Мерей

Көгілдір экран төрінде — «Ақтөбе теледидары»

Жақында облыстық «Aqtóbe» телеарнасы өзінің 65 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт аралығында республикалық корпорацияның құрамдас бөлігі ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуының бейнешежіресін қалыптастыруға үлес қосқан ардагерлеріміздің бірқатары қазір ортамызда жүр. Телеарнаның мерекесіне орай. Осы салада көп жыл қызмет етіп, лайықты із қалдырған екі әріптес туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Олар – ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның құрметті журналисі Амангелді Мектепбаев және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мұрат Дүмбаев.

Амангелді Мектепбаев – Ақтөбе журналистикасында есімі кеңінен мәлім қаламгер әрі телеарна ардагері. Оның шығармашылық жолы Ырғыз орта мектебін бітіргеннен кейін аудандық газетте корректорлықтан басталып, тілшілікпен жалғасты. Оның үстіне кәсіптік-техникалық училищеде киномеханик мамандығын алған соң кино экранынан телеэкранға еркін ауысып еді. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін аяқтаған соң облыстық телерадиокомитетте шығармашылық қызметін жалғастырды. Жергілікті телеарна ол кездері ақтөбеліктердің тұрмысына енді етене ене бастаған болатын.

Менің А.Мектепбаевпен таныстығым 1990 жылдары басталды. Бұрын-соңды көгілдір экраннан көргенім болмаса, көзбе-көз тілдесудің сәті түспеген. Әбекең қарапайым және сыпайы мінезімен өзіне тартты. Жатырқау жоқ, бауырмалдығы басым. Қазір Әйтеке би есімін иеленген ауданға бірнеше рет шығармашылық сапармен келгенінде өзінің түсіру тобымен жүргізген жұмысы мені қатты қызықтырды. Бірде аудан диқаншылары мен малшыларының ортасында жүрсе, енді бірде  сабантой немесе басқа да мәдени-көпшілік шараларды түсіріп жүргені. Кейін сол телехабарларды облыстық немесе республикалық телеарналардан көретінбіз.

Сонымен бірге көрермен әрдайым күтіп жүретін «Дидар сәт», «Жұма күнгі жүздесу», «Парасат», «Темірқазық», «Сана», «Дидарғайып», «Көңілашар», «Сыртартар» сияқты телебағдарламаларда Әбекеңнің де шығармашылық ізденісінің таңбалары қалып еді. Телеарнада ол кездері қазіргідей заманауи түсірілім техникасы, цифрлық жүйемен жарақтандырылған телестудиялар болмаса да, қолда бар құралмен-ақ небір хабарлар жасалды. Әсіресе ұлтымыздың ұлығы, елтұтқасы, қорғаны болған тұлғаларды тарих көмбесінен алып шығып, жерлестерімізге жария қылған шаруалардың басында осы Әбекең жүрді. Бұрын-соңды компартияның көсемдерін ғана ұлықтап келген болсақ, енді ата-бабаларымызды еске алып, олардың ұлт тарихындағы алар орнын безбенге салдық. Сөйтіп, рух оянды. Дала сахналарында қойылған көріністерге көзіміз тойып, мерейіміз өсті. Сол түсірілімдер қазір телеарна мұрағатында сақтаулы тұр. Олардың қай-қайсысы да қанша уақыт өтіп, тарих парақтары ауысса да, өзінің өміршеңдігімен ұлт мүддесіне қызмет ете берері хақ.

Сонау тоқсаныншы жылдардың аяғына таман аз ғана уақыт Ақтөбе телеарнасында қызмет еткенім бар. Өз-өзіңмен, көсіліп отырып газетке мақала жазған бір бөлек те, өңменіңнен өтердей объективі үңірейген бейнекамераның алдында сабырлы, сәнді қалыппен мүдірмей сөз сөйлей білу бір төбе. Әрине, монтаж жұмыстары болғаны рас, бірақ камера лентасының әр сантиметрі өлшеулі болғандықтан орынсыз ысырапқа жол берілмеді. Біз білетін көнекөз телемайталмандардың бәрі де сондай сыннан өткен, сонан соң ғана жетістікке жеткен.

Ақтөбе телеарнасының алғашқы қарлығаштары Тобық Жармағамбетов, Қуанышқали Хайруллин, Жандай Тәукебаев, Бибізада Көздібаева сияқты алдыңғы буын ағалар мен апалардың қызметін жалғастырушылардың бірі болған Аманкелді Мектепбаев еді. Облыстық телерадиокомитет төрағасының бірінші орынбасары болған тұста Әбекең іргеміздегі Орынбор облысындағы әріптестермен құрған шығармашылық одақта болды. Қазақтың тілі мен діліне, өнері мен салт-дәстүріне сусап отырған орынборлық ағайындарға ұлт мүддесін насихаттаған телехабарлар ұсынылды. Осындай шығармашылық байланыс екі өңірдің жан-жақты қарым-қатынасын тереңдете түсті.

Бір кездері Әбекеңнің өзі жергілікті телеарнаға қатардағы қызметкер болып келсе, содан бері кейін комитет атанған шығармашылық үлкен ұжым төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Жылдар бойы жинаған іс-тәжірибесін жас әріптестерімен бөлісті. Бүгінгі таңда Мектепбаев мектебінде тәрбиеленген шәкірттердің бірқатары республикалық телеарналарда қызметте жүр.

Амангелді Мектепбаевтың облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінде қалдырған қолтаңбасы да бар. 90-жылдардың екінші жартысында осы газеттің бас редакторының орынбасары болып келген Әбекең ең күрделі іс-шаралардың ұйымдастырушысы болды. Жергілікті бюджеттен газетке бөлінетін қаржы қысқарған кезеңде газеттің де, ондағы журналистердің де материалдық жағдайы төмендеп қалған еді. Мұның өзі газет тиражына, қызметкерлердің еңбекақысына тікелей әсер етті. Осы орайда Әбекеңнің менеджерлік қабілеті көмекке келді. «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттері «Шамшырақ-Ақтөбе»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаңырағының астына біріккенде Әбекең осы құрылым директорының орынбасары қызметін атқарды. Лауазым өзгергенмен жауапты міндеті бұрынғыша, шаруашылық қызметті жүргізу еді. Нәтижесінде қаржылық-шаруашылық қызметті жаңаша жолға қою арқылы қосымша қаражат табу көздері ашылды. Газеттің таралу санын төмен түсірмей, ондағы қызметкерлерге еңбекақы төлеу жолдары ішінара шешілді.

Амангелді Мектепбаев он жылға жуық уақыт «Нұр Отан» халықтық партиясының облыстық филиалында азаматтарды қоғамдық қабылдау бөлімін басқарды. Азаматтармен тікелей жұмыс жасап, олардың арыз-шағым және ұсыныстарын саралау, талдау жасау, сол арқылы тиісті шешім қабылдау өте күрделі екені белгілі.

Азаматтарды қабылдау барысында туындайтын мәселелер қоғамдық-саяси жағдайдың барометрі болып табылады. Қабылдауға келген адамдармен сөйлесе білу мәдениеті айрықша білімпаздық пен біліктілікті талап етеді.  Әбекеңнің бұған дейін жылдар бойы облыстық телеарнада, газетте еңбек ете жүріп адамдармен етене араласқаны, өз кейіпкерлерінің ішкі жандүниесіне үңіліп, олардың қуанышы мен қиындықтарын тең бөлісуге бейімделе білгендігі үлкен көмек болды.

Әбекеңнің азаматтық қадыр-қасиетінің тағы бір қыры — оның айналасында қамқоршы ағалар мен жанашыр достары көп. Мінезі тұрақты, көзі қарақты, болмысы сабырлы, ел-жұртқа қадірлі азаматпен шүйіркелесуге, пікірлесуге, емен-жарқын сөйлесуге басқаның өзі ыңғайлана береді.

Бүгінде Амангелді ағамыз 75-ті артқа тастап, абыз жастың ауласына кірді. Уақыт өзгерсе де, адамның болмысы басқаша болушы ма еді?! Әбекең баяғы қалпында Ырғыздың ғана емес, тұтас өңірдің белгілі азаматтарының қатарында келе жатыр.

Амангелді Мектепбаев туралы сөз қозғағаннан кейін оның марапаттарына назар аударған едім, сөйтсем Қазақстан Республикасы Президентінен бастап, ведомство, облыс, аудан басшыларынан алған Алғыс хаттары бірнеше рет қайталанады. «Алғыс алған арымас…»! Оның үстіне «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі мен Қазақстанның құрметті журналисі атағының иегері. Журналист үшін осы қос белгінің дәрежесі — теңдесі жоқ марапат!

1973 жыл. Ойылдағы Н.Крупская атындағы орта мектепті бітіріп шыққан 18 жасар Мұрат бұған дейін де қалам ұстап, көкейіндегіні қағазға түсіріп, газеттерде тасқа басылған аты-жөні оқырманға танылып қалған болатын. Балалық әуестік емес, есті жігіт қалпындағы Мұрат аудандық «Ойыл» газетінің табалдырығын аттады. Оны талай қаламгерді қанатының астына алып, шапанының етегінен қазақ журналистикасының қиясына ұшырған газет редакторы Нұрымжан Жұмағалиев қабылдады. Ол кісі көк шулан бұлтпен таласқан құзға да, бұдырсыз,  жылтыр мұзға да салып баптайтын сыншы-бапкер секілді Мұратты қорғасын буы бөгіп тұрған баспахана жұмысына салды. Баспаханадан бастаған журналист газеттің «шикі» нөмірінің макетін жасауға шебер келеді. Содан болар баспахана көрігінен өткен Мұрат Дүмбаев Темір аудандық «Жұмысшы туы» газетінің жауапты хатшысы болып тағайындалды. Газетте сол кездері республикалық басылымдарда өлеңдері жарияланып жүрген, Алматыдағы ақын-жазушылардың аузына ілігіп үлгерген, замандас және жасы қарайлас Ертай Ашықбаев пен Мырзабек Бақытов сияқты «жас перілер» бар еді. Бұл — Мұраттың шығармашылық толығуына игі ықпал еткені де рас.

Алдыңғы толқын ағалар секілді «нағыз журналист» болу үшін көп ұзамай сол кездегі ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, ұлт журналистикасының корифейлерінің дәрістерін тыңдады. Сол кездері факультет деканы болған, телебағдарламаның құпия сырларын ғылыми түрде меңгерген Марат Барманқұловтың әсері болған болуы керек, енді Дүмбаевтың аңсары Ақтөбе телеарнасына ауды. Осындағы жастар редакциясына редактор болып орналасты. Ол уақытта жас ақындардың «Балауса» жыр жинағы өлеңқұмар, жұрт көзінен тыс, өзі ғана тығылып жазып, сыртқа шығаруға дауаламай жүрген «балауса ақындар» үшін жыр желкенін батыл көтеруге итермелеп еді. Сол «Балауса» мен жергілікті композитор Мақсым Меңкешовтің «Балаусасынан» шабыт алған М.Дүмбаев ән мәтінінің авторын, орындаушысын қосып түсірген телехабар Алматыдағы басшылар тарапынан жоғары баға алды.

Тағы бірде Ақтөбенің мәдени-ағарту училищесінде «қазақ бөлімі жабылады» деген шу шығып, Мұрат Дүмбаев микрофоны мен камерасын операторымен бірге әкеліп, «аттандағанының» арқасында өңірдің рухани, мәдени ошағы қайта қалпына келді.

Бұдан кейін тақырып деңгейін тереңдете түсті. 1985 жылдары орталықтың жеделдету, ғылыми-техникалық прогресс стратегияларын басшылыққа алып, теміржол саласы бойынша сериялы телехабар түсіріп, көтерілген түйінді мәселелерге орай, саладағы тоқырап қалған басшылар арасына едәуір қозғау салды. Мұрат та мәселені «қолымен ұстап, тісімен тістеп» көрмек үшін жұмыстан бір аптаға ақысыз демалысқа рұқсат алып, локомотив депосында жұмыс жасаған.

Бұл кезде Мұрат Дүмбаев облыстық басылымдарда да, телеарнада да үлкен тәжірибе жинақтап қалған болатын. Таңдаулы журналистік еңбектері үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына ие болды.

1990 жылы көршілес Атырау облысында жаңадан телеарна ашылып, М.Дүмбаев бас редакторлыққа шақырылды. Бұл өңір мұнайымен танылғанын ел біледі. Мұрат мұнда жаңа арна ашудың алғашқы ұйымдастыру жұмыстарымен бірге телехабарлар сериясын да қатар жүргізіп отырды.

Иә, «алғашқы ұйымдастырушы» деген тіркес М.Дүмбаевтың есімімен қоса атала береді. Атырау өңірі бойынша «Қазақстан» телерадио корпорациясының алғашқы меншікті тілшісі де Дүмбаев. 90 жылдары Ақтөбе қаласында ашылған орыстілді «Рика-ТВ» телеарнасында қазақ редакциясын да тұңғыш ұйымдастырған осы Дүмбаев. Орталық «Хабар» агенттігінің Ақтөбедегі тілшілер қосынының шаңырағын көтерген, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университет жанындағы «Толқын» қазақ радиосының уығын қадаған да Мұрат Дүмбаев еді.

— Мен Ақтөбе телеарнасында директордың орынбасары – бас редактор лауазымдық қызметін атқардым. Бес директормен қызметтес болдым. Б.Жаншаева, А.Бекеновалар салаға үлкен жанашырлық жасады. Әсіресе, Раукен Отыншин директор болған кезде телеарна ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, қолайлы қызмет жасауға жағдай жасалды. Шетелдік қондырғылармен бірге цифрландыру жүйесі іске қосылды. Көрерменнің көңілінен шыққан бірнеше хабарлар ашылып, «Ақтөбе-алтын бесігім», «Книга памяти» атты екі деректі фильм жарыққа шықты. Соған қарай шығармашылық және техникалық қуаты да арта түсті, – дейді М.Дүмбаев.

Телеарна мен газет журналистерін өзара бірі — «ауызша», екіншісі – жазбаша деп жататынымыз бар. Кәсіби айырмашылық десе де болады. Ал біздің Мұратымыз екеуіне де бірдей. Камераның алдына қойсаңыз, тілінің сүйегі жоқ, қалам берсеңіз, оны да сүйкей жөнеледі.

Оның шығармашылық өмірі теле-радио-газет үш тағанының қазанында қайнаған. Сөзім дәлелді болу үшін М.Дүмбаевтың жаңадан шыққан «Ұзақ жол» деп аталатын шығармашылық-өмірбаяндық кітабы қолымызға тигенін айта кеткім келеді. Кітап парақтарынан ұзақ жол үстіндегі журналисті көре аласыз. Қазір 70-тің желкенін көтерген Мұрат Дүмбаевтың «Ұзақ жолы» журналистің шығармашылық есебі деп қабылдаймыз.

Ғ.Төреханов

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button