Пікір

Бірнеше саланың дамуына серпін береді

Дана БЕКБАУОВА,
өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры.

Елімізде Қытай Халық Республикасымен визасыз режимге байланысты әртүрлі пікірлер жарияланып жатыр. Менің ойымша, бұл кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытуда серпін береді.
Қазіргі таңда Қытай экономикасы халықаралық аренадағы озық экономиканың бірі екенін, ал елдер арасындағы визасыз қатынастар қолайлы инвестициялық ахуалды қолдауға мүмкіндік беретінін жоққа шығаруға болмайды. Бұл елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға оң әсерін тигізіп қана қоймай, туристік әлеуетімізді арттыратынын атап өткен жөн. Алысқа бармай-ақ, жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің қытайлық жанкүйерлері Ақтөбеге еркін келе алатынын, бұл айналып келгенде экономикамызды өркендететіні айдан анық. Қарапайым адамдарға да әрі-бері қатынауға, сауда жасауға бұның игілігі мол екені белгілі.
Ресми деректерге сүйенсек, Қытай — Қазақстанның да, Орталық Азияның басқа да елдерінің негізгі сауда серіктесі. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан, Қытай және Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 31,9 пайызға өсіп, 32,1 миллиард долларды құрады. Ал Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда рекордтық көрсеткіштерге жетіп, өткен жылы 24 миллиард доллардан асты. Визасыз режимді енгізу арқылы бұл сомманы бірнеше есеге өсіруге болатынын ұмытпау керек.
Қытайдың жоғары оқу орындарында 3,5 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды. Визасыз режим туралы келісім ғылым, білім саласындағы қатынастарды да нығайтуға көмектеседі.
Менің түсінгенім, жаңашылдық туристер мен іскерлік іссапарларға ғана қатысты. Еңбек мигранттары бұл санатқа жатпайды. Сондықтан қытайлар елге үдере көшіп келеді деп қорықпауымыз керек. Өйткені елдің Сыртқы істер министрлігі осыған сендіріп отыр.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button