Оқырманмен диалог: жаңа идеялар бастауы

БАСПАСӨЗ — 20026
Баспасөзге жазылу науқаны қарсаңында «Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдері Ырғыз ауданына барып, облыстық екі газеттің оқырмандарымен кездесті. Шалғайдағы жұрттың тыныс-тіршілігімен танысып, ашық диалог барысында пікір алмасты.
Ырғыздағы алғашқы кездесу «Арай» Мәдениет үйінде өтті. Оған білім, мәдениет саласының өкілдері мен аудан орталығындағы белсенді оқырмандар қатысты.

Редакция мен оқырман арасындағы байланыс бұрыннан да өте маңызды болатын. Қазіргідей ақпарат заманында оның маңызы артпаса, кеміген жоқ. Технология үздіксіз даму үстінде, күн сайын жаңа инструменттер пайда болып жатыр. Бірақ бірнәрсе ешқашан өзгермейді. Ол—оқырманның тексерілген, сапалы ақпаратқа деген сұранысы. Ырғыз сапары осыны аңғартты.
— «Ақтөбе» —ғасырлық тарихы бар басылым. Жүз жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі құттықтағанынан да хабардармыз. Бүгінгі кездесуде де тұшымды ой айттыңыздар. Ақпаратты тексерілген дереккөзден алудың артықшылығы туралы ойларыңызды да қолдаймыз. Оның үстіне Ырғыз — қарымды қаламгер Өтебай Қанахиннің, сатирик жазушы Үмбетбай Уайдиннің, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мейірхан Ақдәулетұлының елі. Сөздің парқын түсінетін жер. Сол себепті газетті үзбей оқимыз, мұғалімдер жағы мерзімді басылымдарды әлі күнге ақпараттық ресурс ретінде пайдаланамыз,— деді Ырғыз гимназиясының мұғалімі Әлима Айтжан мәдениет үйіндегі кездесуде.
Кезінде сөйлеген сөзінде «Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдері «Оқырманмен осылайша бетпе-бет кездесу тек формалды шара емес. Қоғаммен байланысты нығайтып, контент сапасын көтеруге септігін тигізетін маңызды қадам. Әсіресе ашық диалог кезінде редакция саясатын жақсартуға ықпал ететін пікір естиміз, тұрғындардың проблемалары мен ұсыныстары болашақтағы материалдарымызға өзек болады», — деп атап өтті.

Кездесу соңында Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен Ырғыздағы №1 мектеп мұғалімі Ақмарал Жақып, Темірастау мектебінің кітапханашысы Гүлмарал Төлепберген, Шеңбертал мектебінің кітапханашысы Айдана Жалмұрат, Алтынсарин атындағы мектеп мұғалімі Гүлфайрус Өтемісова, Ырғыз гимназиясының мұғалімі, тәжірибелі ұстаз Әлима Айтжан марапатталды. Одан бөлек Ырғыз электр желілері учаскесі басшысының орынбасары Талап Болат, Ырғыз аудандық мәслихатының бас маманы Айнагүл Жаңалыққызы, Мансап орталығының ассистенті Мереке Жұмағұлова мен ауыл тұрғыны, тұрақты оқырман Ильгиз Шарипов «Ақтөбе Медиа» компаниясының Алғыс хатымен марапатталды.
Қазір ақпараттық нарықта бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан журналистің редакцияда отырып қалмай, ел аралауы—қоғамнан алыстамай, оның шынайы тұрмысын сезінуге мүмкіндік береді. Ырғыз сапарында «Ақтөбе Медиа» өкілдері аудандық аурухана ұжымымен де кездесіп, Ырғыз-Торғай резерватына да барды.
Ырғыздағы резерват —125 адамның жұмыс орны. «Ақтөбе Медиа» компаниясының өкілдерімен болған кездесуге ұжым түгел қатыса алмады. Өйткені әрқайсысының құрамында үш қызметкерден бар 5 топ киік қоруға кеткен. Бұл — жаңбыр мен қарға, аптап пен аязға қарамай, жыл бойы жалғаса беретін жауапты жұмыс.
Желтоқсан — киіктің күйекке түсетін кезі. Шамамен желтоқсанның 5-інен кейін басталатын күйек екі-үш аптада аяқталады. Биыл қыс жайлы болып тұр. Ал қыс қатты болған жылдары күйектен қалжыраған аталық киік көп қырылады екен. Биыл көктемде жүргізілген санақ нәтижесіне қарағанда, қазір Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының аумағында кемінде 184 300 бас киік бар.
Жанна КӨПЖАНОВА,
Ырғыз ауданы.



