Мәдениет

Ұлттық ойындар

Дәстүрлік таным-түсініктен туындайтын қазақ халқының ұлттық ойындары — баланы іс-әрекетке баулу, ақыл-ойды жетілдіру, сондай-ақ адамгершілік әдебін қалыптастыру, отансүйгіштік пен салауатты өмір салтына тәрбиелеу үшін теңдесі жоқ құрал.

Балалар ойындарында жас ерекшелігі мен физиологиялық дамуына сай қимыл-қозғалыс, тіл ұстарту, сөздік қорды молайту амалдары, халықтық педагогика заңдылықтары шебер қиыстырылып, үйлесім тапқан. «Адам ақылымен сымбатты» деп білген халқымыз тұрмыс -тіршілігіне байланысты туған ұлттық ойындарды бала тәрбиесінде кеңінен пайдалана білген. Балаларға арналған ойындарды тәрбие мәселесінен бөліп қарауға болмайды.

Қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан ұлттық ойындар бұл орайда, негізінен,екі жауапты қызмет «атқарған»: біріншіден, жаттығулар, қимыл-қозғалыс ағзаның дамуына игі әсер еткен; екіншіден, ұлттық ойындардың мазмұны әдет-ғұрпымызды қастерлеу сезімін қалыптастырады. Балалар ойынының қай-қайсысына да мазмұнынақарай өлең, тақпақ, ән араласады. Тіпті ойын барысында тікелей кездеспегенмен, жеңілген жақ міндетті түрде ән немесе күлдіргі әңгіме айтып, би билеп,айыбын өтейді. Бұл — ұлттық ойындардың басты ерекшелігі.

«Қазақстан ұлттық энциклопедиясында» ұлттық ойындар туралы «Қазақ ұлты, негізінен, ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған», делінген.

Ата-бабадан жеткен ұлттық ойындардың бүгінгі қазақ жерінде қалыптасуына келсек, олардың тарихы б.з.д. І мыңжылдықтан басталады. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары көне тайпалық одақтар мен біздің жеріміздегі алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Бұл ойындардың пайда болуы мен қалыптасуы халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылығынан бастау алады. Жалпы алғанда, мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізделген.

Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты; малға байланысты; түрлі заттармен ойналатын; зеректікке баулитын; сондай-ақ ептілік пен икемділікті қажет ететін ойындар. Бұл ойындардың ежелден қалыптасқан арнайы өлеңдері бар және олардың кейбірінің мәтіні бүгінге дейін жаткен.

Аңға байланысты ойындар: мысалы, «Ақсерек-Көксерек», «Аңшылар мен қояндар», «Қас-құлақ», т.б.

Малға байланысты ойындар: «Аларман (қойға қасқыр шапты)», «Асау көк», «Бура- қотан», «Соқыр теке», т.б.

«Айгөлек», «Айдапсал», «Көкпар», «Сұрақ-жауап», «Орын тап», «Отырмақ», «Санамақ», «Ұшты-ұшты», «Тең көтеру», «Тоғызқұмалақ», «Қыз қуу», сондай-ақ күрес, тағы басқалары зеректілікті, ептілік пен икемділікті қажет ететін ойындар қатарына жатады.

Зерттеушілер қазақтың ұлттық ойындарының ерлік, өжеттік, батылдық, шапшаңдық  қасиеттерімен қатар, әділдік пен адамгершіліктің жоғары ұстанымдарына негізделгенін атап өтеді. Өйткені ойынға қатыспай жатып-ақ алдын ала әзірленіп, көп адамның тер төгіп, еңбек етуіне тура келеді. Мысалы, бәйгені алайық. Бәйгеге қатысу үшін алдымен ат таңдалады. Оны бастан-ақ  баптап-күтуге тура келеді, соның ішіндеішетін суы мен жейтін жеміне дейін қатаң қадағалауда болады. Бәйге атын баптаушылар түн ұйқысын төрт бөліп, бейнет кешеді. Сондықтан қазақтың ұлттық ойындары туралы сөз болғанда мына мәселеге ден қою керек: бұл — тек жанкүйер тартуға бағытталған сауықтық шара емес, ол — спорт, ол — өнер, ол — шаруашылық -тәжірибелік маңызы бар үлкен тәрбие құралы.

 Ғалым ӘМІРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button