Спорт

Ащы сабақ

Премьер-Лига

«Ақжайық»-«Ақтөбе» — 3:1 1-2 қазан күндері 21-тур ойындары өтті.

Ең соңғы орында келе жатқан «Мақтаарал» сырт алаңда жеңіске жетті. Қарсыластар қақпасына енгізген бір голы есептелмеген, одан соң пенальтиді іске асыра алмаған «Атырау» ұтылуға мәжбүр болды. Өз алаңында жеңіске жеткен «Каспий» екі саты жоғары көтерілді. Өз алаңында тең ойнап жатқан «Қызылжар» өз қақпасына 90+3 минутта гол соққызып алды. «Тобыл» 54-минуттан бастап азшылықта ойнаған, оның үстіне 75-минутта пенальтиге ұрынған «Шахтерді» ұтты. Өткен турда ұтылып қалған «Астана» бұл жолы 90+5 минутта соққан пенальти арқылы тең ойынға әзер қол жеткізді.

Ал чемпионат басталғалы 146 кездесу (80%) өткізіліп, 372 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,55  голдан өткізілді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» Оралда «Ақжайықпен» кездесті.

Бұған дейін қатарынан үш рет ұтылған «Ақжайыққа» шегінер жер қалмағаны рас еді. Қазір бұл команда ұпайының аздығы жөнінен Премьер-Лиганы тастап шығатын екі кандидаттың бірі ретінде аталып тұрғаны және рас. Оның үстіне осы турдың алдында «Ақтөбенің» үздік мергені Уго Видемонт жарақатына байланысты биылғы маусымда бұдан әрі алаңға шыға алмайтынын мәлімдеді. Алдын ала айтайық, сол Видемонттың жоқтығы осы кездесуде анық байқалды.

Әншейінде қарсыластардың әрбір қимылын бақылап-ақ жүретін футболшыларымыз бұл ойында сол сақтықты жоғалтып алды. Оған қоса бұл күні қақпашымыз Стас Покатиловтың да бабы келіспегені әп дегеннен-ақ көрініп тұрды. Әуелгіде ол алыстан әлсіздеу тебілген допты әзер қайтарса, келесі ретте қақпаға доп төнген қарбалас шақта әрлі-берлі сасқалақтай жүгіріп, тапырақтады да қалды. Әйтеуір, қорғаушылар допты сыртқа шығарып үлгерді. Ал үшінші жағдайда алаң иелері кешірім жасамады. 29-минутта өзіне тасталған пасты біздің екі қорғаушымыздың ортасында жүріп кеудемен қабылдаған Петрос Аветисян сәл бұрыла бере шұғыл соққы жасады. Покатилов өзіне тура келген допты ұстамақ болғанымен құшағынан шығарып алды да, зырлай ұшқан доп қақпаға енді де кетті. Бірінші тайм осылай аяқталды — 1:0.

Екінші тайм да алма-кезек шабуылдармен басталды. «Ақтөбе» қарымта гол соғуға тырысып бақты. Бірақ нәтиже шықпай қойды. Бас бапкер, не ойлағанын кім білсін, 67-минутта Рамазан Оразовтың орнына Арман Кеңесовті, Дмитрий Шомконың орнына Ескендір Қыбырайды шығарды. Осы екеуін күтіп жүргендей-ақ оралдықтар қақпамызға сол бойда, 68,70-минуттарда жүдемелете екі гол соқты — 3:0.

Бұдан соң жерлестеріміздің қимылдарынан тіпті қисын кетті. Оны сезген В.Карпович алаңға 78-минутта Максим Самородов пен Жерар Гоуды шығарды. Командамызды ойсырай жеңілуден осы екі жігіт құтқарды. 90-минутта Максим Самородов бұрыштамадан әуелете тастаған допты Жерар Гоу баспен соғып, голға айналдырды — 3:1.

Ойын осы есеппен аяқталды.

Сөйтіп, қатарынан он тур бойы жеңіліссіз ойнап келген (9 ұтыс, 1 тең ойын) «Ақтөбе» күтпеген жерден ұтылып қалды.

Жеңілістің басты себебін бас бапкеріміз бұл кездесуге түрлі себептерге байланысты Уго Видемонт, Юрий Логвиненко, Артурас Жулпа, Темірлан Ерланов тәрізді футболшылардың қатыса алмағандығымен түсіндірді. Жерар Гоудың өзі алаңға кездесудің соңына таман ғана шықты.

Ал қай кездегідей де басты жетістігіміз — Орал стадионын ақтөбелік жанкүйерлер бастан-аяқ жаңғырықтырып отырды.

Сол жанкүйерлер енді қалған 5 турда жерлестеріміз осы ащы сабақтан соң қайтадан нәтижелі ойын көрсетеді деп сенеді.

«Ақжайық»-«Ақтөбе» — 3:1

Гол авторлары: Петрос Аветисян, 29-минут (1:0); Лука Имнадзе, 68-минут (2:0); Петрос Аветисян, 70-минут (3:0); Жерар Гоу, 90-минут (3:1).

Ескерту қағазын алғандар: Павел Назаренко, 1-минут, Тома Табататзе, 22-минут, Рафаэль Сабино, 77-минут («Ақжайық») — Дмитрий Шомко, 23-минут («Ақтөбе»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы, капитан), Дмитрий Шомко (Ескендір Қыбырай, 67-минут), Йоахим Адукор, Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Руслан Камболов, Рамазан Оразов (Арман Кеңесов, 67-минут), Бауыржан Байтана (Эрнест, 84-минут), Виталий Балашов (Жерар Гоу, 78-минут), Рожерио Шина, Сердер Сердеров (Максим Самородов, 78-минут).

Запаста болғандар: Саша Стаменкович (қақпашы), Рустам Темірхан, Владимир Гинаитис, Юрий Логвиненко, Артурас Жулпа.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

2 қазан 2022 жыл. Орал қаласы, П.Атоян атындағы стадион. 3000 адам.

Бірінші айналымда «Ақжайықты» өз алаңымызда 2:1 есебімен ұтқанбыз.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 21 кездесу өткізіп, 13 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 5 рет ұтылды. Ұпай саны — 42. Доп айырмашылығы — 30:22.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 8 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 5 гол;

Сердер Сердеров, шабуылшы — 4 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 3 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 3 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Виталий Балашов, шабуылшы — 1 гол;

Максим Самородов, шабуылшы — 1 гол;

Руслан Камболов, жартылай қорғаушы — 1 гол.

(Бір голды өз қақпасына Равиль Ибрагимов («Атырау») соғып алды).

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Тараз»-«Мақтаарал» — 0:1

«Қызылжар»-«Қайрат» — 1:2

«Тұран»-«Астана» — 2:2

42-минутта пенальти орындаған Педро Эуженио («Астана») қақпашыдан айласын асыра алмаса, 48-минутта Абат Айымбетов («Астана») соққан гол есепке алынбады.

«Тобыл»-«Шахтер» — 3:1

54-минутта Айдос Тәттібаев («Шахтер») ойын ережесін бұзғаны үшін алаңнан қуылды.

«Ордабасы»-«Атырау» — 2:0

13-минутта Тодор Петрович («Атырау») соққан гол есепке алынбады. Ал 36-минутта пенальти орындаған Андрия Филипович («Атырау») қақпашыдан айласын асыра алмады.

«Каспий»-«Ақсу» — 1:0

*   *   *

21-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 42 ұпай
  2. «Астана» (Астана) — 38 ұпай
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 38 ұпай
  4. «Қайрат» (Алматы) — 33 ұпай
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 32 ұпай
  6. «Шахтер» (Қарағанды) — 30 ұпай
  7. «Каспий» (Ақтау) — 29 ұпай
  8. «Атырау» (Атырау) — 28 ұпай
  9. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 26 ұпай
  10. «Тараз» (Тараз) — 25 ұпай
  11. «Тұран» (Түркістан) — 23 ұпай
  12. «Қызылжар» (Петропавл) — 22 ұпай
  13. «Ақжайық» (Орал) — 21 ұпай
  14. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 18 ұпай

«Тұран» мен «Ақжайықтың» басқалардан бір кездесуі кем екендігін еске саламыз.

*   *

22-тур ойындары 8-9 қазан күндері өтеді.

8 қазан, сенбі

«Ақсу» — «Тобыл»

«Шахтер» — «Тұран»

«АҚТӨБЕ» — «КАСПИЙ»

«Мақтаарал» — «Ақжайық»

9 қазан, жексенбі

«Астана» — «Ордабасы»

«Тараз» — «Қызылжар»

«Атырау» — «Қайрат»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button