Мәдениет

«Өнермен өрнектелген жыл»

«Сазды» мәдениет үйінде дәстүрлі есептік концерт өтті. Іс-шара — бір жыл бойғы шығармашылық еңбекті қорытындылаған әрі өнер ұжымдарының жетістігін паш еткен ерекше мереке болды.

Оған Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева, Сазды ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұртай Ибраимов және ауыл тұрғындары қатысты.

Концертке жиналғандарды Абыл Смаиловтың жетекшілігімен өнер көрсетіп жүрген республикалық байқаулардың жүлдегері — үлгілі «Жас Ұлан» үрлемелі оркестрі қарсы алды.

«Өнермен өрнектелген жыл» концерті «Сазды» мәдениет үйіндегі  шығармашылық ұжымдарының кәсіби өсуін, өнерге адалдығын және мәдениетке қосқан үлесін айшықтаған шынайы мерекелік кеш болды. Есептік концерт үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлім «Абай әлемі» композициясымен басталып, қазақ руханиятының қайнарынан сыр шерткен әсерлі көрініспен жалғасты. «Ана жүрегі» биі, «Көзімнің қарасы» әні және күй мен бидің үйлесімі ұлттық өнердің мәңгілік құндылығын паш етті.

Келесі бөлім батырлық рух пен елдік тақырыбына арналды. «Әлия» композициясы, сол аттас ән және «Жас талант» вокалдық тобының орындауындағы «Рух» шығармасы көрермен көңілінен шығып, жас ұрпақтың отаншыл үнін жеткізді.

Кештің қорытынды бөлігі қазақ вальсінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналды. «Шәмші» композициясы, «Менмін қазақ», «Туған ел» әндері орындалып, барлық өнерпаздың қатысуымен өткен финал жылдық еңбектің нүктесін қойды.

Есептік концертке қатысқан Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева, Сазды ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұртай Ибраимов

ұжымдардың өнеріне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

Сазды мәдениет үйінің директоры Жансәуле Кемерованың айтуынша, ұжым жыл бойы 120-дан астам мәдени-көпшілік іс-шара өткізіп, оны 20 мыңға жуық көрермен тамашалаған.

Өнер ордасы халықтың рухани қажетіне қызмет етуді басты мақсат етіп, ұлттық құндылықтарды насихаттау, жастар тәрбиесін күшейту және көпұлтты қоғамның бірлігін нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жансәуле Кемерованың айтуынша, «Сазды» мәдениет үйінде биылғы бірінші жартыжылдықта ұлттық рух пен тағылымға толы іс-шаракөп болған.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Мерген ару» турнирі мен «Жас жауынгер» әскери байқауы жас ұрпаққа ерлік үлгісін көрсетті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Бір шаңырақ астында» атты концерт ұйымдастырылып, ұлттар бірлігі мен достық идеясы кеңінен насихатталды.Жеңістің 80 жылдығына арналған «Есіңде ме есті әндер» және «Теңдесі жоқ тарихи жеңіс» концерттері ардагерлерге тағзым ретінде өтті.Композитор Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған «Айналдым елім» аймақтық байқауы көрермен көңілінен шықты.Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлі шығармашылығына арналған әдеби кештер жас оқырмандардың әдебиетке сүйіспеншілігін арттырды. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Өңір таланттары» аймақтық өнер байқауы жаңа таланттардың танылуына мүмкіндік берді.«Наурызнама» онкүндігі аясында ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін «Пай, пай қазақтың келіндері-ай!» және «Мен әжемін, ұрпағын әлдилеген» сайысы өткізілді. Халықаралық отбасы күніне орай «Шуақ шашқан шаңырақ» атты кеш ұйымдастырылып, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталды, — дейді Жансәуле Кемерова.Оның айтуынша, шілде-желтоқсан айларында Мәдениет үйі жаз маусымын ашық аспан астындағы концертпен бастады. Бұл формат көрерменнің қызығушылығын тудырып, шығармашылық ұжымдардың сахналық шеберлігін шыңдай түсті.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған караоке кеші мен «Абай мұрасы — халық ұлағаты» бағдарламасы, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Ән аға — жан аға» кеші көрермен көңілінен шықты.

ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ұрпағы ұлықтаған — Ата Заң» концерті мемлекеттік мерекенің мәнін ашты. «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларға көмек көрсетілді. Қоғамның әлсіз топтарына қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық концерттері тұрақты ұйымдастырылды.«Отбасы — өмір аясы» фестивалі мен өнегелі отбасылармен кездесулер де әдемі әсер қалдырды.«Шектеулі әлемдегі шексіз өнер» байқауы мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығын қолдауға бағытталса, «Би сыры» VIII аймақтық би байқауы жас бишілердің шеберлігін арттырды.

25 қазан— Республика күні «Еңсесібиікегемен ел» мерекелікконцертіменаталыпөтті. Қазақкиносыныңкүндеріаясындакөрсетілген «Қажымұқан» фильміжастарға батыр тұлғалардыңерлігінүлгіетті.

Жансәуле Кемерованың айтуынша, бүгінде мекемеде үрлемелі оркестр, би, вокал, домбыра, хор, отбасылық ансамбльдер мен қолөнер бағытын біріктірген 9 тұрақты шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Жалпы 150-ден астам өнерпазды қамтитын бұл ұжымдар қалалық, облыстық және республикалық байқауларда үздік нәтиже көрсетіп келеді. Кеш барысында өнер ұжымдарының жыл бойы жасаған жұмысы бейнежазбалар арқылы көпшілік назарына ұсынылды.

Жалпы 2025 жыл — «Сазды» мәдениет үйі үшін шығармашылық табыстарға толы, мазмұнды жыл болды. Алдағы жылы да өнер ұжымдары жаңа идеялармен, тың бастамалармен халық игілігіне қызмет етуді жалғастырмақ.

Жыл жемісі: жүлделер мен марапаттар

«Сазды» мәдениет үйінің ұжымдары биыл бірқатар байқауда жоғары жетістікке жетті.

  • «Жас Ұлан» үрлемелі оркестрі «Alash star» байқауында Бас жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ «Жас Ұлан» оркестрі Алматыдағы суперфиналда Гран-при жеңіп, 250 мың теңгеге ие болды. Жетекшілер Абыл Смаилов пен Самал Смаилова — Алғыс хат иегерлері.

  • «Ақмаржан» ансамблі Н.Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Өз елім» байқауында І орын алды.

  • «Шабыт» би ансамблі аймақтық «Өңір таланттары» өнер байқауында Бас жүлде иеленді. «Шабыт» ансамблі Қобдадағы «Ғажайып балалық» би байқауында І орын, «Әлия гүлі» халықаралық фестивалінде дипломантатанды. «Өнерлі бала» және «Grand dance cup» байқауларында ІІ орын алды.Атырау қаласында өткен Dance Platforma сайысында «Бала ойын» биімен Бас жүлде және «Ана жүрегі» биімен бірінші орынға ие болды.

  • «Домбыра дастан» ансамблі мен Айару Аюп «Нұржауған — 2025» республикалық байқауында І орын алды.

  • «Жас STAR» конкурсында Махаббат Ниязбекова ІІ орын, ал Ұлболсын Өтегенова «Мерген ару — 2025» сайысында І орын жеңіп алды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button