Сайлау

Сайлау қорытындысы белгілі болды

Сайлау-2023

Кеше облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов 19 наурызда өткен сайлаудың қорытындысы бойынша брифинг өткізді. Оның айтуынша, өңірде сайлаушылардың 58 пайызы дауыс берген.

Облыс бойынша барлығы 562698 адам сайлауға қатысу керек болса, солардың 326017-сі дауыс берген. Аудандардың арасынан сайлауға ең белсенді қатысқан  ырғыздықтар (84,7 пайыз) екен.

Ақтөбе облысы бойынша 525 сайлау учаскесінде 4315 байқаушы болды. Оның 20-сы — халықаралық байқаушы, 2328-і — аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің тәуелсіз байқаушылары. Қалғандары — кандидаттар мен партиялардың сенім білдірген өкілдері.

Облыстық мәслихаттың бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша дауыс беруге 321961 сайлаушы қатысты. Олардың ішінде есептен шығару куәліктері бойынша 108 сайлаушы, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс 4217 сайлаушы дауыс берді. Кандидаттардың жалпы саны — 67, — деді Нұрлыбек Жүсіпов.

Брифингте облыстық мәслихаттың бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған депутаттардың тізімі жарияланды. Олар (сайлау округтерінің нөмірі бойынша ретімен тізбелесек): Еламан Итеғұлов, Марат Қойлыбаев, Азамат Саймов, Қайрат Сабыр, Серік Әліпов, Ардақ Өтегенов, Фархат Сансызбай, Шахан Жолдасбаев, Алтынбек Жиембаев, Нұрлан Махамбетов, Самат Қалдығұлов, Бану Тілегенова, Наурызбек Сарбасов, Боран Ізбасов, Естай Сисенбаев, Дәурен Молдашев және Кәмшат Төлеуова.

Облыстық мәслихаттың партиялық тізімдер бойынша сайлауға 5 саяси партия қатысты. Саяси партиялар үшін дауыс санына келсек, Amanat партиясы — 206534  дауыс (65,17%), «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы — 34923  дауыс (11,02%), Қазақстан Халық партиясы — 11170  дауыс (3,52%), Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы — 13387  дауыс (4,22%), «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы — 34953  дауыс (11,03%). Ал «Бәріне қарсымын» белгісі бар сайлау бюллетеньдерінің саны —  15 927.

Дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының бес және одан көп пайызын алған саяси партиялар үшін депутаттық мандаттары төмендегідей бөлінді: Amanat партиясы — 13, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы — 2, сондай-ақ «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы — 2, — деп атап өтті облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Сонымен қатар Ақтөбеде сайлау кезінде 11 заңбұзушылықтың анықталғаны айтылды. Дені әлеуметтік желілерге тікелей эфир жүргізгендерге қатысты. Бұл қызметтік куәлігін көрсеткен жағдайда журналистерге ғана рұқсат етілгенін айта кеткен абзал.

«Облыстық мәслихат сессиясы қашан өтеді және төраға қалай тағайындалады?» деген сұрағымызға облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов төмендегідей жауап берді:

— Келесі аптада кандидаттарды тіркей бастаймыз. Сессияның уақыты да бұдан соң қойылады. Бұл туралы қосымша хабарлаймыз, — деді.

Айта кетейік, спикер облыста сайлау өткізуге республикалық бюджеттен 1,3 миллиард теңгенің бөлінгенін баян етті.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button