Салт-дәстүр —сарқылмас қазына

Қазақ халқы дүниеге келген әрбір сәбиді Алланың аманаты деп танып, оны ерекше қуанышпен қарсы алған әрі өмірге келген сәтінен бастап баланың әр басқан қадамына мән беріп отырған. «Бала — бауыр етің» деген сөз бекер айтылмаған.
Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында баланың дүниеге келуі, өсуі мен тәрбиесіне қатысты сан алуан жоралғылар мен ырым-тыйымдар бар. Олардың бәрі ғасырлар бойы ұлттың тәрбиелік жүйесінің өзегіне айналған. Нәресте дүниеге келгенде, ең алдымен, шілдехана тойы жасалады. Бұл — өмірге келген сәбиді қуанышпен қарсы алып, оның өмір жолы жарқын болсын деген ниетпен жасалатын алғашқы дәстүр. Шілдеханадан кейін баланы қырқынан шығару рәсімі орындалады. Бұл — 40 күнге дейінгі ананың да, сәбидің де әлсіз екенін ескере отырып, оларға күтім жасау кезеңі. Қырқынан шығару рәсімінде сәбиді 40 қасық сумен шомылдырып, тырнағы мен шашы алынады.
Сәбиді бесікке бөлеу де қазақтың қастерлі салттарының бірі. Бесікке салу рәсімі кезінде ауылдың қадірлі анасы немесе енесі балаға бата беріп, оны бесікке бөлейді. Бесік — жай ғана ұйықтайтын орын емес, баланың тыныш ұйқысы мен денсаулығының кепілі. Бесікке салынған бала таза әрі жинақы жатады, анасы да тынығады. Сонымен қатар баланы тербете отырып айтылған бесік жырынан сәбидің бойына мейірім, жылулық дариды.
Қазақ халқында балаға қатысты ырым-тыйымдардың да мәні зор. Мысалы, «нәрестеге көз тимесін» деп, мойнына тұмар тағып; «ұл болсын» деп ұл баланың жейдесін кигізіп қоятын ырымдар бар. Бұл — жаңа туған сәбиді тіл-көзден сақтау, аман-сау өсуіне ниет білдіру.Көп жағдайда баланың болашағына қатысты жоралғылар ат қою рәсімінен басталады. Ат қою — жай ғана есім таңдау емес, болашаққа үміт артып, жақсы қасиеттер дарысын деген тілекпен қойылатын мәнді рәсім. Қазақта «есіміңе лайық бол» деген сөз бар. Ат қою кезінде ел ішіндегі сыйлы, батыр, дана адамдардан бата алынады. Кейде «тәуіп баласы», «күшік иті» деп теріс есімдер де қойылып жатады. Әдетте баланың шетінеуін тоқтату үшін осындай амал жасалған. Атын жаман етіп қойса, жамандық айналып өтеді деген сенімнен туған.
Тағы бір терең мәні бар тыйым —баланы босағаның астынан өткізбеу. Бұл баланың төмен, әлсіз болмауын тілеуден туған. «Баланың басынан сүйме» дейді,яғни оның маңдайынан бақ тайып кетеді деген сенімнен туған. Мұндай тыйымдар естілуі оғаш болғанымен, әрқайсысының артында өмірлік тәжірибе, жақсы ниет жатыр.
Бала өсе келе оның алғашқы қадамы да үлкен қуанышпен атап өтіледі. Тұсаукесер — бала алғаш аяқ басқан кезде орындалатын салт. Бұл кезде баланың аяғына ала жіп байланып, «ақ, адал жолмен жүрсін» деген тілекпен тұсауы кесіледі. Тұсаукесерді өмірде жолы болған, елге сыйлы адам жасайды деген сенім бар. Мұнда да балаға тілек, ниет, бағыт беру — басты мақсат.Кейбір өңірлерде тілашар дәстүрі де кең таралған. Бұл — баланың алғаш мектепке баруына арналған мерекелік рәсім. Ата-ана баласына қалам-дәптер, оқулықтар тарту етумен қатар, ақ тілегін айтып, батасын береді. Бұл салт — жақсы тәрбие мен білімге ынталандырудың бір жолы.
Қазақ халқының балаға қатысты салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарының барлығы бір мақсатқа — ел болашағы саналатын ұрпақты дені сау, тәртіпті, еңбекқор, иманды етіп өсіруге бағытталған. Бұл дәстүрлердің әрбірінде ұлттық тәрбиенің тереңге кеткен тамыры, рухани құндылықтар негізі жатыр. Бүгінде жаһандану мен заманауи өмір салтына бейімделу барысында кей салт-дәстүрлердің ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Алайда ұлттың ұлт болып қалуы, ең алдымен, өзінің тілі мен дәстүрін сақтауға байланысты.Жастар осы дәстүрлерді білу арқылы ата-бабасының рухани мұрасын ғана емес, өзінің ұлттық болмысын да таниды. Бұл олардың дүниетанымын кеңейтіп, тарихи санасын қалыптастырады. Жас ұрпақ ата-баба аманатын қадірлеп, дәстүрдің төркінін терең ұғынып, оны күнделікті өмірде қолдана білсе, ұлттық рух ешқашан жойылмайды.
Қазақтың салт-дәстүрлері — ұлттың баға жетпес байлығы, тәрбие мен тағылымның қайнар көзі. Әрбір ырым мен тыйым — ата-бабамыздың өмірден түйген даналығы. Сондықтан біз, жастар, бұл мұраны елеусіз қалдырмай, жаңғыртып, келер ұрпаққа аманаттауымыз қажет. Бала тәрбиесі — отбасы мен ұлт болашағының іргетасы. Ал сол іргетас мықты болуы үшін ата салтымыз бізге ауадай қажет.
Жасұлан НҰРЛЫБЕКҰЛЫ.



