Ұлы даланың қорғаны
Облыстық «Ақтөбе» газетінің 3 қараша күнгі санында аты-жөні облысқа белгілі шежіреші ақсақал, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, Шалқар ауданының құрметті азаматы Аманғали Мұхамбетулиннің Есет батыр Көтібарұлы туралы «Ел қорғаған ер еді» атты мақаласы жарияланған екен. Осыған байланысты біз де өзпікірімізді білдіргенді жөн көрдік.
Мақаладан автордың Есет Көтібарұлы турасындағы ғалымдар жазған сандаған зерттеулерді, архив құжаттарын жіті білетіндігі аңғарылып тұр. Асылы, мақаланың ойдағыдай шығуы, жазып отырған тақырыбың туралы қолыңда мол деректің болуына байланысты, соны екшегенде тәуір дүние бетіне қалқып шығады.Мұхтар Әуезовтің төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» эпопеясын жазып бітірген соң, қолымда тағы төрт кітаптық материал қалды дейтіні; академик Әлкей ата Марғұланның «көп білеміз, көп білген соң айтамыз да» дейтіні осындай жағдайға байланысты.Осы мақала авторы Аманғали Мұхамбетулин де Есет батыр туралы, оның әкесі Көтібар батыр туралы телегей теңіз дүниені біледі.
Мақалада айтылғандай, Құдай қаласа, бұдан үш жыл бұрын республикалық комиссияның шешімімен мақұлданған Есет батыр Көтібарұлына арналған ескерткіш Ақтөбе қаласында қойылғалы жатыр екен. 1847-1858 жылдары қазіргі Ақтөбе облысы шегінде болған ұлт-азаттық көтерілісті басқарған Есеттің ерен еңбегі қалай бағалауға да тұрарлық. Расында, мұздай қаруланған, арнайы дайындықтан өткен, зеңбірік сүйретіп, мылтық асынған патша өкіметінің басқыншы әскеріне осы өңір қазақтарының онбір жыл бойыбой бермеуі көп нәрсені аңғартады. Мақала авторы мұны нақты тарихи деректермен, архив құжаттарымен тайға таңба басқандай етіп көрсетіп те отыр.
Есет басқарған, онбір жылға созылған ұлт-азаттық көтеріліс турасында аға буынның азды-көпті хабары болғанымен, енді-енді бой түзеп өсіп келе жатқан жас буынның хабары аз. Сол себепті оларға өткен тарихты оқтын-оқтын қайталап айтып отырудың орны айрықша. Осы қырынан қарағанда да, аталмыш мақаланың берер өнегесі мол. Әсіресе, қазіргі күрделі шақта жастарды тәуелсіздігімізді сақтаудың, Отан қорғаудың озық үлгілерімен таныстырып отырудың атқарар рөлі зор.Әрине, бетін әрмен қылсын, бірақ біз жеріне, еліне қауіп төнсе,Отанын тастай қашатын ұрпақ өсірмеуіміз керек.
Осы жайттарды ескере отырып, өзіміздің Есет батыр турасында естігеніміз бен көргенімізді де аздап ортаға сала кетейік. Бұдан алпыс жыл бұрын әкеме еріп Есет-Дәрібай кесенесі орналасқан Шолақжидедегі ауылға бардым. Жаз ортасы еді. Кесене жанындағы қасқа жолмен әрлі-берлі жүріп жатқан әйдік құбыр таситын машинадан құлақ тұнғандай. Гүжілдеп бірі өтеді, көп ұзамай — тағы бірі… Бұқара-Орал газ құбыры салынып жатқан уақыт. Әрнәрсені қызық көретін шақ, біраз уақыт соны бақыладым. Жүргізушілері — өңкей орыстар. Күнге қақталып тотыққан, көбі көйлегін шешіп тастаған жалаңаш, еңгезердей қайратты жігіттер. Бір қызығы, солардың барлығы кесене тұсынан келгенде сәл тоқтап өтеді екен. Әкемнен мұның мәнісін сұрағанымда: «Олар Есетті сыйлағаннан осылай істеп жатқан жоқ, тоқтамай өтсе жолы болмайды, машинасы бұзылады, тағы бірдеңеге ұшырайды. Тірісінде «Есет!», «Есет!» атанған адам еді, өлісінде де солай, «Есет!», «Есет!» атанып отыр», — деді. Совет өкіметінің қызыл галстугін таққан пионері, мұндайды өтірік деп есептеуі керек қой? Ал мен аң-таң қалдым. Сенбейін десем, өз көзіммен көріп тұрмын. Тоқтайды.
Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетін ұзақ уақыт басқарған Мұханбетәли Есмағанбетов айтады: «Бір жылы Алматыдан, орталық комитеттен арыз тексеруге Софы Сматаев келді. Бұл кісі бір жағынан жазушы болған соң райком бастығы «әңгімең жарасады» деп, қасына мені қосып «Айшуақ» совхозына жіберді. Есет-Дәрібай кесенесінің жанына келгенде, партияның орталық комитетінен келіп тұрған ірі шенеунік болған соң, оның үстіне өзі арыз тексеруші болған соң «тоқтап өту керек» деп айтуға батпадық. Қорықтық. Өте шықтық. Ымырт үйрілген шақ. Қар жауып, борап тұр еді. Көп ұзамай аспаннан жауып, жерден борап, алай-түлей басталды. Астымызда райкомның ысылдап тұрған новый «Уазигі», әрі күні болмағанымен, жеті сайын Айшуаққа барып жүрген сенімді шофер. Бұл жолды мен де жақсы білемін. Саса қойғанымыз жоқ. Тартып келеміз. Ұзақ жүрдік. Алайда мына тұрған Айшуақ жеткізер емес. Жүре-жүре түн ортасы ауды. Адасқанымызды білдік. Софы аға айтты: «Тоқтайық, шығандап басқа бір жаққа ауып кетерміз. Бензин таусылып, далада қалармыз. Таң атсын, жарық түссін, жан-жақ көрінсін, сосын қалай қарата жүру керектігін айтарсыңдар», — деді. Тоқтадық. Үнсізбіз. Бұлай болады деп кім ойлаған. Айбынды қонақтың бетіне қарауға жүзіміз шыдамай, төменшіктей береміз. Таңға жақын боран басылды. Аппақ боп таң атты. Күн шықты. Шопырымыз кенеттен:«Ойбай, мынау Есет-Дәрібайдың моласы ғой!» — деп, жан дауысы шығып, шар ете түсті. Есімізді жиып, байыптасақ, кесене жанында аудан орталығы Шалқар жаққа қарап,теріс тұр екенбіз. Енді амал жоқ, мүбәрәк қонағымызға әлдеқашан сүйегі қурап қалған атамыздың кесенесінің киесі туралы, кім болғаны туралы шамамыз жеткенше баяндадық. Софы ағам неге бірден айтпадың деп, маған қатты ренжіді. Түсе қалып Құранды заулатты. Атадан кешірім сұрады. Біз аң-таңбыз».
Бұл әңгімені Мұханбетәли ағам айтқалы да қай заман? Одан бері совет өкіметі құлады, тағы отыз бір жыл өтті. Әлі күнге шейін жадымнан шықпайды. Реті келіп тұрған соң, кейінгі балалардың есінде жүрсін деп,жоғарыдағы мақаланың сеп болуымен бүгін таңбаладық.Бабалар рухына тағзым ете жүрелік!
Жұманазар АСАН,
филология ғылымының докторы, профессор.