АуылБасты жаңалықтар

Қарғалылықтар құс өсіреді…

«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы Қарғалы ауданына барды. Қарғалы тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасына белсенді қатысып жатыр. Өзге аудандарда құжат мәселесі қиындық туғызып, тұрғындар қаржыны енді алып жатса, құжатқа мұқият қарғалылықтар несиені  ерте  алып, қазір кәсібін дамытып отыр. Алғашқы өнімді саудаға шығарып, пайдасын көріп жатыр. Экспедиция мүшелері кәсіп бастаған тұрғындармен кездесті.

Азаматтың балықтары

Автокеруен алдымен Желтау ауылдық округіндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржы алып, форель балығын өсіруді қолға алған «Trout Kargaly» ӘКК-на барды. Шаруашылық төрағасы Азамат Исмайлов бақтақ балығын өсіруді былтыр бастапты. Мамыр айында 30 мың уылдырық әкелген. Істі алғаш бастағандықтан қателіктер де болыпты. Сондықтан Алматыда форель өсіретін шаруашылыққа арнайы  барып, істің қыр-сырын үйреніп келген.

Қазір нәтиже жақсы — бес мыңдай форель шабағы бар. Біреуінің салмағы 400 грамдай болады. Арнайы жем беріледі. Алыпсатарлар арқылы жемді шетелден алдырамыз. Биыл маусым айында Польшадан тағы шабақ алдық, — дейді Азамат.

Арнайы қазандықтарда өсіріп жатқан балықтарға қажетті су іргедегі Жақсы Қарғалы өзенінен алынады. Азаматтың айтуынша, бақтақ балығы салқын суды «жақтырмайды». Қазір шаруашылық аумағында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзір балықтарды саудаға шығаруға ерте. Салмағы бір келіге жақындағанда ғана сатуға болады. Өңірде балықтың бұл түріне сұраныс бар. Мейрамханалар мен тамақтану орындарына сату жоспарланып отыр.  Айта кетейік, бұл — облыстағы форель өсіретін жалғыз шаруашылық.

Қаз шаруашылығын қолға алғандар

Бұдан кейін экспедиция мүшелері Қосестек ауылына аялдады. Аталған ауыл жыл өткен сайын көркейіп келеді. Соңғы жылдары сырттан көшіп келушілер саны көбейген. Себебі өзен жағасында орналасқан ауыл шаруашылықпен айналысуға өте қолайлы. Қазір мұнда екі мыңға жуық халық бар. Ауыл әкімі Гүлжан Тасмағамбетованың айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасына 28 жоба ұсынылып, барлығы мақұлданыпты. Оның ішінде 25 жоба бойынша тұрғындар несие алып, кәсібін бастап кеткен. Олардың  басым бөлігі негізінен құс шаруашылығын дамытуды қолға алған.

Ауылда жұмыссыз адам жоқ. Тұрғындар мүміндіктеріне қарай әртүрлі кәсіппен айналысып жатыр. Мал шаруашылығын қолға алғысы келетіндер көп. Себебі сүт өнімдеріне сұраныс жоғары. Көшені жарықтандыру, ішкі жолдарды жөндеу жұмыстары біртіндеп жасалып жатыр. Осылар ретке келсе, ауылда өзге өзекті мәселелер жоқтың қасы, — деді ауыл әкімі.

Бағдарламаның игілігін көріп отырған тұрғындардың бірі — көпбалалы ана Наталья Роде. Наталья алғаш кәсібін 2018 жылы бастапты.  Сол кезде 500 мың теңге грант алып,  нан пісіріп сатады. Үйдің нанына сұраныс көбейеді. Осылайша Наталья кәсібін кеңейтуді қолға алады. Қосестек ауылының ортасынан шағын наубайхана ашқан ол биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 миллион 350 мың теңге қаражат алып, кәсібін одан әрі кеңейткен.

— Қаржыға тоңазытқыш, қалып секілді қажетті бұйымдарды сатып алдым. Қазір күніне 600-700 бөлке нан пісіреміз. Бұдан бөлек батон, тоқаш, бәліш те пісіріп сатамыз. Тоғыз балам бар. Оның бірі —  Ресейде, екеуі Ақтөбеде тұрады. Ал қалған балаларымның барлығы осында. Наубайхана ісін солардың арқасында жүргізіп отырмын, — деді кәсіпкер.

Экспедиция мүшелері наубайхананың ішін көрді. Пештен шығып жатқан ыстық нан арнайы сөрелерге қойылып жатыр. Бұдан соң көлікпен дүкендерге жөнелтіледі. Наталья нанды Қосестектен бөлек, жақын маңдағы ауылдарға, аудан орталығы Бадамшаға апаратынын айтты. Соңғы аптада  Ақтөбеге де жөнелтіп жатыр екен.

«Көз — қорқақ, қол — батыр» дейді ғой, қандай да бір істі бастасаң, қорықпай кірісіп кету керек. Ауылдастарыма «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алудан қорықпау керектігін айтамын. Бұл — өте тиімді жоба, — деді Наталья.

Бағдарлама арқылы үш миллион теңге несие алып, қаз өсіріп отырған тұрғынның бірі Оксана Стырличук:

Күйеуім алғашқыда бағдарламаға қатысқанымды аса құптай қоймады. Бірақ жоба бойынша берілетін несиенің жылдық пайызы аз екенін білген соң келісті. Осылайша тәуекел етіп, бройлер тауығын, қаз сатып алып, қора салдық. Жалпы, бұған дейін де үйде құс өсірдік. Аздаған тәжірибеміз бар. Қазір, шүкір, алғашқы өнімді сатып жатырмыз, — дейді. Отбасындағы үш бала ата-анасына көмектеседі.


Ащылысайда ара өсіру қолға алынды

Одан әрі экспедиция мүшелері Ащылысай ауылына барды. Мұнда бағдарлама арқылы несие алған Ирина Яцук отбасымен құс шаруашылығын дамытып отыр. Бұған дейін түрлі істі бастап көрген ол енді тек осы кәсіппен айналысатынын айтады. Себебі құс шаруашылығынан пайда көп. Ол қаладағы үйін кепілге қойып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, 1000 қаз сатып алған.

— Күйеуіміз екеуіміз алғашқыда қалай болар екен деп уайымдадық. Себебі  шығыс көп, жемшөбі тағы бар. Бірақ тәуекелге бел буып, құжаттарымызды тапсырдық. Қаржыны алған соң қаз сатып алдық. Оның күтімі туралы тәжірибелі мамандардан кеңес алдық, — дейді Ирина.

Құстарға жем беру, қора тазалау секілді жұмыстарға балалары көмектеседі. Балапандардың алды өсіп қалған. Күзде Ақтөбеге, одан қалса көрші Ресейге апарып сатпақ. Үй иесі өнімді өткізу жағынан қиындық туа қоймайтынын айтты.

Округ әкімі Асылбек Биманбаевтың айтуынша, бағдарламаға тұрғындар белсенді  қатысып жатыр.

Ащылысай ауылдық округіне қарасты төрт ауыл бар. Олар — Ащылысай, Бозтөбе, Ақкөл, Преображеновка. Жалпы тұрғындар саны — 1503 адам. Бағдарламаға 20 жоба ұсындық, оның 18-і мақұлданып, несие берілді. Екеуі енді қаржы алады. Жалпы сомасы — 50 миллион 455 мың теңге. Тұрғындардың  бағдарламаға қатысуға деген құлшынысы өте зор. Әлі де жоба ұсынып жатқандар бар. Қазір құжаттарын реттестіріп жатырмыз. Жалпы, ауылда жұмыссыз адам жоқ, — деді ауыл әкімі.

Ауыл халқы өсімдік, құс шаруашылығынан бөлек, дәстүрлі емес кәсіпке де ден қойыпты. Мәселен, ауыл тұрғыны Николай Родинский бал арасын өсіріп, өнімін алып отыр. Ісін енді бастаған ол тек ауыл емес, облыс орталығына да бал жеткізуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін ешқандай кәсіппен айналысып көрмеппін.  «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естіп, қатысып көрсем деген ой туды. Себебі несие пайызы аз, ауыл тұрғындарына тиімді екен. Ойлана келе құжат тапсырып,  2 миллион теңге несие алдым. Ауыл әкімдігі құжат рәсімдеуге көмектесті.  Ара өсіріп, бал шығаруға қажетті жабдықтардың бәрін сатып алдым. Өзбекстаннан карпат тұқымды ара сатып алдым. Алғашқыда кәсіптің қыр-сырын білмегесін, аздаған қиындықтар болды. Араға таланып та қалдым. Ал қазір үйрендім, — дейді Николай.

Қазір онға жуық омарта күнбағыс алқабының маңына қойылған. Омарташының айтуынша, өнімді өткізуде ешқандай қиындық тумайды. Себебі табиғи балға сұраныс жоғары. Николай зайыбы екеуі болашақта осы шаруашылықты кеңейткісі келетінін айтты.

Қатысушылардың көрмесі

Экспедиция мүшелері Қарғалы ауданының орталығы Бадамшадағы Мәдениет үйінде жиын өткізді. Ғимараттың дәлізінде бағдарлама бойынша несие алып, өнімін сатып отырған тұрғындар көрме ұйымдастырды. Яғни бірі — қаз етін, енді бірі қияр, қызанағын, бірі сүт өнімдерін сөрелерге қойған. Көрмеге қойылған өнімдерге қарап-ақ, ауданның осы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша облыста көш бастап тұрғанын көруге болады. Мәселен, Жосалы ауылынан келген мектеп мұғалімі Жауқазын Терекбаева бағдарлама арқылы 3 миллион 700 мың теңге көлемінде несие алған.

Несиенің талаптары ауыл тұрғындары үшін тиімді екен. Қаржыны алған соң жылыжайға қажетті жабдықтарды сатып алып, істі бастап кеттік. Қияр, құлпынай егіп, қазір жемісін көріп отырмыз. 300 түп қиярдан 500 келі өнім алдық. Ауылдан бөлек, Бадамшадағы дүкендерге әкелеміз. Көп алса — 200, ал аздан алса, 300 теңгеден сатып жатырмыз. Ал құлпынай тұқымы енді өнім беріп жатыр. Бұған да сұраныс жоғары. Қолымыз босай қалса, жылыжайға жүгіреміз. Балаларым қолғабыс етеді, — дейді Жауқазын.

Ал  Серғали Құстанов бағдарлама арқылы несие алып, сүт өнімдерін шығарып отыр. Қаржыға цех, ірімшік дайындайтын  жабдықтар сатып алған.  Ауыл-аймақтағы сиыры бар тұрғындардан сүт қабылдайды. Осылайша ірімшіктің бірнеше түрін шығарып отыр. Кәсіп иесі бағдарламаның өте тиімді екенін айтты.

— Егер алдыңа қандай да бір мақсат қойсаң, осы іспен айналысамын десең, несие алудан қорықпау керек. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша екі жарым пайызбен берілетін несиенің талаптары өте тиімді. Сондықтан кәсіп бастаймын деп жүргендерге осы бағдарламаға қатысуға кеңес беремін, — деді Серғали Құстанов.

Экспедиция мүшелері көрмені тамашалап, кәсіп иелеріне сәттілік тіледі.

Мәдениет үйінде өткен жиынға ауыл тұрғындары белсене қатысты. «Ақтөбе» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Ашур Алмасов пен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының қайта өңдеу бөлімінің бас маманы Мұхтар Әкімов бағдарлама туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.  «Үш таған» журналының бас редакторы, ақын Ертай Ашықбаев, философия ғылымының докторы, профессор Алтай Тайжанов ел экономикасын дамытуда ауылға жағдай жасаудың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Облыстық мәслихат депутаты Айгүл Нұркеева тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдарға жауап беріп, мәселені  құзырлы органдарға жеткізетінін айтты.  Жиында экспедицияны бастап барған «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бағдарламаға қатысып, кәсіп бастаған «Trout Kargaly» ӘКК төрағасы Азамат Исмайловқа облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Алғыс хатын салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер Ирина Яцук пен Серғали Құстановты серіктестік атынан марапаттап, естелік сыйлықтар берді.

P.S.

Жалпы бағдарлама аясында аудан бойынша 185 жоба тапсырылған. Оның ішінде 178 жоба мақұлданып,  соның 108-і қаржыландырылыпты. Несиенің жалпы көлемі — 402 миллион теңге. Несие алғандардың басым бөлігі құс өсіруді қолға алыпты.

Кәмшат ҚОПАЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button