Ескі достардың кездесуі

БАСПАСӨЗ — 2026
Мұғалжар ауданы — бай тарихы, батырлар ерлігі және еңбек адамдарының жетістігімен танылған өңір. Бүгінде бұл аудан нық әрі қарқынды даму үстінде.
«Ақтөбе Медиа» компаниясы өкілдері мұнай-газға бай аудандағы негізгі нысандар жұмысымен танысып, тұрғындармен жүздесіп, мұғалжарлықтардың өмірін жақсартуға бағытталған өзгерістер мен жаңалықтарды талқылады.
Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов облыстық екі газет пен «Үштаған» журналының журналистеріне қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы егжей-тегжей айтып берді. Осы жылдың тоғыз айында Мұғалжарда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және кәсіпкерлік саласында даму қарқыны сақталып отыр.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 373 млрд теңгеден асып, физикалық көлем индексі 107,3 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің үлесіде айтарлықтай—өсім шамамен 120%. Аудан экономикасына 84,7 млрд теңге инвестиция тартылып, бөлшек сауда секторы 175% артты. Ауыл шаруашылығы өнімдері 21,1 млрд теңге көлемінде өндірілген. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым жоғары көрсеткіш. — Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мектептер мен балабақшалар салынды, мәдениет мекемелері жаңғыртылуда, Ащысай мен Бұлақты ауылдарына газ тартылуда, жолдар мен су құбыры тартылып жатыр. Ауданда 37 мектеп, 54 мектепке дейінгі ұйым, 18 Мәдениет үйі мен 129 спорт нысаны жұмыс істейді, — деді Дархан Ермағанбетов.
Облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Жаңагүл Жүрсін, «Ақтөбе Медиа» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Мұратбек Ержақыпов.«Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Санат Қалиев және ауданның ішкі саясат бөлімі мамандары Қандыағаш қаласындағы №4 орта мектепте, аудандық ауруханада, «ҚТЖ» АҚ Қандыағаш сигнализация және байланыс дистанциясында және аудан әкімдігінде болды.
Мұғалжар аудандық ауруханасының ғимараты 1989 жылы салынған. Заманауи медициналық құрал-жабдығы бар ұжым 140 мыңнан астам мұғалжарлық пен көршілес аудандардың тұрғындарына қызмет көрсетіп отыр.
Бас дәрігер Абзалбай Имантайұлы әріптестерінің облыстық екі газетті тұрақты оқитынын және жазылушылар санатында екенін, сондықтан өңірде болып жатқан жаңалықтың бәрінен әрдайым хабардар екенін атап өтті.

Журналистер медицина қызметкерлеріне облыстық екі басылымның тарихы, ауданның маңызды оқиғалары, тұрғындарының өмірі мен жетістіктері туралы материалдардың газет бетіне қалай жарияланатыны жөнінде әңгімелеп берді. Аурухана қызметкерлері Балкенже Құдайбергенова мен Жаналтын Молдашеваға Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің атынан Алғыс хат табыстады. Мазмұнды кездесудің бірі Қандыағаш қаласындағы ауданның жетекші орта мектептерінің бірі — №4 мектепте өтті. Мектеп директоры Гүлмира Мусина оқушылардың жетістіктері мен алдағы жоспары туралы айтып берді. Мұғалімдер журналистердің жұмысына үлкен қызығушылық танытып, түрлі сұрақ қойды. Бұл жерде де педагогтерге медиакомпания басшысының атынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табысталды.
«Қазақстан теміржолы» АҚ Қандыағаш сигнализация және байланыс дистанциясы ғимаратында бізді ардагерлер мен қазіргі қызметкерлер қарсы алды. Тоғыз жолдың торабындағы станса жалпы ұзындығы 497,6 шақырым шойын жолға жауапты. Сондықтан теміржолшылардың қиын да жауапты еңбегі құрметке лайық.
Аудан әкімдігі конференц-залында өте мазмұнды диалог өрбіді. Оған аудан орталығындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары қатысты. Олар журналистермен бірге жастар тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және мемлекеттік саясатты ақпараттық қолдаудың маңызы туралы пікір алмасты.
Санат РӘШ,
Мұғалжар ауданы.



