Сайлау

Екі ауылдың әкімі сайланды

Хромтау ауданының Абай, Бөгетсай ауылдарында әкім сайлауы өтті.

Ресми мәліметке жүгінсек, Абай сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 240 адам енгізілген. Абай ауылы әкімін сайлауға 3 үміткер түсті.

Елімізде сайлау жүйесін дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Жаңа Қазақстанды құрудағы қадамымыз өзгеріс пен дамуға бастайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл әкімдерін халықтың тікелей өзі сайлауы бүгінде іске асырылып жатыр. Бұл шара — соның айқын көрінісі. Ауыл әкімін сайлауға жергілікті халық белсенді қатысты. Әдеттегідей сайлау учаскесі таңғы сағат 07.00-де мемлекеттік Гимнмен ашылды. Халықтың көңіл күйін көтеру мақсатында сайлау учаскесінде көңілді әуен қосылып, бірінші болып дауыс беруге келген және сол күні туған күні болған, алғаш рет дауыс беруге келген сайлаушыларға сыйлық ұсынылды, — деді Абай ауылындағы №457 сайлау учаскесінің төрағасы Гаухар Оразалина.

Ауыл әкімін сайлау шарасы бұл күні Бөгетсай ауылында да ұйымдастырылды. Республикалық маңызға ие Самара-Шымкент тасжолының бойында орналасқан Бөгетсай ауылы — бүгінде халқы тұрақты, шаруаға жайлы елдімекендердің бірі.

Бөгетсай сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 939 адам енген. Сайлау өткізудің барлық талабына сай жасақталған №467 учаскеде сол күні көңілді әуен қосылып, халықтың белсенділігі жоғары болды.

Дауыс беруге келген ауыл тұрғыны Бейсет Қуанышев:

Осы күнге дейін сайлаудан бірде-бір рет қалмаған екенмін. Бұл — менің азаматтық парызым. Сайлау өтетін күнді тағатсыздана күтемін. Сол үшін сайлау учаскесіне ерте келіп, өз таңдауымды жасаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде сайлау жүйесінде үлкен өзгерістер болды. Соның бірі — ауыл әкімдерін халықтың тікелей өзі сайлауы. Бұл — дұрыс қадам. Ауылдың тірлігін түсінетін, жаны ашитын, сол елдімекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінше үлес қосатын жергілікті әкімді, яғни үміткердің де кім екенін сол ауылда тұратын халық білуге тиіс. Бұл жолы өз таңдауымды лайықты үміткерге бердім деп ойлаймын. Ауылымызды басқаратын жаңа әкімнен болашақта іргелі істер мен жүйелі жұмыстар күтеміз, — деді.

Бөгетсай ауылы әкіміне 4 үміткер сайлауға түсті.

Алмат ЗЕЙНОЛЛА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button