
Шәмшат ӘБДІРЗАҚОВ,
Мұғалжар аудандық музейінің директоры.
— Тәуелсіздік — халқымыздың ғасырлар бойы көксеген арманын, еркіндікке деген асқақ ұмтылысы мен қайсар рухының жеңісін айшықтайтын ұлы ұғым. Сондықтан да бұл күн — ұлтымыз үшін ең қастерлі, ең мәртебелі мереке. Бүгінгі бой түзеген биігіміз бен қол жеткізген барлық табысымыздың түп негізінде Тәуелсіздік тұғыры тұр.
Тәуелсіздік — тәңірдің біздің ұрпаққа берген баға жетпес бақыты, ата-бабамыздың арман-аңсарын ақтаған, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Ол — өткеннің өнегесі, бүгіннің бағдары, ертеңнің жарқын үміті.
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанған қазақ елі талай сыннан сүрінбей өтті. Қиындық қиялап жол кескен сәттердің өзінде қайсар рухты халқының тастай берік төзімі мен талайлы тағдырына мойымас жігерінің арқасында, қазақ халқы өзінің өршіл үнін әлемге естіртіп, өркениет сахнасында нық орнын айқындады.
Кеңес үкіметі тұсында кең-байтақ даламыз колхоз бен совхозға біріктіріліп, отаршыл саясаттың пәрмені күшейді. Қазақ халқының еркін тіршілігіне елеулі нұқсан келіп, тіліміз бен рухымыздың жойылу қаупі төнді. Шалғайда мал бағумен күнелткен шопандардың тұрмысы ауырлап, олардың еңбегі еленбей қалған кезеңдер аз болмады.
Бүгінде тәуелсіздіктің арқасында елдің еңсесі тіктеліп, әр өңір жаңаша тыныс алды. Өзімнің туған ауылым да бұл өзгерістен шет қалмады. Кезінде Родник деп орысша аталып келген ауылымыз қазір Бұлақты атанды. Бұрын қазіргідей мол ақпарат тарататын телеарна, әлеуметтік желі, байланыс жүйелері жоқ кезеңде тұрмыс та, тіршілік те өзгеше болатын. Аналарымыз даладан отын теріп, ошақтың отын маздатып, қарапайым тірліктің қиындығын мойымай атқарды.Ал биыл қарашада ауылға көптен күткен көгілдір отын кіріп, тұрғындардың қуанышы қойнына сыймады. Құдықтан су тасу да тарихқа айналды. Әр үйге орталықтандырылған су жүйесі тартылып, тұрмыс сапасы едәуір жақсарды. Елуінші жылдары бой көтерген ескі ауыл клубы жаңаша кейіпке еніп, заманауи мәдениет ошағына айналды. Жаңадан ашылған медициналық пункт те елдің игілігіне қызмет етіп тұр. Бұрын тұрмыс қиындығына шыдамай, қалаға көшіп кеткен талай ауылдастар бүгінде туған жерге қайта оралып, жеке шаруашылықтарын ашып, ауылдың дамуына үлес қосуда. Бүгінгі Бұлақты — бірлік пен жаңғырудың, тәуелсіздік берген тың тыныстың айғағы.
Біздің тірегіміз — тәуелсіздік, тілегіміз — тұрақтылық. Тәуелсіздікпен бірген мұраттарға қол жеткізудеміз.



