Қоғамдық көліктер жаңартылды

Ақтөбенің іргесіндегі елді мекендерге қатынайтын №43 бағыт жаңартылды. Енді Бауырластар-1, Бауырластар-2, Бауырластар-3, Байқадам, Көкжиде, Таңшолпан және Сазды тұрғын алаптарының тұрғындарына жаңа автобустар қызмет көрсетеді. Бұл қалаға күнделікті қатынайтын тұрғындар үшін қуанышты жаңалық болды. Көптен күткен көліктердің жолға шыққанына риза болған тұрғындар алғыстарын айтты.
— Жаңа автобус берілгеніне қуаныштымыз. Облыс, қала әкімдігіне алғысымыз шексіз. Бұл автобусты көптен күтіп едік. Бұрын таңертең жұмысқа бару, кешке үйге қайту қиын болатын. Ескі автобустар адамға лық толып, сыймай қалушы едік. Енді, міне, кең әрі жайлы жаңа көлікпен қатынау әлдеқайда жеңілдеді. Бұл — біз үшін үлкен көмек,— деді Бауырластар-3 елді мекенінің тұрғыны Данияр Шакенов.
Халықтың ұсыныс-тілегін тыңдау үшін №43 автобусқа Астана ауданының әкімі Баянбек Қырықбаев пен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әліби Аманшиев те мінді.
Жалпы тұрғындардың сұранысына орай қаладағы №37 бағыттағы орта сыйымдылықтағы автобустар үлкен сыйымдылықтағы жаңа көліктерге ауыстырылды. Сонымен қатар №21 бағыттың автобустары жаңартылып, №45 бағыттың қозғалыс сызбасы Шестихатка аумағына дейін ұзартылды. Ал №6 бағыттағы автобус енді Көкжиде тұрғын алабына дейін қатынайды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



