Рухани жаңғыру

Жанға шипа берген Жанназар ишан

Қазақ даласында заманында ағартушылық істі ишандар, молдалар өрістетті, мешіттер салдырып, халықты имандылыққа тәрбиеледі.

Ел ішінен шығып, ислам діні тағылымынан қуат алған, сөйтіп, жалпы жұртшылыққа пайдасы тиген ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолдары, олардың өнегелі істері, адамгершілігі, ұлылықтары, жеке басындағы асыл қасиеттері әрқашан рухани тазалыққа жетелейді. Осындай асыл қасиетімен молла, ишан атанған Жанназар Арланбайұлы болатын.

Жанназар  ишан  1878 жылы Қазалы ауданының Арықбалық  жерінде (қазіргі Жанқожа батыр ауылында) дүниеге келген.

Жанназар ишан — Арал, Қазалы, Шалқар, Ақтөбе өңірлеріне белгілі ірі рухани тұлға. 1904 жылы Арал ауданына қарасты Қамбаш бекетіндегі  салынған мешітке  имам болып, 1942 жылға дейін қызмет еткен. Бұл мешіт күні бүгінге дейін жұмыс жасап келеді. Көне тарихи діни орын. Бала оқытылады. Әулиелік орын есебінде халық қастер тұтып, мінәжат етеді. Мешітке ірі дін өкілдерінің бірі Жанназар Арланбайұлы Орақовтың есімі берілген.

Жанназар ишан 1943-1960  жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы Орталық мешітте бас имам болған. Сонымен қатар ол діни қызметтерінде жүріп, ағартушылық қызметпен де айналысқан. Жанназардың ағасы Қожаназар ишан ауыл мешітінен білім алғаннан  кейін Бұхарадағы діни жоғары оқу орнында 7 жыл оқиды. Қазалы өңірінде 1897 жылы мешіт салдыртады (қазіргі Әйтеке би кентіндегі Қожаназар ишан мешіті). Осы мешітте көптеген елді мекендердің, ауылдардың балалары оқыған.

«Жанназар атамызды тәрбиелеген киелі де аруақты болған адам — Қожаназар ишан бабамыз. Бабамыз — өзінің білімділігімен, жеке басының қасиеттерімен бұқараға танымал, ол Меккеге үш мәрте барып қайтқан, Қаракесек руынан шыққан әулие адам. Ол он тоғызыншы ғасырдың аяқ жағында қазақтардың ішінде мұсылмандық қалыптасып, дін тұрақтала бастағанда Қазалы жерінде екі бірдей арнайы мешіт салдырған. Қазалыдағы мешіт сол кездің өзінде «Қожаназар ишан» мешіті деп аталса, ал Арал ауданына қарасты Қамбаш бекетіндегі 1904 жылы арнайы салғызған мешітті бауырлары Жанназар ишанға,Тоқабай елді мекеніндегі мешітті Әли мақсымға  беріп, оларды имам етіп тағайындаған.

Жанназар да, Қожаназар да — атақты Орақ батырдың немерелері. Орақтың үлкен ұлы Артықбайдан Қожаназар, Ақназар, Бекназар туса, ортаншы ұлы Арланбайдан Жанназар, кенже ұлы Отбайдан Қосназар мен Қошемет туған.

Қожаназар ишан 1854 жылы туып, 1917 жылы 63 жасында  қайтыс болған. Жанназар Арланбайұлы Орақов Қамбаштағы мешітте имам болып, жылдар бойы халқына қызмет еткен тұлға. Ол — Бұхарадағы Көгілташ медресесінде оқып, шатырхат алған білімді де білгір, асыл қасиеттерге ие болған әулие адам. Бұл мешіттен талай жастар діни білім алып, елді мекендерде қызмет еткен.

Сондай шәкірттердің бірі болған — Ниязымбетұлы Қуатбай.  Қуатбай 1896 жылы туып, 1983 жылы Арал қаласында  87 жасында дүние салды. Көп жыл бойы  ұстазының алдындағы борышын өтеуге бар күш-жігерін салған адам. Қамбаштағы мешіт сонау репрессия жылдарында жабылып, әртүрлі мекемелердің пайдалануларына берілген.

«Жанназар ишан Ақтөбе қаласындағы (1943 жылдың бас жағында) ағайынының жаназасына барған. Бұл кездері  ишандар мен молдалардың көпшілігі ұсталып кетіп, қалғандары имам болудан қорқып, бас тартып жүрген уақыт болатын. Ақтөбеге Уфадағы Одақтың діни басқармасынан уәкіл адам келеді. Әлгі кісі «мына мешіттеріне кім имам болады, ондай адам бар ма?» деп сұрайды. Сонда бір татар тұрып:

«Кеше бір адамның жаназасын шығарған кісі бар. Менің ойымша, ол оқыған, сауатты адам болса керек» депті. Сол кезде Уфадан келген уәкіл Жанназарды шақырып алып,сөйлесіп, білімін тексеріп оған дән риза болады. Осыдан кейін Жанназарды Ақтөбе қаласының орталығындағы мешітке бас имам етіп тағайындайды. Он жеті жыл бойы бас имам болған ол халықты имандылыққа, мұсылмандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуде қыруар еңбек еткен.

Бірде Арал ауданына қарасты Қарақұмда бір бай адам дүниеден өтіп, соның жаназасын шақыруға Қожаназар ишан Жаназарды жібермек болып, ат іздейді. Әйтсе де ат табылмай, Жанназар «түйеге мінем» деп сәлдесін қоржынға салып, басына ноғай бөрік киіп шығады. Қожаназар ишан терезені қағып, шақырып алып:

— Мақсым, басыңа сәлдеңді ора, тастама, — дейді. Бірақ үйдің бұрышына жете бергенде сәлдесін тағы да шешіп, қоржынына салады. Осы әрекетін Жанназар үш рет жасайды. Ишан терезені  қағып, шақырып алып, үш рет ескету жасайды. Ауылдан шыққан соң да сәлдені қайтадан қоржынына салып, ноғай бөркін киеді. Жолда келе жатқанда жаңбырдың қағының суын шелекке құйып отырған бір әйелге кездеседі. Жанназар:

— Жеңгей мына су лас, алуға болмайды, — десе, әйел үндемейді. Сонда Жанназар түйесімен суды кешіп, ластайды. Сонда әлгі әйел: «Аузыңды әлгі құдай кептіргір» деп қарғаса керек. Мұны естіген мақсым «Егер басымда сәлдем болса, бұл әйел бұлай айтпас еді-ау» деп ойлайды да, жүріп кете барады. Қарақұмға келген соң, ат та табылады. Байдың ауылына жақын келгенде, ишан келе жатыр деп, көп кісі далаға шығып тұрады. Әйткенмен сәлделі ешкімді көре алмаған соң әлгі адамдар үйге қайтадан кіріп кетеді.

Жанназар мақсым: «Сәлдемді басыма орамағандықтан осымен екі рет көңілім пәс болды-ау», — депті…

Қайтып келген соң:

— Ал, мақсым, әңгімеңді айт! — депті. Бұл кісі жағдайды қысқаша баяндайды.

— Ал жеңгең не айтты, сен не істедің? — деп сұрапты ишан. Содан соң мақсым інісі барлық әңгімесін айтып береді. Бір-екі кесе шай іше бергенде Егізбай мен Нысан болыстар келіп қалды деп хабар келеді. Бұлар келіп, жайғасып отырған соң Қожаназар ишан:

— Біздің мына мақсым Қарақұмға барып қайтты, соның әңгімесін сұрай отырыңыздар, — деп әлгі әңгімені қайта айтқызады. Бұдан кейін де тағы да қонақтар келеді, бұларға да әлгі әңгімені тағы айтқызады. Сөйтіп, Қожаназар ишан Жанназарға әңгімесін үш рет айтқызып, ұялтқан екен. Сонда Жанназар:

— Бұл мен үшін ұмытылмас сабақ болды, бұдан кейін сәлдемді тастамайтын болдым, — деген екен.

(М.Әбдікәрімов. «Қожаназар ишан және тағылымы» — Ақтөбе, 2002 жыл).

Үлкен ағасы Қожаназар ишан тәрізді  Жанназар  ишанның да әулиелік, көріпкелдік қасиеттері болған. Бала көтере алмай немесе баласы тұрмай жүрген, босану мерзімі өтіп кеткен әйелдерге, айықпастай дертке шалдыққан, т.б. жандарға себепші болып, олардың айығып кетулеріне үлкен еңбек еткен тұлға. Мысал ретінде  кейбір адамдардың ыстық лебіздерін келтіруге болады.

…«Менің аты-жөнім Зейнутулла Қапин, 1959 жылы Алға ауданы, М.Горький атындағы совхоздың (қазіргі Есет батыр ауылының) Қызылту бөлімшесінде туғанмын. Дүниеге келіп, көз ашқанан бері неше түрлі аурудан арылмадым, тіпті екі рет мені өлдіге санап, ауыл үлкендері бетімді ақ матамен  жауып, оң жаққа қойған  кездері  болыпты. Аурудан шықпаған мені әке-шешем Жанназар ишан атаға апаруды жөн көреді. Ол кісі Новоресей ауданы Мағаджан ауылында тұрған. Бұл 1960 жылы болуы керек. Шешемнің айтуынша, ес-түссіз, өлім мен өмірдің арасында жатқан мені атаның үйіне кіргізгеннен-ақ тынышталыппын. Ол кісі емделуге келген адамды алдын ала біліп отырады екен. Ишан атаның арқасында  көліктің үстінде ойнап қайтыппын. Құдайға шүкір, әуелі Алла, содан кейін сол кісінің арқасында 60 жасқа келіп қалдым, отбасым, бала-шағам бар, ел қатарлы өмір сүріп жатырмын».

Біреуге ертегі сияқты көрінуі мүмкін, бірақ Жанназар ишан атадай құдіреттің арқасында ғана осы жасқа жетіп отырған адам ол кісі туралы бір ауыз артық сөз жаза алмауы анық.

Сол Қызылту ауылында Жанназар атаның арқасында толық мәнді өмірге қолдары жеткен отбасы туралы білдіргім келеді. Аты-жөндерін өздерімен хабарласа алмағасын жаза алмай отырмын, бірақ олардың қарсы болмасы анық. Айтайын дегенім, осы отбасының балалары шетіней береді екен, яғни бала тұрмайды. Қара қайғы бұл кісілерді 15 жылдай өзінің қанды шеңгелінен босатпайды. 1970 жылы, ұмытпасам көктем кезі, осы үй тағы да сәбилі болды. Бұл да алғашқылар сияқты ауырып, содан менің ағам Хабидулла өзіміздің көк биемен Табанталдан жүзіп өтіп, осы кісілердің өтініші бойынша Жанназар ишан атадан сабын, тағы да сол сияқты заттар әкеліп, соның арқасында сәби  аман қалады. Қазір сол үйдің үш қызы, бір ұл бар, бәрі отбасылы. Мұның алдында сәбилері шетіней  бергесін үй иесі інісін бала ретінде тәрбиесіне алған еді. Ол әлі сол ауылда шешесімен (жеңгесімен) бірге тұрады.

«Мен Әбіш баласы Зейнолла. 1935 жылы туғанмын. Жанназар атайды 1954 жылдан бастап білемін. Ол кісі үлкен молда  болатын. Ақтөбе қаласында салған мешіті бар, бірақ оны қай жылы салғанын білмеймін. Мен оның Балмұхан Ақназаров деген інісін және ағасы Әли мақсымды да білемін. Балмұхан ағайдың үйінде жатып оқыдым. Әли атайдың балаларын білемін. Жанназар атайдың қолынан дәм татып, талай рет батасын алдық. Ол атайдың бір немересі Түркияда тұрады. Тағы бір айтайын дегенім, менің әйелім Ұмсынай науқастанып, осы Жанназар атайдан жазылды. Бұл кісі молдалықты жақсы ұстаған еді».

«Мен Төлеген баласы Өмірзақпын. Табанталда 1935 жылы тудым және осы ауылда тұрамын. Жанназар атайды 1950 жылдан бері білемін. Осы жылдан бастап 1958 жылдарға дейін Ақтөбе мешітінің имамы болып қызмет істеді. 1958 жылдан Табантал ауылында ол кісімен бірге тұрдық. Менің анам (1905 жылы туған) және немере ағайым Рахметбай (1906 жылы туған) екеуі Жанназар атадан білім, дәріс алған. Шешем мұқтасарды бітірген. Атамыздың үш ұлы, бір қызы болды» .

Мен арнайы 2016 жылы Жанназар ишан туралы  мәлімет жинау барысында Алға қаласының тұрғыны Серік Қошқарбаев ағамызбен кездескенімде былай деді:

«Мен 1952 жылы 3 маусымда Алға ауданы Қатпар елді мекенінде дүниеге келдім. Әкем Тілеген 1926 жылы Табантал ауылында туған. Шешем Жібек Қошқарбаева 1930 жылы туған. Мен шамамен жеті-сегіз жасар кезімде қатты ауырып, түнімен  көз ілмей шошып оянып, мазасызданып, қайта-қайта жылай бергенмін. Осылай екі ай бойы үй ішінде тыныштық болмапты. Қызылту елді мекенінде тұратын әкемнің үлкен әпкесі Ақкенже Қоңыратбаева келіп, «Серікті осы бойы, тез арада Табанталдағы ишан атайға апарыңдар» депті. Сөйтіп, мені ишан атаға апарды. Бұл үйде екі күн болдық. Маған ішірткіні суға езіп ішкізіп, тұмар оқып, көйлектің ішкі жағасына өз қолымен тігіп бергеннен кейін өзімді жақсы сезіндім. Осындай әулелік қасиеті бар ишан атайдың арқасында Аллаға шүкіршілік етіп,  отбасымен бірге өмір сүріп, ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырмын. Тағы бір айта кететінім, бір кездерде Ақкенже әпкем бауырларына «мен өмірден кетер кезімде менің жаназамды ешкім де шығармасын, тек Жанназар ишан шығарады» деп өсиет қалдырған екен. Әпкем 1964 жылы  80 жасында қайтты. Осы өсиетін орындап, ишан атаға хабар жібердік. Мағаджан мен Қызылту елді мекенің арақашықтығы 30-35 шақырым жерден  атамыз келді. Атайды көпшілік халық болып күттік. Бір уақытта далада  күтіп жүрген адамдардың біреуі «ишан  келе жатыр, ишан атай келе жатыр»  депті.  Сол кезде 13 жасар бозбала едім. Алыстан ұзақ жол жүріп келе жатқан төрт аттылы молдаларды және ишан атаны көріп таңырқадым. Өйткені олар  денелерін арқанмен тартып-таңып байлап тастаған. Сонда әкемнен сұрағанымда, былай деп жауап берді: алыс сапарға шыққан кезде адамдар шаршап-шалдықпау үшін және адам ағзасының ішкі құрылысының қозғалмауы үшін қолданған деді.

Алға ауданы Есет батыр ауылының тұрғыны, зейнеткер ұстаз Роза Жанназарқызы әкесін былай деп еске алады: «Менің әкем — Жанназар Арланбайұлы. Мен Ақтөбе қаласында 1947 жылы дүниеге келдім. Әкем қарапайым, салмақты, артық сөзі жоқ. Есімде, ауылдың  қария аталарының айтуынша, ол білімді, діни сауатты болған. Әкем халыққа сыйлы адам болды. 1943 жылдары  Ақтөбе  қаласының Овражный көшесіндегі №14 үй Орталық мешіт болған. Осы Орталық мешіттің іргетасын қалап, халық болып асар ұйымдастырып, мешіт салдырған. Осы мешітте 17 жыл бас имам болды. Біз отбасымызбен Ақтөбе қаласындағы  екі бөлмелі кішккентай  жер үйде тұрдық. Кейінен әулетімізбен 1958 жылы Мағаджанға көшіп бардық. Бес ағайындымыз. Әкемнің бойында ауырған жанды емдейтін ерекше қасиеті болған. Адамдарға дем салуды, балаларды сүндетке отырғызуды, талма ауруын емдеу, ішірткі ішкізіп, тұмар жазып берді. Тұмарды ақ шүбірекке орап, киімнің көрінбейтін астарына тігуші еді.

1957-1960 жылдары Алматыдағы имамдардан әкеме хат келуші еді, бірақ хатта не жазылғанын білмедім. Ақтөбе қаласында айт намазды менің әкем оқитын. Табантал ауылында жұма намазды біздің үйде ауыл ақсақалдары болып жиналып оқиды. Рамазан айында ауызашар қай үйде берілсе, сол жерде тарауық оқылады. Ораза айында әкеме адамдар пітір әкеліп, әкем оны жұма намазға барғанында мешітке тапсырып, түбіртегін жинап коятын.

Көктем айы, ауа райы қолайсыз болатын, қар еріп, су тасып тұрды. 1974 жылы наурыз айында әкемнің денсаулығы нашарлай бастаған кезінде ол жақын ағайындары Нұрымжан мен Ақзамға  2 бума ақ шүберекке оралған 41 дана құран кітапты бөз матадан тігілген сөмкеге салып, мешітке аманат етті. Сонымен бірге көк, қызыл ала кілемді намаз оқитын жерге жайылсын деп  беріп жіберді. Әкем 1974 жылы 19 сәуірде  дүние салды. Мен сол кезде тұрмыстамын».

Жанназар атамыздың Тойдық, Хайролла, Роза, Сәменғолла және Хамедолла деген балалары бар. Жанназар ишанның бірінші әйелі Арал ауданынан Қыздаргүл, ол ерте  дүниеден өтеді, одан Тойдық деген қызы қалды. Екінші әйелі — Айсұлу Сейітқызы. Айсұлудан бала болмаған. Содан соң Омарова Мағрипамен бас қосады. Мағрипадан үш ұл, бір қыз туады. Ол 1981 жылы наурыз айында дүние салады.

2015 жылы Роза Жанназарқызымен Табантал ауылына арнайы барып, Жанназар ишанның әруағына  құран бағыштап, зиярат еттік.

2016 жылдың қараша айында Жанназар ишанның мешітіне қайта өңдеу жұмыстары жасалды, сыртқы келбеті ақ кірпішпен қапталып, ішіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жанназар ишан мешітіне 300-ден астам адам жиналып, ас берілді.

Қазіргі таңда Жанназар ишан мешіті Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес есепке алынды.

Қазіргі таңда оның ұрпақтары Алға, Хромтау аудандарында тұрады.

 Айгүл ДОСТАНОВА,

Алға музейінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button