Бақша баптаған ұстаз
Бәрекелді!
Гүлнар — агрономия саласының білгірі
Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ІІІ республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті.
Құлан агротехникалық жоғары колледжі базасында өткізілгенбайқауға еліміздің 13 өңірінен ветеринария және агрономия мамандықтары бойынша 24 педагог қатысты. Осы байқауда біздің өңірдің намысын қорғаған Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе аграрлық-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Гүлнар Ещанова агрономия саласы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Мұнда төрешілер байқауға қатысушылардың кәсіби шеберлігін электронды түрде бағалапты.
Жеңімпаздың айтуынша, байқау барысында педагогтер 6 модульді қамтитын теориялық және практикалық тапсырмаларды орындады.
— Алты модульдің алғашқысы — тестілеу болды. Одан өткесін, ситуациялық сұрақтарға жауап бердік. Байқаудың практикалық кезеңі әрбір модуль бойынша бір немесе бірнеше тапсырмадан тұрды. Мәселен, топырақтың агрохимиялық көрсеткішіне талдау жасап, оның орташа үлгісін алдық. Жеміс ағаштарының бұтақтарын біріне-бірін қалай телуге болатынын көрсеттік. Топырақтың органикалық бөлігін, яғни, гумусын анықтап, бидай ұнынан қамыр илеп, одан дәнмаңызын (клейковина) ажыраттық. Республикалық байқауда агрономия бағыты бойынша әріптестерімнің арасында жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын, — дейді агрономия пәнінің оқытушысы Гүлнар Жалғасқызы.
Кейіпкеріміздің агрономия бағыты бойынша жеңіске жетуі де тегін емес. Бүгінде Гүлнар Ещанова бау-бақша баптап, береке тапқан. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырғанды ұнататын педагогтің сүйікті жұмысы — үйінің ауласындағы бау-бақшаны күту және жеке жылыжайында еңбек ету.
— Жер үйде тұрғасын екі сиыр ұстап отырмыз. Биылдан бастап мал көңіне калифорниялық қызыл құрт жіберіп, өңдеп, биогумус өндіріп отырмыз. Бір қорапта мың құрт болады екен, соны сатып алғанбыз. Қазір ол бірнеше есе өсті, солардың арқасында қазір қара топырақ сатып алмайтын болдық. Жылыжайға да, бау-бақшаға да қызыл құрт өндірген биогумусты төгіп, биыл өнім шығымы мол болды. Аулада қарбыз егіп, тегін жеп, өзімізден артылғанын саттық. Қала тұрғындарына бір кеңес айтайын, күзде ағаштан түскен жапырақты өртеп әуре болмаңыз, керісінше, бау-бақша алаңына көміп тастаңыз, ол табиғи жолмен шіріп, топырақ құнарлана түседі, — дейді өз ісінің білгірі Гүлнар Ещанова.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.