Ақтөбеде «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі өтті

Сыбаға
«Сыбаға» —ата-баба мұрасын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды бүгінгі ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған маңызды мәдени бастама. Үш күнге созылған этнофестиваль аясында өңір жұртшылығына мазмұны терең, тағылымы мол кең ауқымды бағдарлама ұсынылды. «Тағылым» күні облыстағы мәдениет ошақтары мен білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін танымдық шаралар мен шеберлік сағаттары өткізілсе, «Дәстүрлер жаңғырығы» күнінде көне ұлттық аспаптар көрмесі, отандық және шетелдік шеберлердің шеберлік сағаттары, сән көрсетілімі, сондай-ақ «Көнеден жеткен дәм» атты ұлттық тағамдар гастрофестивалі мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ал «Салбурын» күнінде саятшылық, құсбегілік, тазы жүгірту, садақ ату секілді ұлттық спорт түрлері насихатталды. Бұдан бөлек асық ату спортынан халықаралық турнир өтті.
ДӘСТҮРЛЕР ЖАҢҒЫРЫҒЫ
Дәстүрлі «Сыбаға» этнофестивалінің салтанатты ашылуында көне ұлттық аспаптар көрмесі, отандық және шетелдік шеберлердің шеберлік сағаттары, «Дәстүрлер жаңғырығы» сән көрсетілімі ұйымдастырылып, келушілерге концерттік бағдарлама ұсынылды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров этнофестивальға қатысушылармен пікірлесіп, «Дәстүрлер жаңғырығы» сән көрсетілімін тамашалады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» деп атап өткен болатын. Салт-дәстүр – адамзат үшін ілгерілеудің сарқылмас қайнар көзі. Ғылыми-техникалық прогресс қанша дамығанымен, қолда бар жетістіктердің іргетасын қалаған құндылықтардан бас тартуға болмайтындығын өскелең ұрпаққа жеткізу — басты міндет. Фестиваль аясында өткізілетін іс-шаралар барысында төл мәдениетіміздегі құндылықтарды, рухани дүниелерді және өнер түрлерін дәріптей білу қазіргі тәрбие ісінде оң әсер береді деген сенімдемін. Ақтөбеліктердің рухани-мәдени бастамасын қолдап, шетелден және еліміздің басқа өңірлерінен келген қонақтарға ризашылығымды білдіремін, — деді өңір басшысы.
Өнер орталығының фойесінде еліміздің әр түкпірінен, шетелдерден келген шеберлер өз туындыларын көпшілікке таныстырды. Олардың қатарында зергерлер, ши тоқу, киіз басу, тері, сүйек, сырмақ, бау тоқу, қыш шеберлері, этностильдегі, жүннен басылған киімдер дизайнерлері бар. Соның бірі — Бішкек қаласынан келген киім дизайнері Гүлмира Ахматова. Ол меринос қойының жүнінен қолмен иірілген жіптен дәстүрлі әдіспен кездеме тоқып, одан заманауи киімдер дайындайды екен.
— Ұмыт бола бастаған өнерді қайта жаңғырту мақсатында осы істі қолға алғаныма біраз жыл болды. Ауылдағы апалар жүнді иіріп береді, ал мен оны жуып, бояп, тоқып, белдемше, шапан, шарф, орамал сияқты киімдер жасаймын. Негізгі мамандығым — қырғыз тілі пәнінің мұғалімі, ал қолөнер — жанның қалауы. Қазір Бішкекте жастарға осы дәстүрлі тоқу өнерін үйретіп, ұлттық мұрамызды заманға сай жаңғыртып жүрмін. Өз бұйымдарымды Қырғызстанда ғана емес, шетелдердегі көрмелер мен жәрмеңкелерде де таныстырып, табиғи жүннің құндылығын кеңінен насихаттап келемін. Ақтөбеде өтіп жатқан этнофестивальға арнайы келіп қатысып жатырмын, мұндай фестивальдер —шеберлердің бір-бірімен тәжірибе алмауына таптырмас алаң, — дейді ол.

«Дәстүрлер жаңғырығы» сән көрсетілімінде киім дизайнерлерінің этностильдегі киімдері сахнадан көрсетілді. Ұлттық сырмақ шебері Инабат Аязбаеваның айтуынша, «Сыбаға» фестивалі — қолөнер шеберлеріне өз туындыларын көпшілікке таныстыруға таптырмас мүмкіндік. «Биыл дизайнерлер арасынан арнайы іріктеуден өтіп, фестивальға қатысуым — мен үшін үлкен мәртебе. Ұлттық киімді заманауи үлгіде жаңғыртып, сырып тігілетін жылы сырт киім, белдемше, сырылған шалбар, кеудеше сияқты бұйымдар дайындаймын. Бүгінгі топтамам жастарға арналған жаңа үлгілермен толықты», — дейді ол.
ӨКПЕСҮТ ПЕН ҚАРМАНЫҢ ҚҰДІРЕТІ
Ақтөбе қаласындағы «Сарқыт» мейрамханасында «Сыбаға — 2025» этнофестивалі аясында «Көнеден жеткен дәм» гастрофестивалі өтті.
Шараның мақсаты — ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарды қайта жаңғыртып, халқымыздың ас мәдениетін жас ұрпаққа таныту. Фестивальға облыстың 12 ауданы қатысып, әр өңір өзіне тән көне тағамдарын, олардың тарихы мен жасалу жолын көпшілікке ұсынды.
Қонақтар ерекше қызыққан тағамның бірі —үлпершек. Халқымыздың дәстүрінде бұл тағам ата-ананың қызына деген махаббаты мен қамқорлығын білдіретін арнайы ас ретінде дайындалған. Қобда ауданының тұрғыны Назифа Алдрапекова үлпершектің бұрын тұрмысқа шыққан қыз алғаш рет төркініне келгенде әзірленетін тағам екенін айтты.
— Ұзатылатын қызға жасалатын тағамды әзірледім. Бұрын тұрмысқа шыққан қыз күйеуінен рұқсат алып қана ата-анасына қонаққа барған. Сонда төркіні оған арнап ерекше ас — үлпершек дайындаған, — депбұл тағамның жасалу әдісімен де бөлісті.
Мұғалжар ауданы аспаздарының жылқы етінен әзірлеген тағамдары қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Ал Алға ауданынан әкелінген бауыраяқ пен мипалау ұлттық асхана ерекшелігін көрсетсе, балық шаруашылығымен танымал Ырғыз ауданы көне балық пісіру әдістерін көпшілік назарына ұсынды. Қонақтарға қарма, көмбе балық және тасқа пісірілген балық сияқты тағам түрлері таныстырылды. Ырғыздық кәсіпкер Құралай Берекеш ата-бабаларымыздың жоқшылық заманда балықты саз балшыққа орап, шоққа көміп пісірген әдістерін түсіндірді. Тіпті балықтан жасалған шұжық та көпшілікке таныстырылды. Ырғыздықтар дастарқанға ескі және заманауи үлгіде дайындалған балық тағамдарын қатар қойған.
Ұлттық тағамдарды дәріптеу барысында хромтаулықтар «Арда емген» және «Түте» атты көне ас түрлері туралы кеңінен мағлұмат берді. Хромтау тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұргүл Аманғалиева «Арда емген» — сүтке пісірілген ет, мәртебелі меймандарға арналған қасиетті ас екенін айтты.
Фестиваль қонақтарының назарын аударған тағамдардың бірі —өкпесүт. Ардагер ұстаз, Қобда аудандық белсенді өмір сүру орталығының мүшесі Баян Назарова көпшілікке бұл тағамның жасалу жолын түсіндірді. Ол қойдың өкпесіне сүт құйып әзірленетін өкпесүттің ренжіскен жандарды татуластыру мақсатында дайындалатынын айтты.
— Өкпесүттің жасалу процесі ұзақ әрі шеберлікті талап етеді. Көрмеге біз қойдың өкпесінен әзірленген өкпесүтті әкелдік. Сойылған қойдың өкпесі өңешімен бірге алынып, бірнеше қайтара жуылып, кеңірдек арқылы құрамына тұз бен қара бұрыш қосылған сүт құйылады. Қойдың өкпесіне шамамен 2 литр сүт құйылды. Бұл тағам баяу отта ұзақ қайнатылады. Піскен соң өкпе ішіндегі сүт ұйып, тағам ерекше дәмге ие болады, — дейді Баян Назарова.
Гастрофестивальде «Ең ерекше қызмет», «Ең дәмді көнеден жеткен тағам», «Ең жақсы дәстүрлі сусын», «Ұлттық мұраны сақтау», «Үздік дәстүрлі ет тағамы», «Үздік сүт өнімінен жасалған тағам», «Үздік ұлттық киімдер» және басқа да көптеген номинациялар бойынша жүлделер табысталды. Қазылар алқасының шешімімен бірнеше номинациямен қатар жүлде алған аудандар да болды. Олар — Мұғалжар, Қобда, Шалқар және Алға аудандары.Жеңімпаз аудандар облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің Алғыс хатымен марапатталды.
АСЫҚШЫЛАР ЖЕҢІСІ
Ақтөбеде «Сыбаға» фестивалі аясында Жекпе-жек сарайында асық ату спортынан өткен «Aktobe open — 2025» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Екі күнге жалғасқан айтулы додада Қазақстан, Румыния, Ресей, Монғолия, Пәкістан, Үндістаннан келген асықшылар өзара сынға түсті.

Халықаралық жарыстың ашылу салтанатында облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов сөз сөйлеп, ұлттық спорт түрлерін дамытудың маңызына тоқталды.
— Асық ату жарысы дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады. Бүгінде осы спорт жастар арасында кеңінен насихатталып келеді. Әсіресе ақтөбелік спортшылардың аяқ алысы жаман емес. Жуырда Ғарышбек Құлыбек Шымкентте өткен республикалық асық ату турнирінде бас жүлдегер атанды. Бұл — ұлттық спорттың дамуының айқын көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында ұлттық спортқа ерекше мән береді. Осындай жарыстарды өткізу арқылы кіл мықтылардың, салауатты өмір салтын ұстанатын спортшылардың шеберлігін шыңдағымыз келеді, — деді басқарма басшысы.
Жарысқа қатысқан ойыншының бірі — Әділбек Елдос. 21 жастағы спортшы — бүгінде асық атудан Монғолия ұлттық құрамасының мүшесі.
— 2022 жылдан бері асық атумен айналысамын. Көптеген Азия чемпионаттарында жүлдегер атандым. Өткен жарыстарда асық атудан Қазақстан құрамасымен сайысқа түскенмін. Олар — дәлдік, шапшаңдықты меңгерген спортшылар. Осындай ауқымды жарыстарды ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Оқуды аяқтаған соң азаматтық алып, Қазақстанға көшу жоспарымда бар, — дейді ол.
Халықаралық турнирге асық ату спортының негізін қалаушы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, асық ату спортынан ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанов, Ақтөбе облыстық асық ату федерациясының атқарушы директоры Мұсағали Тасқалиев қатысып, жарыстың әділ өтуін қадағалады. Жарысқа Батыс Қазақстан облысының асық атудан аға жаттықтырушысы Ержан Спортұлы төрелік етті. Қыздар бес асықтан, ұлдар асық атудан сайысты.
Тартысты өткен сайыста ақтөбелік Дана Қабижан, Айнұр Бұхарбаева, Аяулым Бақбергенова, Ғарышбек Құлыбек, Саят Қалқабай облыс мерейін асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрінді.
— Халықаралық турнирде алғашқылардың бірі болып сынға түстім. Бірінші сақа бойынша қарсыластарымды ойсырата ұтып, жеңімпаз атандым. Жуырда ғана Шымкентте өткен республикалық асық ату турнирінде есе жібермей, көлік мініп қайтқан едім. Осы жарыста қыздарымыз да нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Келер жылы да ұлттық ойынымыз асық ату спортын дамытуға үлесімді қоспақ ниеттемін, — дейді Ғарышбек Құлыбек.
Халықаралық турнир нәтижесінде 1-орынды Қазақстан-1 құрамасы 2-орынды Ақтөбе облысы (Қазақстан-2), 3-орынды Монғолия құрама командалары иеленді.
Жеңімпаздарға спорт және денешынықтыру істері комитетінің дипломы мен медалдары табысталды.
КӨКПАР ТАРТЫП, ТАЗЫ ЖАРЫСТЫРДЫ
«Сыбаға» фестивалі аясындағы спорт додалары ипподром аумағында да жалғасты. Мұнда «Салбурын — 2025» дәстүрлі аңшылық және ұлттық спорт түрлерінен турнир өтті. Қатысушылар жаппай командалық көкпар, құмай тазы, шырға тарту, құсбегілік сайыстарында сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатына облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов, облыстық ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Азат Жүкен және облыстық «Көкпар» федерациясының президенті Фархат Сансызбай қатысты.
Ең алдымен бүркітшілер шырға тартудан жарысты. Кейіннен жаппай командалық көкпар жарысы спортсүйер жанкүйерлердің назарын аударды. Сайыс барысында «Алтын жебе» клубының мүшелері садақ атудан шеберлік сағатын өткізді. Бүркіт пен тазы баптаған саятшылар шырға тарту сайысында қоян аулап жарысты.
Облысымызда көкпар спортының дамуына елеулі үлес қосып жүрген Фархат Сансызбай кезекті жарысқа 8 ауданнан 60-қа жуық көкпаршы қатысқанын айтты.

— Көкпар ойынына қатысқан шабандоздардың дайындығы жоғары. Әсіресе «Сарыжар», «Әлім ата» сияқты командалар республикалық жарыстарда облыс мерейін асқақтатып жүр. Осы жарыста қатысушылардың деңгейі салым бойынша бағаланды. Жүлде қоры — 200 мың теңге. Ұлттық спорт турнирлері жиі өткізілсе, жастардың да қызығушылығы артар еді. Ұйымдастырылатын жарыстар барысында көрермен халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен де танысуға мүмкіндік алады. Ата-бабамыз ежелден аударыспақ, теңге ілу, көкпар, бәйге» секілді ат спорты ойындарын ерекше құрметтеген. Солардың ішінде, әрине, жігітті батылдық пен өжеттікке, ептілікке баулитын көкпардың орны бір бөлек, — дейді Ф.Сансызбай.
Бала кезінен ат құлағында ойнап өскен шалқарлық Бекнұр Таңатаров сайысқа қызу даярлықпен келген. Ол бүгінде «Әлім ата» командасында топтық жарыстарға қатысып жүр.
— Ұлттық спорт түрлерінің ішінде көкпар спорты қарқынды дамып келеді. Осыған дейін Ақтөбе облысының чемпионы, Азия көкпар лигасының чемпионы атандық. Өзім көкпар тартумен үш жылдан бері айналысамын. Бұл спорт түрі күш пен жігерді талап етеді. Бәйгеде жылдамдыққа басымдық берілсе, ал көкпарда білек пен жүректің күші таразыға түседі. Қошқар атты тұлпарым осы жолы да жеңісті қолдан бермеді. Білектілер сайысында 7 салым салып, көш бастадық. Көкпар ойынына Нұрбек Балмағанбетов төрелік етті. Алдағы уақытта командаластарыммен бірге жас жеткіншектерді ұлттық спорт түрлеріне баулығым келеді. Жеке кәсіпкер ретінде ат спортының дамуына өз үлесімді қосып жүрмін, — дейді көкпаршы.

Облыстық ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Азат Жүкеннің айтуынша, бүгінде облыста 500-ге жуық атбегі, 200-ге жуық көкпаршы мен тазы баптайтын саятшы бар. Оның айтуынша, осындай шаралардың арқасында өңірде ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, саятшылардың қатары арта түседі.
Дүбірлі додаға келген ақтөбеліктер саятшы, тазы баптаушы, құсбегілермен суретке түсіп, күннің суығына қарамастан, сайыстарды аяғына дейін тамашалады. Әсіресе қазақы тазылардың жарысы қызықты өтті. Тазылар иесінің тапсырмаларын бұлжытпай орындап, шырға тартудан жарысты. Турнир қатысушысы Ғабит Сейітжанов — қазақы тазаларды сақтап қалудың қамына кіріскен азаматтың бірі. Ол жарысқа Сарығасқа атты тазысымен қатысыпты.
— Отыз жылдан бері тазы баптаймын. Бүгінде алты тазымды «Салбурын» сияқты ауқымды жарыстарға әкеліп жүрмін. Тазы — өте талғампаз әрі жүйрік жануар. Өзім ес білгелі тазы ұстаймын. Саятшылыққа шығып, аң аулау — сүйікті кәсібім. Бүгінде «Тазы жанашырлары» тобының ұйымдастырушысымын. Бұл топқа қазақы тазыны жазбай танитын жігіттерді жинап жатырмыз, — дейді ол.
Турнир нәтижесінде жаппай көкпардан «Әлім ата» командасы топ жарды. Ал 2-орын — «Әйтеке би», 3-орын «Сарыжар» командаларына бұйырды. Құсбегілік бойынша сынға түскен Ақмола облысы Сейілбек Жакашевтің Ұшар атты қыраны 1-орынды қанжығасына байлады. Ал жүлделі 2-орынды ақмолалық Бейсембек Мұхамедәлінің Бұйрық, 3-орынды ақтөбелік бүркітші Жанарбек Тайбасардың Кербалақ атты қыраны еншіледі. Тазылар жарысында ақтөбелік, шалқарлық салбурыншылар үздіктер қатарынан көрінді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында екінші мәрте ұйымдастырылған «Салбурын» сайысы келер жылы да жалғасады.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.
Арайлым НҰРБАЕВА.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.


