Спорт

Юсуптың жолдамасы

Күрес

Жерлесіміз, еркін күрестен ұлттық құраманың мүшесі Юсуп Батырмырзаев Париж Олимпиадасына жолдама алды.

ХХХІІІ Жазғы Олимпиада 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетіні белгілі. Қазақстандық спортшылар қазірге дейін бұл Ойындарға 43 жолдамаға қол жеткізіп отыр. Олардың ішінде 19 сәуір күні Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен іріктеу турнирінде еркін күрес шеберлері — Юсуп Батырмырзаев (125 кг) пен Әлішер Ерғали (97 кг) Олимпиада жолдамасын жеңіп алды.

Іріктеу турнирі өте-мөте жоғары бәсекелестік жағдайда өткенін айта кету керек. Бір жағынан, Қырғызстанның өз күрес мектебінің де деңгейі жоғары, сондай-ақ күрестен мықты мектебі жоқ араб елдері де қазір Ресейдің Дағыстан Республикасынан легионерлер шақырып, олар әлемдік деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүр. Сондықтан Юсупқа бұл жолдама оңайға түспегені айтпасақ та түсінікті. Жолдама тағдыры шешілген жартылай финалдық белдесуде ол Бахрейн атынан шыққан дағыстандық балуан, 2020 жылғы Әлем кубогының иегері Шәміл Шариповты 7-3 есебімен жеңді.

Айта кетейік, Юсуп та Дағыстан күрес мектебінің түлегі. Алайда 2013 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында, оның ішінде біздің облыстың атынан өнер көрсетіп жүр.Юсуп — әзірге ақтөбеліктер арасында Олимпиада жолдамасына қол жеткізген жалғыз спортшы.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button