Береке мен бірлік бастауы

Отбасы
Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас отбасылар арасында «Береке мен бірлік бастауы — отбасы» атты байқау өтті.
Байқау Ақтөбедегі көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжінде ұйымдастырылды.
Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нұрсұлтан Қожабековтің айтуынша, бұл — жастар арасында отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы және неке институтын нығайту мақсатымен жыл сайын өткізілетін, дәстүрге айналған шара.
Биыл байқауға қатысуға 25 отбасыдан тапсырыс түсіп, олардың арасынан 6 жұп таңдап алынған. Алдымен байқауға қатысатын ерлі-зайыптылардың өздері, отбасылық өмірі туралы бейнероликтер ұсынылып, сондай-ақ олар қазылар алқасы алдында бір-бірін таныстырды және түрлі сұрақтарға жауап берді.
Байқауға қатысушылар арасында Бекмағамбет Мұқанов пен Ақмарал Сәндібек те бар. Олардың отбасын құрғанына екі жылдан асқан, қазір Даниал атты ұл тәрбиелеп отыр. Бекмағамбет — Ә.Кекілбаев атындағы мектеп-лицейде денешынықтыру пәнінің мұғалімі, ал Ақмарал балабақшада музыкант болып істейді. Олар әрдайым бір-біріне қолдау көрсетіп үйренген.
— Отбасында ең бастысы —бір-біріне деген сенім. Менің ойымша, өзара сенім арқылы қандай қиындықты да жеңуге болады, — дейді Ақмарал.
Байқау соңында қатысушылардың бәріне де диплом табысталды, ал жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болды. Қатысушылар да осындай қызықты да
игі шара үшінұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Самира ҚАРИНА.