Мәдениет

Қайсар жандар өнері

Байқау

Ақтөбеде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Театр — ұлттың айнасы» атты IX республикалық клоундар байқауы өтті.

Іс-шараға Қонаев, Талдықорған, Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Орал, Атырау, Астана, Өскемен, Көкшетау, Алматы, Тараз, Петропавл және Ақтөбе қалаларының есту мүмкіндігі шектеулі өнерпаздарынан құралған театр ұжымдары қатысты.

Байқауда сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова театр ұжымдарына сәттілік тілей отырып, оларға әрдайым шығармашылық қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Клоунада жанрында өнер көрсетіп жүрген  жас шеберлердің таланттарын  ашу және қолдау мақсатында ұйымдастырылған байқауға жиналған өнерпаздар тек өнер көрсетіп қана қоймай, шығармашылық тәжірибе алуға мүмкіндік алды.

Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар өз өнерін көрсетсе, екінші кезеңі театр ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

«Вдохновение» театр ұжымы 1964 жылы ашылды. Ұжымның ерекшелігі сол — мұнда әртүрлі сала қызметкерлері еңбек етеді. Соған қарамастан, олардың актерлік шеберлігі жоғары деңгейде. Осы жолы екі қойылымды сахналадық. Балықшының өмірін әжуаға айналдырып жеткізу үшін барымызды салдық, — дейді театрдың көркемдік жетекшісі Алексей Никулин.

Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Өскемен қаласының «Вдохновение» театр ұжымы жеңіп алса, 1-орын Ақтөбе қаласының халықтық «Мы Вас любим» клоунада театрына бұйырды. 2-орынды Қарағанды қаласының халықтық «Браво» клоунада театры, 3-орынды Қостанай қаласының «Му-му» ұжымы иеленді.

Барлық жүлделі орын иеленген ұжымдарға «Қазақстандық саңыраулар қоғамы» қоғамдық ұйымы орталық басқармасының атынан ақшалай сертификат табысталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button