МерекеПікір

Мәдени серпіліс және жаңа бағыт

Қайрат ТАЛЖАНОВ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің қазіргі заман

тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері.

 — Тәуелсіздік алған жылдар еліміздің саяси-экономикалық ғана емес, мәдени-рухани дамуына да тың серпін берді. Соның ішінде музей саласы жаңа тарихи жағдайларға бейімделіп, ұлттық құндылықтарды жаңаша бағамдау кезеңіне кірді. Кеңестік идеология үстемдік еткен уақытта біржақты көрсетілген тарих тәуелсіздікпен бірге өз болмысын қайта тапты. Музей тұжырымдамалары түбегейлі жаңартылып, экспозициялар тәуелсіз Қазақстанның тарихи зердесін қалыптастыру талаптарына сай қайта құрылды. Бұрын назардан тыс қалған өңір тарихының шынайы беттері ашылып, тарихи құндылықтар жаңа мәнге ие болды.

Тәуелсіздік жылдарындағы осындай маңызды мәдени қадамдардың бірі 1992 жылы Есет Көкіұлының 325 жылдық мерейтойы қарсаңында музей экспозициясының құрылымдық жоспарының толықтай жаңартылуы еді. Осы кезеңде «Дулығалы дала перзенттері» экспозициясының ашылуы тәуелсіздік рухымен үндескен тарихи оқиға болды. Бұл жаңа зал — музей қызметкерлерінің ғылыми ізденісі мен шығармашылық еңбегінің нәтижесі. Экспозиция өңірдегі ұлт-азаттық қозғалыстарының тарихын, халық бостандығы үшін күрескен қолбасшылар мен батырлардың ерлігін шынайы деректер мен құнды жәдігерлер арқылы көпшілікке жеткізуді мақсат етті. Ол келушілерге халқымыздың ерлік дәстүрін сезіндіретін рухани орта қалыптастырды.

Тәуелсіздік музейдің халықаралық деңгейге көтерілуіне де жол ашты. Бұл жылдары мекеме «Open Museum» халықаралық қауымдастығына, сондай-ақ Қазақстанның ICOM бөлімшесіне мүше болып қабылданды. Мұндай қадам музейдің ғылыми беделін арттырып, әлемдік музейлер қауымдастығымен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтті.

Жалпы, тәуелсіздік кезеңі музей жұмысының жаңа мазмұнмен толысуына ықпал етіп, экспозициялар арқылы өңірдің шынайы тарихын көрсетуге айрықша мән берілді. Әрбір жәдігер өткеннің сырын ашып, ұлттың рухани сабақтастығын тереңірек сезінуге жол ашады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button