Басты жаңалықтар

Балалардың жағдайы жіті бақылауда

Өткен сенбі, 17 желтоқсан күні Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолында 11 адам — 9 бала және 2 ересек адам мінген «Тайота Эстима» маркалы көлігі жол апатына ұшырап, оқиға орнында 1 бала мерт болды. Облыстық чемпионатқақатыспақ болған жас волейболшылар Темір ауданынан шыққан еді…

Құзырлы органдардың хабарлауынша, сағат 9.25-те жедел жәрдем қызметіне қоңырау түсіп, 2010 жылы туған 9 бала, жаттықтырушы мен жүргізушіге Алға аудандық ауруханасының дәрігерлері (Үшқұдық, Ақай дәрігерлік амбулаториялары және Болгарка медициналық пункті) медициналық көмек көрсеткен. Өкінішке қарай, балалардың біреуі оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Қалғандары әртүрлі дәрежедегі жарақаттармен Ақтөбе қаласындағы Ана мен баланы қорғау орталығына жеткізілді.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жол апатынан зардап шегіп, қажетті ем алып жатқан 8 баланың жағдайын білу үшін облыстық балалар ауруханасына барды. Мұнда жансақтау бөліміндегі 5 баланың жағдайы туралы баяндалды. Барлығы тұрақты ауыр жағдайда. Ал 3 баланың жағдайы орташа, олар хирургиялық бөлімде ем алып жатыр. Балалардың ата-аналарымен кездескен өңір басшысы зардап шеккендерге жан-жақты медициналық көмек көрсетілетінін және олардың жағдайы тәулік бойы бақылауда екенін атап өтті. Аурухана барлық қажетті құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар аталған оқиға бойынша өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг ұйымдастырылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев:

— Оқиға болған күні 5 балаға операция жасалды. Әрқайсысының жарақаты әртүрлі: сүйектері сынған, іш құрылыстары зақымданған, миы шайқалған. Балалардың жағдайы тұрақты ауыр, бірақ оң өзгеріс бар. Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде жатқан 5 баланың 3-еуі есін жиды, ал 2-еуі жасанды өкпе желдеткіш аппаратына қосылды. Қалған 3 бала жалпы хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Ата-аналарға барлық мәлімет берілді, әрқайсысы өз баласын көріп шықты. Астанадан келген мамандар да операциядан соң науқастарды қарады, ешқандай шағым жоқ.

Ал бір ересек науқас — жаттықтырушы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр. 6-7-ші мойын омыртқасы сынып, миы шайқалған. Ол да жіті бақылауда, — деді.

Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Ғалым Байжанов хабарлағандай, аталған жол апатына қатысты спорт мектебінің басшылығы мен жүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Соңғысы қамауға алынған.

— Жүргізушіге қатысты 345-бап, 3-бөлік, яғни көлікті пайдалану ережесін бұзу  бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Сондай-ақ спорт мектебінің басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда аталған оқиға бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр, тергеуге байланысты басқа ешқандай мәлімет айта алмаймын. Бір анығы, жүргізуші жылдамдықты асырған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығына сәйкес балаларды тасымалдау кезінде полиция қызметкерлерінің ілесіп жүруі үшін белгіленген мерзімге дейін 3 тәулік бұрын сұраныс ұсынылуы қажет. Бұл да орындалмаған. Және бала саны 8-ден асқан жағдайда шағын автобуспен тасымалдау керек, — деді полиция өкілі.

Осы оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник бастаған үш дәрігер Ақтөбеге арнайы ұшып келді. Кеше түс ауа еліміздің бас дәрігерінің орынбасарымен сөйлесудің сәті түсті.

— Біз мұндағы 8 балаға медициналық көмек көрсету үшін арнайы келдік. Қасымда 3 жоғары білікті маман — еліміздің балалар арасындағы бас нейрохирургі, балалардың бас реаниматологы және жетекші травматолог бар. 4 адам болып түнгі сағат 1-де Ақтөбеге жетіп, бірден осындағы әріптестерімізбен кеңес өткіздік.

Бір айтарым, маман ретінде Ақтөбедегі медициналық көмектің көрсетілу деңгейін өте жоғары бағалаймын. Жол апатына ұшыраған балаларға орталық қалалардағыдай қажетті ем-домның көрсетіліп жатқанына куә болдық. Бұны министр мен облыс әкіміне де айттым.

Медицина нақты ғылым емес, бұл істе болжам айту қиын. Сондықтан дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, соған сай оң өзгерістер бар деп айта аламын. Қалғанын уақыт көрсетеді, — деді вице-министр Вячеслав Дудник.

Брифинг барысында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров волейболдан облыстық жарыстың жыл сайын өтетінін, ауданнан келетіндерге іссапар ақысы төленгенін айтты. «Балаларды қалаға жеткізу ісіне жауапты — аудандық спорт мектебінің директоры. Нақты кімнің кінәлі екенін тергеу амалдары анықтайды», — деді ол.

Айта кетейік,облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова өңірде білім беру ұйымдарына тиесілі 118 автобустың барын тілге тиек етті. Қажет болған жағдайда көлік беріледі. Бірақ 16-17 желтоқсан күндері Темір ауданынан автобусқа ұсыныс түспеген.

Соңында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасарыЕржан Байтанаев аталған жағдай өңір басшысының тікелей бақылауында екенін, балаларға медициналық көмектің көрсетіліп жатқанын айтты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button