Жолдар жаңарды
Қала
Жоспар бойынша Тәуелсіздік даңғылы 8 жолаққа дейін, ал М.Шоқай көшесінің автожолы 6 жолаққа дейін кеңеймек.
«Ассана-ДорСтрой» ЖШС өкілдері балалар мен олардың ата-анасына аталған учаскеде орналасқан мектепке баруды қиындатпау үшін оқу жылы басталғанға дейін М.Шоқай көшесі мен Тәуелсіздік даңғылында Ә.Молдағұлова даңғылынан
М.Шоқай көшесіне дейін қозғалысты ашу бойынша міндеттеме орындалатынына уәде етті. Аталған жаңарту жұмыстары алдағы жылы толық аяқталмақ. Жобада жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру қарастырылған.
— Тәуелсіздік даңғылының бойында Молдағұлова даңғылынан Мұстафа Шоқай көшесіне дейін асфальт төселді. Қазір жарықтандыру тіректері мен кабель төсеу жұмыстары жүргізілуде. 4 жолақ Ораз Тәтеұлы көшесіне дейін аяқталды. Енді Мұстафа Шоқай көшесіне дейін жол ашылады. Одан әрі Халел Досмұхамедов көшесіне дейінгі жоспарлы жұмыстар жүргізілетін болады. Сонымен қатар Мұстафа Шоқай көшесінде Тәуелсіздік даңғылынан Сәңкібай батыр даңғылына дейінгі жұмыстар жалғасады, — деді учаске басшысы Бақытжан Ізтілеуов.
Өз кезегінде атқарушы билік өкілдері құзырлы органдарға жұмыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Қалаға іргелес орналасқан Украинка ауылындағы Наурыз, Шапағат және Табиғат көшелерінің жалпы ұзындығы 1,6 шақырым жолдары да күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Мұнда жаяу жүргіншілер жолын салу мен көшелерді жарықтандыру, автобус аялдамаларын орнату және жоспарланған. «Асфальт төсеу жұмыстары қыркүйек айының ортасында бастаймыз», — деді «DEN-Group Plus» ЖШС басшысы Асқар Нұртазин.
Айәли АЙБЕК.