеп келеді. Кейін ұяшықтарға құйып, балауызбен жабады. Бақылап отырсаңыз, олар балды толық өздері өңдеп шығады. Бастапқы тұсында бал сұйық болады, ұяшықтан алғаннан кейін қоюланады, — дейді жас кәсіпкер.

P.S. Ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер өте көп. Колледж ұжымы ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын оқу орындарының Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өтуін қолдайды. Алайда бұл мәселе әлі күнге шейін Оқу-ағарту министрлігі тарапынан қозғалған жоқ. Одан бөлек Кеңес Нокин ауылында орналасқан колледжге қатынаудың өзі мұң. Студенттер №29, №39 бағыттағы автобустарды сағаттап күтеді. Сабағына кешіккен студенттерге оқытушылары кешіріммен қарағанымен, бұл мәселенің оңтайлы шешімі болуға тиіс дейді колледж басшылығы. Сондай-ақ ауылда дипломы бар жастарға көтермелеу жоқ. Облысымызда ірі шаруа қожалықтарының, аргоөнеркәсіптік кешендерінің аз болуына байланысты жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button