Басты жаңалықтар

179 жобаны іске асыруға 60,6 миллиард теңге  бөлінді

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен аймақтың жол құрылысы мәселесіне арналған жиын өтті. Жиынға құзырлы мекеме басшыларымен қатар, жол құрылысына жауапты мердігер мекеме өкілдері де қатысты. Аудан әкімдері бұл жиынға онлайн режимінде қосылды.

Жиында аймақта көлік инфрақұрылымын дамыту және құрылыс маусымына дайындық барысы туралы облыстық жолаушылар көлігі жәнеавтомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр баяндады. Оның айтуынша, биыл жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында 179 жобаны іске асыруға 60,6 млрд теңге бөлінген. Қарастырылған қаражат есебінен 82 жоба немесе
430,6 шақырым жергілікті маңызы бар және 97 жоба (137,1 шақырым)бойынша қала мен ауылішілік жолдар жөнделетін болады. Нәтижесінде жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесін 83 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Су тасқыны салдарынан зардап шеккен жол учаскелерін қалпына келтіру үшін 36 жобаға бөлінген жалпы қаражаттың 50 пайызы, яғни 9,8 миллиард теңгесіне секвестрлеу жасалып жатыр. Секвестрлеу нәтижесінде жоспарланып отырған жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 77 пайызға  төмендейтін болады.Алдын ала есептеулер жүргізіліп, облыстық және аудандық жолдардың 32 учаскесін  қалпына келтіру үшін 15,8 миллиард теңге қажеттілік анықталды. Бүгінде ережеге сәйкес құжаттар топтамасы жиналып жатыр. Барлық құжат түгенделген соң облыстық қаржы басқармасына тапсырылатын болады, — деді Айбек Қайыр.

Тасқынның салдарынан республикалық Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз, облыстық Ойыл-Қобда бағытындағы және Ойыл ауылына кіреберіс жолдағы көпірлердің балкалары мен аралық құрылымдары бүлінген. Сонымен қатар Әйтеке би  ауданындағы Әйке, Мұғалжар ауданындағы Басшилі және Темір ауданындағы Жамбыл елдімекендерінің кіреберіс жолдарын да су шайған.

Айбек Қайырдың айтуынша, жол құрылысы маусымы басталғалы «ҚазАвтоЖол» қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, мердігер мекемелермен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде халықтың басты назарындағы Ақтөбе-Хромтау-Ұлғайсынжолының 791-819 шақырым учаскесінде «Сине Мидас Строй» компаниясымен қазіргі қолданыстағы жолдың көне қабатын алу үшін фрезерлеу жұмыстары басталыпты. Ал 763-791 шақырым учаскесі бойынша конкурс рәсімдері ұйымдастырылып жатыр.

Жиында мердігер компаниялар үшін топырақ карьерлерін рәсімдеу уақыты ұзаққа созылатыны туралы мәселе көтерілді. Сонымен қатар жол құрылысына қатысты қосымша30 шетелдік маманның облыс территориясында жұмыс істеуін заңдастыруға рұқсат етужәне өзге де мәселелер жайы талқыланды.

—  Жол салу құрылысына қатысты жыл сайын қайталанатын қателіктер бар. Сондықтан бұл жиынға Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының басшылары, өкілдері қатысып отыр. Олар арнайы бірнеше жобаны бақылауға алып, жергілікті филиал ашу, сондай-ақ өңірдегі болып жатқан барлық жағдайға байланысты өздерінің ғылыми көзқарасын білдіріп, көмек беруге ниеттенді. Бұған қатысты біраз мәселелер өзара талқыланды. Олар өздерінде шығарылған қоспалар, басқа да ғылыми зерттеулерінің нәтижесін осы өңірде пайдаланып, қарастыратын болады,  — деген облыс әкімі Асхат Шахаров жол құрылысын салу маусымы басталғанын, осы бағытта көптеген конкурстар өткізілгенін, сондай-ақ біраз жобаларды жүзеге асыру үшін облыстық, қалалық бюджеттен қосымша қаражаттар қарастырылғанын атап өтті. Ол тиісті органдарға жол құрылысын сапалы жүргізуге айрықша басымдық беруді тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button