Есет Көтібарұлы: ерліктің өшпес өнегесі
Еліміздің азаттығы жолындағы күрес тарихындағы танымал тұлға, атақты батыр, даңқты би Есет Көтібарұлына облыс орталығындағы Д.Қонаев пен К.Нокин көшелерінің қиылысында бүгін ескерткіш ашылып, ол өмір сүрген тарихи кезең сипатын ашатын ғылыми конференция өтеді, сонымен бірге ел қорғаны болған ер рухына бағышталып ас беріледі.
Тарихшы-профессор Самат Құрманалиннің бұл мақаласы ұлт-азаттық көтеріліс пен оның бастаушысы Есет Көтібарұлының қолына қару ұстап, ат үстінде жүрген кезеңдерінен мол мағлұмат береді.
ХІХ ғасырдағы Қазақстандағы бұл тарихи оқиға Есет батыр бастаған көтерілістің алғышарттары, себептері Ресейдің отарлық саясатынан туындады. Кіші жүздің ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы бүкіл хал-ахуалын талдағанда оның империялық отарлық езгімен тығыз байланыстылығы көрінеді. Патша өкіметінің бұл кезеңдегі Кіші жүздегі әскери-отарлық езгісі, қазақтар құқықтарының шектелуі мен олардың саяси-әлеуметтік жағынан қаналуы және патшалық Ресейдің бұл өңірді экономикалық тұрғыда жаулап алуы бір-бірімен астасып, қазақ халқының өмір сүруіне аса қауіп төндірді.
Ресей империясының қазақтар бағытындағы ұстанған саясатының апаттылығына көзі жеткен Есет Көтібарұлы отаршылдыққа батыл қарсы шықты. Ол бастаған көтерілісті біз, тарихшылар, 1847-1858 жылдар деп шартты түрде зерделедік, ал шын мәнінде Есет батыр көтерілісінің тарихи алғышарттары немесе отарлық үкіметтің жазалаушы отрядтарымен алғашқы әскери қақтығыстар ХІХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында да өткендігі тарихи шындық.
Атап айтқанда, Орынбор генерал-губернаторы граф В.А.Перовскийдің 1839 жылғы атақты Хиуа жорығы. Бүкіл Ресей қоғамы мен Еуропа жұртшылығының назарын өзіне аударған бұл жорық патша дәуірінде айтылып-жазылғандай, ауа райының аса қолайсыздығынан немесе әскери жорықтың кеш басталуынан сәтсіздікке ұшыраған жоқ. Негізгі себеп — генерал В.А.Перовский жорығының Есет Көтібарұлы бастаған Шекті руының ержүрек азаматтарының кедергі келтіруінен жүзеге аспауында. Ол кезеңде патша үкіметінің Орта Азияға бағытталған кезкелген іс-әрекеті қазақ халқына үлкен нұқсан келтіретін еді.
ХІХ ғасырдың 30-жылдарында орын алған патша үкіметінің Кіші жүздегі отаршылдық езгісі батыр Есет Көтібарұлы мен Ресей империясының арасындағы қарулы қақтығыстардың дәл сол кезде-ақ басталуына әкеп соғады. Мысалы, 1836 жылы Есет батыр шағын қолмен Ресейге бағыт алған Бұхар керуеніне шабуыл жасайды. Орыс әскерлерін Хиуа хандығы шебіне ойдағыдай жеткізу үшін В.Перовскийдің салдырған Ембі және Ақбұлақ бекіністеріндегі мыңнан астам қарулы қолдың тұруына қарамастан, Есет Көтібарұлы 1837 жылы өз қолымен бұның екеуіне де тосыннан шабуыл жасап, бекіністердегі орыс-казак отрядтарына ойсырата соққы беріп, Ембі бекінісінен 398, Ақбұлақтан 32 жылқыны айдап кетіп, патша әскерлерін жаяу қалдырады. Бұл туралы нақты ресми құжат профессор Зәкіраддин Байдосұлының «Үш ғасыр перзенттері» атты еңбегінде келтірілген.
1838 жылы Есет батырдың бастауымен бір топ қазақтар орыс бекінісінен зауряд хорунжий Шустиковты, урядник Малковты және соларға қоса 5 казакты тұтқындайды, сондай-ақ Подгорный станциясына шабуыл жасап, бірнеше ондаған жылқыны айдап әкетеді.
ХІХ ғасырдың 30-жылдарының аяғында Есет Кіші жүздегі Жоламан Тіленшіұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысты қолдап, 1838 жылы Жоламан батырмен бірге Елек бекінісіне шабуыл жасайды. Елек қорғаны бекінісінің коменданты, полковник Поплавский бұл оқиға туралы 1838 жылдың 3 тамызында Орынбор Шекара комиссиясына берген мәліметінде: «Қырғыз батырлары Жоламан мен Жаналы Тоқпан Тұрымов және Есет Көтібаровпен бірігіп, 3000-ға дейін адам жинап, өздері Қаратоғай шатқалына бекінді, сөйтіп, сенімді ордалықтардан тұратын бірнеше партияларды бейбіт ордалықтарға жіберіп, оларды өздерінің тобырына шақыруда». Бұл деректер тарихшылар У.Шалекенов пен В.Шахматов еңбектерінде бар.
Сондай-ақ 1839 жылдың 28 маусымында Орынбор саудагері М.Деевтің 40370 сомдық сауда керуені, 1840 жылдың маусымында Орынбор саудагерлері Ковалевтің, Адамовтың, Бұхара саудагері Мұхамед Рахимовтың 70 мың сомдық керуендері көтерілісші қазақ қауымының олжасына айналады. Бұған себеп болған патша әскерлерінің қазақ ауылдарын шауып, тіпті қырғынға ұшыратып кетуі, аталған саудагерлердің жолшыбай тонау саудасын жүргізгендігінде еді. Осындай сауда арқылы елге келген отаршылдық тауқымет зардабын бәсеңдетіп, патша әкімшілігі мен Кіші жүздің билеуші сұлтандарының бетін қайтару көтерілісшілердің бір мақсаты болды.
Жоғарыда баяндалған Орынбор әскери губернаторы В.А.Перовскийдің 1839-1840 жылдардағы Хиуа жорығы Кіші жүз қазақтары үшін ауыр қасіретке айналады. Осыған ашынған жамағат 1840 жылы орыс елінен Орта Азияға, Орта Азиядан Ресейге бірде-бір сауда керуенін жібермей қояды. Сайып келгенде, мұның бәрі батыр Есет Көтібарұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының өз теңдігі, бостандығы үшін Ресей империясының отарлық экспансиясына қарсы жүргізген күресінің басталуы еді.
ХІХ ғасырдың 30-жылдарындағы Орал және Орынбор казактарының Кіші жүздегі тонау жорықтарына шыдамаған Есет Көтібарұлы өзінің қарамағындағы рулар мен адайлардың үлкен бөлігін бастап Хиуа хандығының шекараларына қарай көшеді. Орыс бекіністері құрылыстарының өрістеуіне және жазалаушы отрядтардың зорлық-зомбылығына қарсы қазақтардың наразылығының күшеюін өз мақсаттарына пайдалану үшін Хиуа билеушілері жаңа іс-қимылдарға көше бастайды. Нәтижесінде хиуалықтар осы кезде зекет жинауды сылтау етіп, Кіші жүзге жиі келіп, қазақ руларын Ресейге қарсы күреске көтеруге тырысады. Орда ішінде бұқара халыққа арналған Хиуа ханының грамоталары таратылады, онда Ресей мемлекетінен бөлініп, Хиуаның қол астына кіруге, Шеп бойынан көшіп кетуге үгіт жүргізіледі. Бұған 1840 жылғы Аллақұл ханның Кіші жүздің билері мен батырларына арналған хаты дәлел бола алады. Онда былай делінген: «… қажет болған жағдайда, бір Құдайдың қалауымен, біздің өзіміз де сансыз әскерді ертіп, алмас қылышты қолға алып жылжи аламыз. Бірақ біздер көтерілгенше менің боданымдағы әйгілі батырлар мен рубасылар қолға қару алып бірігіңдер, сөйтіп, бізге көмек көрсетіңдер. Сіздердің еңбектеріңіз ескеріледі және ар алдында еңселеріңіз түспейді».
Есет көтерілісінің қозғаушы күштерін сөз еткенде сол кездегі қазақ қоғамындағы, өз орталарындағы әлеуметтік және таптық жағдайлар шешуші рөл атқармайды. Себебі патша өкіметінің отарлық езгісі қоғамда өмір сүріп отырған барша әлеуметтік топтың мүддесіне үлкен нұқсан келтірді, көтерілістің далада патша әкімшілігі тағайындаған билеуші сұлтандар мен солардың жандайшаптарынан басқа, Кіші жүздегі басқа да пұрсатты тап өкілдерінің кең қолдауына ие болуы да сондықтан.
ХІХ ғасырдың 40-50 жылдарында күшейген патша үкіметінің Кіші жүздегі әскери-саяси бағыттағы отаршылдық езгісі, яғни бұл өңірге салынған жаңа бекіністер мен қаптаған гарнизондар өздерін ешкімге тәуелсізбіз деп санаған Шекті, Шөмекей, Төртқара, Қаракесек, Қарасақал, Кете және тағы басқа рулардың жеріне ішкерілеп енді. Сөйтіп, Ресей империясының отарлық қысымы бұл ауданда батырлардың рөлінің артуына алып келеді. Олар Ресей экспансиясына қарсы күресте халыққа басшылық етті және халыққа арқа сүйеді. Ал ХІХ ғасырдың ортасында Кіші жүздегі ең белгілі әрі беделді батыр Есет Көтібарұлы еді. Ол өз кезегінде патша үкіметіне де, тіпті дала аймағында бекітілген билеуші сұлтандарға да бағынбаған тәуелсіз тұлға болды.
Бұл көтерілістің қозғаушы күштерінің өзіне тән бір ерекшелігі — сол кезеңдегі Кіші жүздегі саяси-әлеуметтік ахуалға байланысты өрбіді. Өйткені патша өкіметінің отарлық езгісі өмір сүріп отырған барша әлеуметтік топты шарпыды. Үкіметтің даладағы ат төбеліндей сенімді жандайшаптарынан басқа, Кіші жүздегі өзге үстем топ өкілдерінің бәрі де көтеріліс ішінен табылып отырды. Екіншіден, көтеріліске Кіші жүздің көпшілік руларының қатысуы, бұл рулар отаршылдармен күресте жеңіске жету мүмкін еместігін түсінсе де, оған қуатты Кенесары қозғалысында көздері жетсе де, одан кейінгі уақытта да қаруды тастамай Есет бастаған көтеріліс сапында болды. Үшіншіден, көтеріліс халқы батырларымен де ерекшеленеді. Есет ұйымдастырған әскердің ішінде Кіші жүздің есімдері дүйім жұртқа әйгілі неғұрлым беделді батырлары болған. Олар: Бекет Серкебайұлы, Ерназар Кенжалыұлы, Әзберген Мұңайтпасұлы, Қарағұл Қонақбайұлы, Мәуміт Сейтпенбетұлы, Дәуіт Асауұлы, Алдаш Байғанаұлы, Мамай Достанұлы, Ақтан Ақайұлы, Байқазақ Жолдасбайұлы, Елтізер Қуатұлы, Жәлімбет Қуатұлы, Бөкенбай Тілегенұлы. Бұлардың бәрі де ХІХ ғасырдың әр кезеңінде өз Отанын өздерінше қорғаған, өз заманының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан, көтеріліс басшысына шын берілген, көтеріліске бастан аяқ қатынасқан Есет Көтібарұлының әрі туыстары, әрі серіктері еді. Аталған батырлардың барлығы Есетті көтерілістің соңына дейін қолдады. Олардың әрқайсысы туралы көптеген өлең, аңыз, әңгімелер бар. Сонымен бірге архив құжаттарында да бұл батырлардың есімдері аталады. Есет көтерілісіне бастан аяқ белсене қатысқан олардың кейбіреулері (Әзберген Мұңайтпасұлы, Дәуіт Асауұлы, т.б.) бұдан кейінгі Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстарда басшылық рөл атқарды.
1847 жылдан бастап батыр Есет Көтібарұлы айналасына Кіші жүздегі Әлім, Жетіру, Байұлы тайпаларының бірсыпыра руларын топтастырып, күш жинай бастады. Осы кезде ел Кішкене Шекті қауымын бастаған батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлымен және Шөмішті Табынның биі Дәуіт Асауұлымен қоян-қолтық араласып, бір бағыт ұстайды. Патша үкіметінің саясатына қарсылық ретінде Ресейдің түкпірінен Орта Азия хандықтарына жөнелтілген сауда керуендерін шауып алу, Хиуа хандығымен бірлесіп орыс-казак әскери отрядтарына қарсы шығу, бекіністі шептерге шабуыл жасау қимылдарын көрсетеді.
1847 жылы 18 шілдеде Жем бойында Есет Көтібарұлы өзінің адамдарымен Орынбор және Орал әскерлерінің 200 казагы мен патша әскерлерінің қатарында қызмет ететін сұлтандар басқарған 120 қазақтан құралған жазалау отрядына шабуыл жасады. Отыз шақты адамынан айырылған көтерілісшілер Жемнің бастауына шегінуге мәжбүр болды. Үкімет әскерлері ізіне түскен олар Арыс-Бұрта және Емел-Шаған өңіріне жасырынады.
Сондай-ақ осы 1847 жылы көтерілісшілер сауда керуендеріне шапқыншылықтар жасау арқылы отаршылдық саясатқа қарсы күресті үдете түседі. Мысалы, 1847 жылы 13 маусымда Төртқара және Шекті руларының жүз шамалы көтерілісші қазақтары Орта Азияға беттеген Орынбор көпесі Путоловтың сауда керуенін көтеріліс ошағында тонаушылыққа ұшыратады, ал 24 шілдеде Шекті руының 200 жігіті Есет Көтібарұлының басшылығымен Қарақұмда, Ресейге бет алған Бұхараның сауда керуеніне шабуыл жасайды. 420 түйелі керуенді түгелдей тонаған көтерілісшілердің шабуылы барысында 5 адам өлтіріледі.
1848 жылғы 26 маусымдағы жеті мың Хиуа әскері мен мыңға тарта көтерілісшілерді бастаған Есет батырдың біріккен қолының подполковник Чигирь басшылығындағы Орынбор әскерімен үлкен шайқасы назар аудартады. Бұл шайқаста отарлаушылар жеңіске жетті, әйтсе де,көтерілісшілердің талаптарын орындауға мәжбүр болған Орынбор әкімшілігі осы жылдың жазында Кіші жүздің Орта бөлігінің руларына Елек, Жем және Темір өзендерінен әрі өтіп, көшіп-қонуға қайтадан рұқсат береді. Осыған сәйкес Есет Көтібарұлы да патша әскерлерімен қақтығыстарын уақытша тоқтатады.
ХІХ ғасырдың 50-жылдарының басында Орынбор өлкесіне генерал-губернатор болып қайта оралған В.А.Перовский және оның 1853 жылғы екінші Хиуа жорығы көтерілістің жаңа күшпен өршуіне түрткі болады. Патша әкімшілігінің бұл әрекетіне қарсы шыққан қазақтар және оларды бастаған Есет осыған орай Орынбор Шекара комиссиясына және Кіші жүздің Батыс бөлігінің билеуші сұлтаны Мұхамбетқали Тәукинге былай деп хат жазады: «Билеуші сұлтан Арыстан Жантөрин қазақтарға күшпен қиянат жасап, 4000 түйені қомымен, азық-түлік, киім-кешегімен, қамтамаланған 700-800 түйешімен беруді талап етуде. Бұл — зорлық және заңсыз. Халық ауыр салықтар мен түйелерін беруден әбден титықтады. Қазақ қауымы түйе, адам беруден бас тартады».
Осы кезеңде Есет Көтібарұлының маңына 2000-нан астам жауынгер топтасады. Патша әкімшілігінің алдына қазақ қауымынан түйе жинауды тоқтату, орыс-қазақ әскери отрядтарын далаға жібермеу, түтін салығы мен билет салығын жою, шаруаларға жайылымдық жерге еркіндік беру, Жем, Мұғалжар, Елек, Қобда, Жайық бойларына көшіп-қонуға ерік беру талаптарын қояды.
Есеттің хатын алған соң Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский мен Шекара комиссиясының төрағасы В.В.Григорьев Есетті ұстау және ол бастаған «бүлікті» түпкілікті талқандау жөнінде шешім қабылдайды. Осыған сәйкес дала аймағына төрт отряд ұйымдастырылып жіберіледі. Олар: бірінші, билеуші сұлтан Арыстан Жантөринге екі зеңбірегі бар 200 атты казактар және 200-дей ел қазақтарымен Жем өзенінің бас жағынан шығу тапсырылады; екінші, билеуші сұлтан М.Тәукинге 200 орыс-казактар отрядын және оған қарасты жергілікті халықтан құралған 500-дей жасақтарды басқартып, Ойыл, Темір беткейінен Жемді орта тұсынан кесіп өтіп, қозғалысты қысымға алу міндеттеледі; үшінші, Орал бекінісінен майор Михайловтың 300 адамдық қолы аттанып және оған төртінші, сұлтан Елекей Қасымұлы бастаған 600 адамдық отряд Арал бекінісінен шығып қосылады.
Архив деректеріне қарағанда, бұл жазалаушы төрт отряд қолдарында соншалықты күш болса да, 1853 жылғы көтерісшілерді қуғындауынан еш нәтиже шығара алмаған. Есеттің өзі түгіл, оның ауылының қайда жүргенін білмеген бұл жазалаушы патша отрядтары далада төрт ай бойы босқа сенделген. Сам, Асмантай-Матай құмдарына, одан әрідегі шөл даланы кесіп өтіп үдере көшкен елге жете алмайтындықтарына көздері жеткен жазалаушы қосындар қыркүйек айының аяғында қуғындауды тоқтатқан.
Патша отрядтары Есетті бетпе-бет шайқасқа тарта алмады. Есет батыр өзінің жігіттерімен кең далада әдіс-амал қолданып, қиыннан жол тауып, дұшпанның күшін әлсіретті. Сөйтіп, олардың күз басталысымен әскери қимылдарын тоқтатып, қырдан кетуге мәжбүр етіп отырды. Бірақ ызаланған жазалаушы отрядтар дала аймағынан текке кетпеді, көтерісшілерді қуып жетіп талқандай алмаса да, көшпелі қазақ ауылдарын шапқыншылыққа ұшыратып кетті.
Архив деректерінде 1853-1854 жылдары кішігірім топтарға біріккен көтерісшілер патша үкіметімен тиіп-қашып жүргізген қарулы күрестері бір сәт те толастамағаны туралы айтылады. 1847 жылы Райым бекінісі және одан кейін Арал бекінісінің салынып, ал 1853 жылы Хиуа жорығының сәтті аяқталып, Ақмешіт қаласының патша өкіметінің қолына берілуі жағдайында орыс әскерлерінің тылында жүріп ойдағыдай күрес жүргізудің мүмкін еместігін жеткілікті түсінсе де, көтеріліс басшысы Есет Көтібарұлы партизандық қимылдарын тоқтатқан жоқ.
Көтерісшілер мен отаршыл үкімет арасындағы әскери қақтығыстардың ерекше көрініс тапқан тұсы бұл — 1855 жылғы оқиғалар. Әсіресе көтерілісшілердің Кіші жүздің Орта бөлігінің билеуші сұлтаны, патшаның жазалаушы отрядтары басшыларының бірі Арыстан Жантөринді өлтіруі Орынбор әкімшілігі мен Есеттің арақатынасының шегіне жете шиеленіскендігін көрсетіп берді. Бұл жөнінде В.Перовский Ресей Соғыс министрі, граф К.Нессельродеге жазған хатында қапалана былай дейді: «… бізге белгілі болғандай, Көтібаров сұлтан-правительді құрбан ету арқылы өзінің үкіметке «адалдығын» «сенімділігін», мүмкіндігін көрсетті». Бұл жөніндеРесей мемлекеттік әскери-тарихи архивінде нақты құжат сақталған.
Патша өкіметі Есет көтерілісін басып-жаншуда жазалаушы отрядтарды үсті-үстіне жіберді, олардың қазақ даласындағы қимыл-әрекеттері көтерілісті қырып-жою сипатында болды. Әсіресе полковниктер Кузьминскийдің, Дерышевтің, майор Михайловтың көрсеткен айуандықтарынан елде орын алған зобалаң тарихтан белгілі.
1856-1858 жылдардағы кезеңде көтерісшілердің патша үкіметіне қарулы қарсылығы аса қиын жағдайда жүріп, бәсеңдей бастады. Бұған 1856 жылы Шөмішті Табынның рубасы, көтерілістің көрнекті батырларының бірі Дәуіт Асауұлының патшалықтың зымиян саясатымен азаттық қозғалысынан аластатылуы, сондай-ақ 1857 жылы Есеттің көтерілістегі белгілі серіктері Бекет Серкебайұлы мен Ерназар Кенжалыұлының тұтқындалуы да себебін тигізген болатын.
Бұл кезеңде де көтерілісті біржолата тұншықтыру үшін Орынбор әскери губернаторлығы орасан зор даярлық жұмыстарын жүргізіп, подполковник, билеуші сұлтан Мұхамбетжан Баймағанбетұлы, майор Михайлов, әскеристрашина Соколов басқаруындағы 1200 адамнан құралған жазалаушы отрядтарды бірнеше бағытта бір мезгілде көтерісшілерді талқандауға аттандырады. Сонымен бірге жаздың орта шенінде подполковниктер Кузьминский мен Дерышев бастаған 600 қылыштық әскери казактар далаға аттанатын болып Ор бекінісіне шоғырланады.
Әкімшілік тарапынан бұл жазалаушы отрядтарға толық ерік беріледі, яғни кезкелген жағдайда кездескен қазақ ауылдарын шабу, қарсыласқандарын өлтіру, мал-мүліктерін түп көтере талап, тонауға рұқсат жасалады. Осындай тәсілдер арқылы патша өкіметі қарапайым бұқара халықты Есеттен шошындыруды көздеді, яғни осының бәріне кінәлі Есеттің жеке өзі етіп көрсетуді ойлайды.
Жазалаушы отрядтардың тактикасын түсінген Есет батыр елді жойқын қырғыннан аман алып қалу үшін із тастай, үдере көше отырып, жау отрядтарын шөлге ұрындырады. Бейбіт елді Борсық, Жыланды бойында қалдырып, шағын-шағын топтармен Доңызтау, Үстірт бойына шығып, Асмантай, Матай шөлді шағылдарын паналайды әрі ұсақ топтарға бөлініп, тұтқиылдан шабуыл жасау әдісіне көшеді.
Патша үкіметі әр уақытта ұлттық көтерілістің көшбасшысын қолға түсірген жағдайда қарулы қозғалыстың тоқтайтындығына сенімді болды. Сондықтан бұл кезеңде Орынбор әкімшілігі көтерілісті басуда күш қолданудан басқа да саяси айла-шарғылар ұстанды, қарулы қозғалыста белсенді рөл атқарып жүрген рубасы билерді, жеке батырларды тұтқындай алды. Арыстан Жантөрин өлімінен кейін билікке келген неғұрлым қабілетті деп танылған сұлтан-правитель Мұхамеджан Баймағамбетұлының Есетті алдап қолға түсірмек болған дипломатиялық шараларынан еш нәтиже шықпағандықтан, батырды Үстірттің шөл даласында қуғындау басталады. Бірақ, сонымен қатар жазалаушы экспедициялардың сәтсіздіктері, маң далада апатқа ұшыраулары да жалғасып жатты.
Есет Көтібарұлы 1856 жылдың аяғы мен 1857 жылдың басында қарулы қимылдарды Сыр өңірі азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтеріліспен байланыстыра жүргізді. Ал 1857 жылғы 11 қыркүйектегі Сам құмындағы полковник Бородин отрядымен арадағы ірі шайқас қарулы қозғалыс тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды. Осы кезеңде Бекет батыр бастаған 18 адамның Сібірге айдалуы, Есеттің үркіншілікке ұшыраған ауылдарды бастап, Хиуа хандығының территориясына уақытша қоныс аударуы ел тізгінін ұстаған азаматтарды тығырыққа тіреді. Осымен бір мезгілде он жылдан астам уақытқа созылған көтерілісті тоқтата алмаған патша өкіметі Орынбор губернаторлығындағы басшылықты өзгертуге мәжбүр болады. Жаңа губернатор А.Катениннің жаңа тактикасы өз мақсатына жеткендей болады, ақыр аяғында көтеріліс көсемінің басын игізіп, тізесін бүктірте алмаған отаршыл империя Есет Көтібарұлы және оның соңынан ерген батырлармен қазақ даласында ресми келісімге келеді, сөйтіп, ұлт-азаттық көтеріліс аяқталады.
Қазақ халқының ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы тарихында кейінгі ұрпақтың пір тұтатын, үлгі алатын батырлық беттері көп. Сол батырлыққа, ерлікке толы айбынды тарихымыздың бір парағы — Ресей империясының отарлық езгісіне қарсы 1847-1858 жылдардағы Есет Көтібарұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс. Бұл халық толқуында да қазақ бұқарасы өзінің рухани бірлігі мен қарулы күшін көрсете білді.
1858 жылы мамыр айында көтеріліс ошағына патшалықтың сенімді өкілі Орынбор генерал-губернаторы А.Катениннің өз аяғымен Есетпен бейбіт келіссөз жүргізу үшін келуі бұл қозғалыстың үлкен жетістігі еді. Көтерілісшілерді әскери тұрғыда күйретсе де, отаршылдар олардың рухын баса алмады.
Патша әкімшілігі көтерілісті басу үшін жыл сайын жазалаушы жеке отрядтар мен арнайы жабдықталған экспедицияларды үсті-үстіне толассыз жіберіп отырды, ал бұл патша қосындары далада көтерілісшілермен шайқастарда немесе оларды қуғындауда үнемі жетістікке жете бермеді, қайта ызалы көтерілісшілерден соққы жеп, шығынданып та жатты. Осындай жағдайда патша әкімшілігінің көтерілісшілерді қуғындаушы әскери құрамаларды жабдықтаулары жыл сайын оңайға түскен де жоқ. Екіншіден, ХІХ ғасырдың 50-жылдарында Қазақ жерін іс жүзінде жаулауды аяқтай келген жағдайда үкіметтің «қайдағы бір жабайылардың бүлігін» баса алмай, әуре-сарсаңға түсуі империяның халықаралық беделіне нұқсан келтірген де еді. Сонымен қатар Ресейдің Қырым соғысындағы жеңілісі патша өкіметіне оңтүстіктегі шет аймақтардың шекарасын кеңейтуге мүдделілік туғызды, яғни уыста тұрған Орта Азия хандықтарының территориясынан айырылып қалмау сол кезеңдегі империя саясатының бірден-бір міндеті-тұғын. Осы мәселелердің барлығын есептей келе патшалық өкіметтің Есет бастаған көтерілісшілермен мәмілеге келіп, шешуші дипломатиялық қадам жасауы қазақ халқының қарулы қозғалысын тоқтатудың бірден-бір амалы да еді.
Есет батыр бастаған көтеріліс тоқтағанымен де, оның Қазақстанның батыс өңірінің Ресей империясы құрамында бұдан кейінгі дамуында терең із қалдырды. Күрес барысында патшалы Ресейдің отарлау саясатының ішкі астары, мәні мен мақсаты айқындала түсті.
Патша үкіметіне көтерілісті қолдаған және белсене қатысқан би, батырлармен және Есеттің өзімен санасуына тура келді. Көтеріліс, сонымен қатар билеуші сұлтандардың әлеуметтік негізінің әбден әлсірегендігін, патша үкіметінің отаршылдық саясатының бүкіл қазақ өлкесінде тамыры жайылып болғандығын көрсетті; көтеріліс басқа да қозғалыстар тарихындағы сияқты қазақ феодалдық топтарының басым көпшілігінің отаршылдық басқарумен әбден ауыз жаласқанын дәлелдеді.
Есет бастаған көтерілісшілер күрес барысында қаншалықты ортағасырлық қару-жарақтармен қаруланып, негізгі күрес әдісі «қашу» болғанымен де, олардың іс-әрекеті Қазақстанның тәуелсіздігінің соңғы тетіктерін жойып, Орта Азияны тез арада колонияға айналдырмақ болған Ресей самодержавиесінің сыртқы саясатын тағы бір онжылдыққа шегеріп тастады. Сөйтіп, Кенесары кезіндегідей қазақтың ұлттық көтерілісінің Ресей саясатына әсер етуі Кенесары өлгенмен де тоқтаған жоқ, бұған отарлаушылардың көздері әбден жетті. Егер патша өкіметі Кенесары қозғалысын және одан кейін іле-шала басталған Есет көтерілісін басуға осыншама уақыт бойы әлектенбегенде бұл отаршыл өкімет Қазақстанды әлдеқайда қысқа мерзімде өзіне бағындырып алатын еді де, Орта Азия бағытындағы соңғы шебіне неғұрлым ертерек жетіп, сөйтіп, Азияға шығатын қақпаның кілтін көп бұрын иеленетін еді.
Есет көтерілісінің аяқталуымен бірге патша өкіметінің Орта Азияны жаулап алуына еркін жол ашылды. Есет көтерілісінің аяқталуынан кейін ендігі жерде Ресей империясының Орта Азияға жасалатын жорықтарының жолында еш кедергі қалмағандығына патша шенеуніктерінің көздері жетті. Есет қозғалысы қазақ халқының Ресей отаршылдығына қарсы бірнеше жылға созылған соңғы ірі көтерілісі болды.
…Соған қарамастан, Есет Көтібарұлы есімі халық санасында ел қорғаған батыр, аруақты ер, батыл қолбасшы ретінде мәңгілік сақталып қалды. Бүгінгі ұрпақ, жас буын үшін де батыр баба рухы елдік пен ерлікке жігерлендіре берері анық.
Самат ҚҰРМАНАЛИН,
тарих ғылымдарының кандидаты, профессор,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері.